Жас таланттар бақ сынасты
Павлодар қаласында өткен сурет көрмесінде 500-ге жуық жас талант өз туындыларын көрермен назарына ұсынды.
Балғын шеберлердің туындылары да әртүрлі жанрды қамтыған. Жас суретшілер тоқу, тігу, ағаш кесу және металмен жұмыс жасау арқылы көркем шығармалар жасаған. Мықты мамандардан құралған қазылар алқасына үздіктерді анықтау оңайға түскен жоқ. Дегенмен байқау түрінде өткен көрмеде жас талапкерлердің барлығы да сый-сияпатсыз қалмады.
«Ағаш, металл және керамика бұйымдарын көркемдеп өңдеу» аталымында бірінші орынды Лебяжі ауданының оқушылары Асхат Жұмаш пен Ернар Егеубаев жеңіп алды. Павлодар облысы №39 мектеп 5-сынып оқушыларының «Сәндік-қолданбалы өнердің ғажайып түрлері» аталымындағы ұжымдық жұмысы ең үздік деп бағаланды.
Мұнымен қатар Павлодарда жас өнерпаздардың «Күншуақ» байқауы өткізілді. Байқаудың бас жүлдесі «Кереку» қазақ халық аспаптары ансамблі ұжымына бұйырды. Бірінші орын «Ұлар» домбырашылар және «Самұрық» қобызшылар ансамбліне берілді. «Күншуақ» фестивалінде Қазақстанның барлық облыстарынан 200-ден астам орындаушы қатысты. Орындаушылардың шеберлігін өнер қайраткерлері мен біліктілі жоғары мамандар бағалады. Жас таланттар өздерінің жеңістерін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады.