«Жас толқын» оқырманмен қауышпақ
14 қараша күні сағат 11:00-де Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Жалын» баспасынан «Жас толқын» сериясымен жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесері өтеді.
Жиырмадан астам авторды қамтитын бұл серия поэзия мен проза жанрындағы шығармаларды арқау еткен. Биыл жарық көріп отырған кітаптардың көлемі – алты мен 20 баспа табақ аралығында. Жас қаламгерлердің басым бөлігінің кітаптары тұңғыш рет баспа бетін көріп отыр.
Қазіргі қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосатын жаңа көркем әдебиет туындыларының тұсаукесеріне жаңа жинақтардың авторлары мен белгілі әдебиетшілер, қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жалпы кітапсүйер оқырмандар қатыспақ.
«Жалын» баспасы» «Жас толқын» сериясымен шығатын кітаптарды 2008 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының ұсыныс-рецензиясын негізге ала отырып, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жүзеге асыруда. Тұсаукесер рәсімі барысында жаңа шығармалар туралы шолу-баяндама жасалып, жас ақын-жазушылармен пікіралмасу өткізіледі.
«Жалын» баспасы