«Жастар жырлайды» тележобасының бірінші маусымы өз мәресіне жетті

«Жастар жырлайды»  тележобасының  бірінші маусымы өз мәресіне жетті

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Хабар» арнасынан еліміздегі барлық аймақтан іріктеуден өткен 32 жас ақынның қатысуымен «Жастар жырлайды» атты тележоба қалың көрерменге жол тартқан еді. Жобаға 14 жас пен 23 жас аралығындағы ақындар қатысып, сүбелі ой мен адуынды жырдың арынын байқатып, сөзбен сарай салып, ақылмен Алашты ұйытар жастардың біразы жобадан жарқырап шықты.
Әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың дәуір­лерден қалған өркениетіне оралсақ, не бір айшықты өрнегі мен өлмес өнері болған. Десе де, ешбір халыққа тән емес ұлық өнер қазаққа ғана тән – айтыс өнері. Бүкіл табиғатына бірнеше өнерді ұйытқан ұлы өнеріміздің ғасырлар бойы сайын дала­мызда талайлаған сүлейлер мен сақи­ларды, жыраулар мен дүрлерді төріне шығарғанына халық куә.

                              Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Шежірелі өлкеміздің шешен тарихында ұрпақ сабақтастығы үзілмей, алашапқын кезеңдер мен қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қалаған бүгінгі заманға дейін айтыс халықтың санасынан өшкен емес. Ұрпақ сабақтастығы мен буын үндестігі үзілмей келе жатыр дейтін сөзіміздің дәлелі Тәуелсіздікпен құрдас жас ақындардың жыр сайысының халыққа жол тартуы. Айтысқа «дала демократиясы» деп баға берген екен даналар. Азаттықтың 20 жылдық мерейлі сәтінде Тәуелсіздікпен құрдас жас ақындардың аламаны тартысқа толы дүбірмен өз мәресіне жетті. Жоба барысын қорытындыласақ, аймақтарда тасада жүрген талай ақынның жұлдызы жанып, үлкен өнердің табалдырығын атта­ғанын байқаймыз. Ел арасында айтысты алалады деген пікір де бар. Бірақ төрде тұрған төл өнеріміз әркімнің шаужайында, біреудің тақымында кететін қолдан жасал­ған дүние емес. Айтыс ұлтқа тән және қазаққа ғана берілген бәсіре деп білуіміз керек.


Арман Сқабылұлы, жоба жетекшісі:
– Мен басы­лымдардан кей­бір кісілердің пі­кірін естіп қалып жүрмін. Айтысты неге бөліп-жа­ра­ды деген сияқты. Мен бұл пікір­лерге ешқашан келіспеймін. Біздің жоба, шынын айту керек, та­лай жастардың елге танылуына үлкен мүмкіндік жасады. Жастар айтысы міндетті түрде болуы керек. Кез кел­ген жас ақын бірден дайын болып, алқалы топқа түсе салмайды ғой, сондықтан «Жастар жырлайды» жобасы болашақ қазақтың мықты айтыскерлерін дайындап жатқан үлкен мектеп деп ойлаймын. Бұл жерде әсіресе жоба жүргізушілері – ақын Жа­нарбек Әшім­жан мен талантты әнші-ком­позитор Роза Әлқожаның еңбегінің зор болғандығын да атап өтуіміз керек.
Айтыстың таразысы – әділқазы. Жоба жүзеге асқан кезде халықтың sms арқылы дауыс беруімен жеңімпаздар анықталып отырды. Бұл әділдікке жақын әрі телевизиялық нұсқаның ең ұтымды түрі екені рас. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дегендей, sms арқылы дауыс берудің де екі ұдай пікір туғызғанын ашып айтқан жөн.
Жанарбек Әшімжан, жоба жүргізушісі:
– Тележобадағы sms дауыс берудің екіұдайлық жағын байқадық. Кейбір алыс аймақтардан келген ақындардың танысы аздары аз ұпай жинап жатты, ал кейбір деңгейі орташалау деп күткен ақындарымыз керісінше көп дауыс жинады. Бірақ бірнеше әділқазының шешіміне қарағанда sms дауыс беру әділ шығар, өйткені әртүрлі әлеуметтік топтар өз бағаларын жолдап жатты. Дауыс беру жағынан sms кейбір тұста өзін-өзі ақтады, кейде ақтамады-ау деп ойлаймын. Жалпы алғанда, жоба ойдағыдай жүзеге асты деуге болады.
«Жастар жырлайды» жобасының ал­ғашқы айналымында 32 ақыннан 16 ақын оза шауып алға шықты. Ақтық мәре жа­қындаған сайын доданың нағыз тартысқа толы аламанын байқадық. Осы­лайша, сегіз ақын ақтық сынға жолдама алып, 2011 жылдың 23 желтоқсанында Астана қаласында аламанның жекпе - жек айтысы өтті. Жоба барысында өз арынын байқатқан қостанайлық Тоба Өтепбаев, оралдық Мұрадым Мирланов, шымкенттік Қажымұқан Абзалов, Алматы облысының ақыны Алтынбек Ибрагимов, жамбылдық Қанат Мырзаханұлы және тағы басқа талантты ақындар үлкен додаға сүрінбей шығатын қарымы мықты, арыны ұтқыр ақын екендерін дәлелдеді.


Амангелді Сейітхан, жоба кеңесшісі:
– Бұл өзі айтыс деген кімнің қан­дай ақын екенін бірден көрсете салатын киелі өнер ғой. Жоба бары­сында осы жас ақын­дардың ара­сынан өздігінен та­ланттылары іріктеліп шыға келді. Талас жоқ, талай талантты жастар келді, айтысты. Бәрі де – сен тұр мен атайын дейтіндей қарымы бар ақындар. Мен ақындарға бағыт-бағдар беріп сөйлесіп, пікір­лескенімде бұлардың тазалығын, ба­лалығын, ешкімнің айтағына ермейтін еркін ұрпақтар екендігін бай­қадым. Бір ғана кемшілік, жас ақындар үлкен сахнаға шығып танылып жатыр ғой, сол тұста неге бұлар жаңа мақаммен, жаңа бір стильмен көрерменге танылмайды деп ойлаймын. Бұрынғы сарындар, бұ­рын­ғылар салып кеткен мақаммен шығып жатыр, осы жағынан ізденсе ақындардың мерейі артар еді.
Астанада өткен дүбірлі додаға түскен сегіз ақынның арасынан «Жастар жыр­лайды» жобасының бас жүлдесін Алматы облысының ақыны Алтынбек Ибрагимов жеңіп алды. Бірінші орынға жамбылдық Қанат Мырзаханұлы шықса, екінші орынды оралдық Мұрадым Мирланов қанжы­ғалады. Ал үшінші орынға шымкенттік Қажымұқан Абзалов табан тіреді. Ай­тыстың бағасын берген әділқазылар алқасының құрамында Мәдениет ми­нистрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құр­ман­байұлы, Байланыс және ақпарат министр­лігі Ақпарат және мұрағат комитеті төр­ағасының орынбасары Ербол Шай­мерденұлы және айтыскер ақын, мем­лекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Дәу­леткерей Кәпұлы, Еуразия ұлттық уни­верситетінің проректоры Дихан Қамза­бекұлы, танымал айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, жоба жетекшісі Арман Сқабыл­ұлы сынды қазылар төрелік етті. Айтыстың басқа да қатысушылары де­меушілердің қолдауымен қомақты сый-сияпаттармен марапатталды. Бұл айтыста ұту мен ұтылу емес, нағыз айтыс үшін, сөз өнері үшін жас ақындардың барын сал­ғанын байқауға болады. Жоба алдағы уақытта екінші маусымын шығаруға дайындық үстінде. Жобаның екінші мау­сымы өз жаңалығымен экранға жол тартпақ. Аймақтардан тағы да танылмаған жас ақындардың қатысуы көзделуде.
Ғасырлардың қойнауынан күні бүгінге дейін төрден түспей келе жатқан төл өнеріміздің бүгінгі өркениеттер заманында көштен қалмауы керек. Ұрпақ сабақтастығы мен өнер үндестігінің бір сабақ жібіне айналған жобаның екінші маусымын алдағы уақытта «Хабар» арнасынан та­машалаңыздар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста