«Жас ұлан» жалпыхалықтық ұйым бола ала ма?
Жазғы демалыс аяқтала салысымен еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында бір ерекше қарбалас басталайын деп тұр. Себебі жақында ғана «Жас ұлан» деп аталатын бірыңғай балалар мен жасөспірімдер бірлестігі тұсауын кескен еді.
Алғашқыда бұған «бұл не екен?» деп тосырқай қарағанымыз рас. Бақсақ, бұл сол баяғы «октябрят», «пионер», «комсомол» дегендердің осы заманғы үлгісі іспетті жасақталатын үлкен бірлестік екен. Әрине, кеңес заманында қызыл идеологияны жан-жақты насихаттау үшін құрылған әлгіндей ұйым, жасақтардың арнайы бағыт-бағдары мен нақты мақсаттары болды. Ол сол социалистік қоғамда өзін-өзі ақтады да. Әлбетте, біз сол баяғы «пионерлік» бағытты басыбайлы көшіріп алмасақ та, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін ұлттық идеологиялық негіздегі құрылымдарды Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ дүниеге әкелуіміз керек еді. Десек те, «ештен кеш жақсы» деген қағиданы жақсы көретін қазақ қоғамы жастардың саясатын оңтайландыруды жаңа-жаңа қолға ала бастағандай. Алайда болашақта барлық қазақстандық балалар мен жасөспірімдерді қамтитын «Жас ұлан» бірлестігінің әлі де болса, пісіп-жетілген нақты бағдарламасының нобайын көре алып отырған жоқпыз. Жалпы, бұрынғы кеңес тұсындағыдай пионерлік ұйымдарға ұқсас бірлестіктер құру идеясы баспасөзде де, биік мінбелерде де соңғы кезде жиі айтыла бастаған еді. Бірақ айтылған сөз сөз күйінде ғана қалып келді. Үстіміздегі жылдың 11 ақпан күні өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін «Жас ұлан» бірыңғай қозғалысы және «Жас қыран» балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру керектігін айрықша атап өтіп, нақты ұсыныстар жасаған болатын.
Арада көп уақыт өтпей, Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында биылғы жылдың 6 шілдесінде «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының кеңсесінде елімізде бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылатындығы туралы» баспасөз-брифингі өткені мәлім. Аталған жиын барысында жаңа бірлестіктің құрылуына «Жас Отан» Жастар қанаты, «Жас жігер» және «Ровесник» педагогикалық жасақ, балалар мен жасөспірімдер ұйымдары көшбасшыларынан, «Назарбаев университеті» студенттерінен құралған бастамашыл топ мүшелері «Жас ұланның» негізгі мақсаттары мен міндеттерін ауызша айтып, таныстырғандай болды. Бастамашыл топтағылардың айтуынша, бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының басты міндеттері:
• Білім саласында жұмыс жасайтын қоғамдық бірлестіктер мен мекемелердің бірыңғай тәрбие беру кеңістігінде Қазақстанның балалар қозғалысының үндестігін құру.
• Тәрбие беру саласының күрделі мәселелері мен оңтайлы тәрбие беру жұмысының жүйелі мониторингін жүргізу.
• Аталған балалар мен жасөспірімдер ұйымның жарғысында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді орындау, ұйымның педагогикалық кадрларын дайындау және қайта даярлау, тәрбие жұмысына әдістемелік инновацияларды енгізу болып табылады.
Осы ұйымда тәрбие беру үрдісінің үзіліссіз болуын қамтамасыз ету мақсатында ұйым құрылымы екі деңгейлі етіп алынған.
Бірінші деңгей – 1-4 сынып оқушылары (6-10 жас аралығы) «Жас қыран» қатарына;
Екінші деңгей – 5-10 сынып оқушылары (11-16 жас аралығы) «Жас ұлан» қатарына алынбақ.
Бір қарағанда, бұл жаңа ұйымның бастапқы қадамдары мен мақсат-міндеттері айқын сияқты. Дей тұрғанмен де, көптің көкейінде «жаңа құрылатын «Жас қыран» елдегі көшбасшы партияның ғана қанатының астындағы кезекті бір ұйымдардың біріне айналып кетпей ме?» деген де сауал жоқ емес. Мысалы, баяғы «пионер», «комсомолдар» бір ғана коммунистік партияның соңынан ерді. Біздің айтпағымыз, Тәуелсіз Қазақстанда жасөспірімдерді жұмылдырған қандай да бір бірлестік пен ұйым болса да, ол жалпыхалықтық сипатта, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделуі шарт. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жаңа бірлестіктің нақты бағыты мен идеологиялық мақсаттары, жалпы бағдарламасы баспасөзде толыққанды талқыға түсіп көрген жоқ. Айтылды – қабылданды! Бірақ аса бір дайындықсыз, ақылдаспай қолға алынған шаруа алдағы уақытта сыр беріп қоймай ма? Күні ертең мектептер мен жоғары оқу орындарына «Жас ұлан» мен «Жас қыранды» жасақтаңдар» деп жедел тапсырма беріле қалғанда, бірлестікке тартылатын жасөспірімдерге ұсына қоятын қандай дүниелеріміз бар? Бірлестік құрылған екен, енді алдымен соның мақсат-мүддесін таратып, түсіндіріп беретін арнайы үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілуі шарт емес пе? Керек десеңіз, жоғары жақтағылар әлдеқашан мақұлдап қойған бұл бірлестіктің әлі атрибуткалары жасалынбаған. Бірлестікке мүше болған жасөспірімдер кімдерді ұлттық идеал тұтатын болады, кімдерге қарап бой түзейді, қай тілде ойлап, қай тілде сөйлейтін болады? Ол жастардың мақтан тұтып, құрметтейтін ұйымдық рәміздері қандай болмақ? Бірлестіктерге мүше болуға ниетті балаларға қандай талаптар қойылады, әлде жасөспірімдерді оған міндеттеп кіргізе ме? Көкейді түрткен мәселе көп-ақ. Бұл бағыттағы бастамашыл идеялар еліміздегі жастар саясатына қаншалықты серпін бере алады? Мұның бәрі – ойландырмай қоймайтын сауалдар.
Осыдан бірер күн бұрын ғана бастамашыл топтағылар «Жас ұлан» мен «Жас қыранның» белгілері бола алатын логотип, төсбелгі және галстуктің үлгілеріне жаңадан байқау жариялады. Айрықша сипаттамасы әлі анықталмаған бірлестік қазақстандық балаларды қаншалықты ұлттық тәрбиеге бағыттай алатынын алдағы уақыт көрсетеді. Біздікі – «басталған іс берекелі болсын» деген ізгі тілек қана.
Мұхамедрахым ҚҰРСАБАЕВ, педагогика ғылымының кандидаты:
– Қазақстанда 1991 жылға дейінгі мектептегi оқушылар ұйымындағы тәрбие жұмыстары бұрынғы кеңестік дәуірдегі пионер ұйымдарының iс-тәжiрибелерi мен партиялық идеология тұрғысынан жүргізілді. Оның негізгі себептерінің бірі – оқушылар ұйымындағы тәрбие жұмыстарының коммунистік идеологияға және авторитарлық-педагогикалық саясатқа бейімделе жүргізілгендігінен туындаған еді. Бертін келе, мектептегі тәрбие жұмысы – жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетке сүйенген, халықтық-демократиялық принципке негізделген жаңа тәрбие моделінің қажеттілігін туындатты. Алайда бұл мәселе бойынша бүгінгі күн талабы тұрғысынан жан-жақты зерттеген ғылыми-педагогикалық еңбектер жеткіліксіз. Бізде ұлттық тәрбие мәселелерi жеке сала бойынша (экологиялық, эстетикалық, адамгершiлiк, патриоттық, экономикалық т.б) зерделенгенімен, оны оқушылар ұйымы арқылы ұйымдастырудың жүйелi әдiстемелерi толығынан айқындалмаған.
Бағдат МӘЖИТҰЛЫ, балалар жазушысы, «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары:
– Еліміз бойынша «Жас ұлан», «Жас қыран» бірлестіктері құрылғалы жатқанынан жасөспірімдердің өзі хабарсыз. Себебі бізде бір ұсыныс айтылса, соның толық жобасын дұрыстап алмай, көп дүние асығыс істелетіні жасырын емес. Бізге бұрынғы пионерлер ұйымы сияқты бір бірлестіктің керек екені рас. Осының алдында елімізде «Болашақ», «Мың бала» деген атпен жасөспірімдердің бірнеше бірлестік, қозғалыстары құрылған болатын. Бірақ олардың ешқайсысы жалпыхалықтық деңгейде жастар саясатының сатылап өсуіне айтарлықтай ықпал ете қоймады. Меніңше, біздің елімізде балаларға арналған түрлі жобалар тым күрделі әрі саясиланып кеткен. Ал «Жас ұлан» бірлестігін құрушылар балалардың өздерімен пікірлесіп, оларға не керек екеніне көз жеткізіп көрді ме екен? Балалардың да пікірін ескеру керек қой. Сонымен қатар осы бірлестіктің жұмысын жүргізу ертең мұғалімдердің иығына салмақ болып түсетіні анық. Ал бірлестіктің бағдарламасы бойынша ұстаздарға арналған әдістемелік құралдары да жоқ шығар...