Жас ұрпақ кітаптан неге қол үзді?
Өскелең ұрпақтың кітап оқымайтыны мені қатты алаңдатады. Әрине, қазір ғаламтор арқылы ақпараттар ағыны толассыз келіп жатқан заман. Өркениет жетістігін пайдаланғанымыз дұрыс-ақ. Бірақ сонымен қатар ақыл-ой азығынан, рухани байлықтан айырылып қалмауымыз керек.
Бір өкініштісі, қазіргі жастарымыздың көбі қазақтың классиктерін оқымайды, тіпті білмейді. Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді, Әзілхан Нұршайықовты, Шерхан Мұртазаны оқымайды. Біз солардың кітаптарынан сусындап өстік. Әлбетте, біздің кезіміздегідей болыңдар деп тұрған ешкім жоқ. Өйткені өмір тоқтап тұрмайды. Өскелең ұрпақ ұлттық қазынамыздан нәр алуы қажет. Жастардың патриоттық сезімі ұлттық құндылықтарын білу, дәріптеу арқылы оянады. Шерағаның «Қызыл жебесі», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романдары қай кезде де оқырмандарын баурап алады. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы қандай, шіркін! Естай мен Қорланның арасындағы махаббаттың құдіреттілігін жырлаған Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» поэмасын оқыған адамның жан-жүрегі тебіренбей тұрмайды. Студент шағымызда Әзілхан ағаның «Махаббат, қызық мол жылдарын» оқыған әрбір адам кітаптан өз бейнесін көргендей болатын. Біздің жастар осындай шығармаларды оқуы керек деп ойлаймын.
Мектептерде «Абай күндері», «Пушкин оқулары», «Мұқағали апталығы» өтетіні дәстүрге айналған. Мүмкін, алдағы уақытта мектептерде Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин, Нұршайықов, Соқпақбаев, Мұртаза апталығын өткізуді қолға алу керек шығар? Мектепте оқыған кезімізде белгілі бір тақырыптарға пікірталастар өтіп тұрушы еді. Оған оқушылар арнайы дайындалатын. Мәселен, жазушының бір шығармасын алып, оның өміршеңдігін түсіндіріп, туындының тілі, көркемдік жағы, кейіпкерлерді сомдағаны туралы әр оқушы өз ойын айтып беретін еді. Сол шығармадан шағын көріністер қойылатын. Мұндай пікірталасқа барлық оқушы қатысып, шығарманы талдап, ойларын білдіруі өзге балалардың да ерекше қызығушылығын тудыратын.
Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романын алайық. Жазушы оны жан-дүниесімен, ішкі толғаныстарымен бірнеше том етіп жазып, тарихи оқиғаларды сөйлетті, небір көріністерді суреттеп берді. Ал енді осы шығарма желісі бойынша кино түсірілді. Мәселен, екі сағаттық «Көшпенділер» фильмін көре салып, кітаптың мазмұны солай екен деуге әсте болмайды.
Кітап оқу әр адамды ерте есейтеді, жан-жағына ойланып қарауға үйретеді. Сол кітаптардағы кейіпкерлерге ұқсап батыр болғысы келеді. Махаббат дастандарындағы жігіт пен қыздың сезімдеріне терең бойлап, өзі де ғашық болғысы келеді. Кітап – тәрбие құралы.
Қазір барлық ауылда кітапхана бар. Нарық заманының қиын кезеңінің өзінде кітапханаларды сақтап қалдық. Өкініштісі сол – кітаптарды барып оқитын оқырман аз. Соңғы жылдары кітап қорлары көбейіп келеді. Бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, классиктеріміздің еңбектері қайтадан том-том болып жарық көрді.
Бүгінгі жастар ертеңгі күні елдің тізгінін ұстайды. Өзінің құндылықтарын білмесе халыққа қалай ықпал етеді, шетелге шыққан кезде мемлекеті, халқы, елдің рухани байлығы туралы не деп жауап береді?
Әдетте, патриоттық тәрбие туралы жиі айтып жатамыз. Бірақ патриоттық сезімді сондай әдеби мәні терең туындылар қалыптастырады емес пе? Елді сүю, Отанды құрметтеу, патриоттық сезімдердің барлығы балаға жас кезінен берілуі тиіс. Осы орайда мектеп ұжымы мен ата-аналар нақты бастамалар көтергені жөн болар еді. Өйткені мектепте әдеби көркем шығармаларды оқымаған адам кейін оқып жарытпайды. Осы жағына біз идеологиялық тұрғыда жеткілікті мән бере алмай келе жатқан сияқтымыз. Үгіт-насихат жұмыстары кенжелеп қалды. Қанша қаржы бөліп жатсақ та, жастарымызда рухани байлық болмай, ішкі патриоттық сезімі оянбай, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін елдің келешегін қалыптастыруымыз өте қиын.
Осы мәселе төңірегінде сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?