Заттыбек Көпбосынұлы, әнші, сазгер: Сахнаға кеш шыққаныма өкінбеймін
– Оңтүстік жұрты өзіңізге «Тойдың королі» деген құрметті атақты әлдеқашан-ақ беріп қойған. Сіздің әніңізсіз бір той өтпейді. Әсіресе «Ақ маржансыз»... «Жұлдыз ауруына» шалдығып қалған жоқсыз ба?
– Расында көңілді әндерді көп жазамын. Той стилінде жазылған әндердің көп екенін де жасыра алмаймын енді. Оның үстіне тойға арнап жазып беріңіз деп өтініш айтатындар көп. Біразы тойдың қызметіне жарап та жатады. Ал жаппай жазғандарымның бәрі тойдың әні емес. Лирикалық, тақырыптық әндерім де бар. Бірақ көбіне тойға арналған әндерімнің тыңдармандары басымырақ. Әрі осы сарындағы әндерім тез танымал боп кетеді... Әркімнің пікірі, талғамы әртүрлі. Өзімді жұлдызбын деп есептемеймін де. Ол туралы халық айтсын. Қанша өзіңді жақсымын деп санасаң да, біреуге жақпай қаласың. Көптің көңілін табу деген, бәрінің жүрегінен орын алу деген мүмкін емес. «Жұлдызды ауруымен» ауырдым ба, ауырмадым ба білмеймін. Қолымнан келгенше қарапайым болуға тырысамын.
– Ең алғаш термемен танылдыңыз. «Ақ маржан» әні алғаш шыққанда әннің авторын да, орындаушысын де көпшілік көпке дейін біле алмай жүрді... Сахнаға кеш шықтым деп өкінбейсіз бе?
– Терме деген насихатқа толы керемет дүние ғой. Әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын құрал. Ия, термемен танылғаным рас. Эстрада жанрына бет бұруыма іштегі дүмпу дес бермеген болар. Әйтеуір тасада қалып кетпей, жұртшылыққа жағып жатқан жайымыз бар. Сахнаға кеш шыққаныма өкінбеймін. Көпшіліктің көңілінен шыққаныма ризамын. Бастысы осы шығар.
– Бұрын тойда тек өзбек әндеріне ғана билейтін. «Заттыбек шығыс әндерін тойдан қуып шықты» деген әңгіме де бар. Әндеріңіз билеуге жақсы әрине, тек кейбіреулері бірізділікке ұрынып, тым шығыстық стильдің «ауылына» қоныстанып алған жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Енді оны тойшыл қауым өзі екшеп алар. Шын жүректен шыққан шынайы әндер халықтың көңілінен орын алады, ондай әндердің ғұмыры ұзақ болады.
– Ауылда жүріп-ақ астананы мойындатуға болады. Өзіңіз шығармашылық орталық саналатын оңтүстік астанаға кетпеймін деп сұхбат беріп едіңіз кезінде. Айнып қалуыңызға не себеп?
– Алматыға барамын деуім алдын ала ұйымдастырған жоспарым емес. Алматыда шығармашылық концертімді берген кезде мен Шымкентте жүргем. Халықтың ықыласына бөлендім. Ол жақта мүмкіндік көбірек. Егер шығармашылықпен айналысамын, халыққа берерім көп әлі деген өнер адамдарына Алматыда кеңшілік. Оңтүстік әрине, топырағының киелілігінен болар осы өңірден өнерпаздар көптеп шығады. Оны өзге өңірдегілер де мойындап жатады. Бір кезде берген сұхбатымда солай деп айтақынымды мойындаймын. Бірақ мүмкіншілікті пайдалану керек қой. Республиикалық деңгейде жұмыс істеу үшін көп мүмкіндік бар. Аймақта жүріп телеарналарға шығу мүмкіндігі аз.
– Ең танымал әніңіздің клипі солғын шыққан секілді...
– «Ақ маржанға» қайта клип түсірудің керегі жоқ сияқты. Халық онсыз да қабылдады ғой ол әнді. Енді облыстық телеарнаға шыққан ол негізі клип емес. Оны «Жебе» киностудиясы жаңа жылға арналған бір бағдарламаға түсірген болатын. Ол кезде әннің бағының олай жанып кететінін де білген жоқпын. Режиссердің айтуы бойынша екі сағаттың ішінде түсіріле салған дүние болатын. Жай ғана әуесқой түсірілім.
– Өнер адамдардың басым көпшілігі қаражаяу емес. Әнші Атхамбек Юлдашевтің ұрпақ тәрбиесіне арнап түсірген бірнеше кинолары бар. Ұлттық идея үшін, ұрпақ тәрбиесіне байланысты ұлттық бағытта қандай да бір дүние қалдыру ойыңызда бар ма?
– Әркім көрпесіне қарай көсіліп, шамасына қарай шабуы тиіс. Егер мен режиссер болатын болсам қазақты танытатын кино түсірер едім. Ұлттық менталитетті, ұлттық болмысты насихаттайтын үлгі алататындай кино жасаған болар ем. Аса бай болып, асып-тасып жататын болсам сондай режиссерді тауып демеуші болар едім. Алдағыны Алла біледі дейді, несібеміз артып жатса ұлтымыз үшін не жасасақ та жарасады. Мен осыны істеймін деп уәде беру ол артықшылық. Қолымнан келіп жатса жасауға тырысамын.
– Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?
– Аса баймын деп айта алмаймын. Рухани тұрғыдан бай шығармын. Тапқанымды өнеріме жұмсаймын, бауырларыма, ағайыныма жұмсаймын. Ауылыма жұмсаймын.
– Ауылыңыз үшін не істедіңіз?
– Ауыл үшін істейтін нәрселер көп. Мынадай іс тындырдым деп ауыз толытырып айта алмаймын. Ауыз су, мәдениет ошағы, мектеп бар. Жағдайым келіп жатса жәрдем жасар едім.
– Өнер адамдарында нағыз шарықтайтын кезі болады. Құлдырайтын, шығармашылық тоқырауға ұшырайтын кезі болады. Жасыңыз келгенде не істейсіз?
– Мен алдағыны болжағанды ұнатпаймын. Адамда ішкі мақсат, арман болуы керек. Болашағымды елестете алмаймын. Жасым келгенде де шығармашылық жолдан ауытқымайтын шығармын. Ақшамыз көбейіп, байып кетіп жатсақ бір бизнестің тұтқасынан ұстауға болатын шығар. Ішкі мақсаттарым бар. Ол ішін талмай жұмыс ітеу керек қой.
– Хит әндеріңіз көп. Кейбірін басқа әншілер орындап шықты. Кейіннен соны өзіңіз қайталап айтып жүрсіз. Халық қабылдамай қояды деп ойламайсыз ба?
– Дұрыс емес деп санаса ренжімеймін. «Жаным» деген әнімді Дінмұхаммед пен Дананың орындауында жақсы қабылдады. Жүректеріне жақын тұтты. Олар авторлық құқымды пайдаланды әрине. Ол ән солардың орындауында танымал болды. Бекер қайталап айтқан ғой десе өкпелемеймін. Айтпай-ақ қоя саламын.
– Тек өз әндеріңізді ғана емес, басқа авторлардың да әндерін орындап жүрсіз. Бірақ сол жаңа әндердің авторлары мәселен «Нартәуекел» атты әніңізді 6 ай өткенде жаздырды деп авторлар ренжіп жатады...
– Авторларға кейде түсінбеймін. Әнді береді де бір аптадан кейін мазалай бастайды. Оранжировщикке де байланысты. Тың идея керек. Әннің танымал болуы көбіне сол ән өңдеушілерге де байланысты. Жаңа көркемдеу керек дегендей. Ән қай кезде халықтың ықыласына бөленеді, әнші, ән өңдеуші, әннің мәтіні бір-біріне үндессе ғана дұрыс дүние шығады. Кейде осылай жақсы шығуы үшін кешігіп жатады. Өзгенің емес, өз әндерім де кейде бір жылдан кейін жарыққа шығып жатады. Әр нәрсенің өзінің уақыты болады.
– Өзіңізді биікке көтерілуіңізге көмек қолын созған демеушілер болды ма?
– Демеушінің де демеушісі бар. Кейбіреулер өнерге шын жанашырлықпен, құрметпен демеу жасайды. Ондайларға Аллланың нұры жаусын деймін. Ал кейбіреулер өз мақсатына пайдалану үшін, той томалағында қызмет ету үшін, мақтаныш үшін демеушілік жасайды. Ол әрине өзінің пайдасы үшін ғана.
– Әншілеріміздің көбісі әндерін Ташкенте жаздырады. Өзіңіз қайда жаздырасыз?
– Өз басым өзге елде бірде-бір әнімді жаздырған емеспін. Бәрі де отандық өнім деуге болады.
– Клиптеріңіз аз ғой...
– Бірде-бір клипі жоқ әншілер де бар ғой. Бір екі әніме түсіріп үлгердім. Оның да өзінің көрермендері табылды. Оған да шүкір. Алматыға барғаныма да аз ғана уақыт болды. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Сапалы бейнебаян түсірсек деген жоспар бар.
– Қазақ эстрадасының жанды жері қайсы деп ойлайсыз. Нағыз таланттар тасада қалып, жылтырақ жұлдыздар алға шығып кеткен жоқ па?
– Дұрыс сұрақ. «Кәпір болу бір пәсте, мұсылман болу әсте әсте» дейді ғой. Қазақ эстрдасы мүлде ақсап қалған кездері болды. Енді аяғынан тұрып келе жатыр. Қазір шүкіршілік деуге болады. Жұртшылық әншілер жанды дауысқа көшсе кімнің қандай әнші екені білініп қалар еді дейді. Ондай болса әркім өз бағынан көреді. Оған көшіп жатса мен қарсы емеспін.
– Өзіңіз өлең жазбайсыз ба?
– Мен ақын емеспін. Бірақ төрт шумақ құрау қай қазақтың қолынан келмейді. Ондай арқа бізде де бар. Нұрлан Ташовтың әніне жазылған «Елігім еркем» деген әннің ғана сөзін жазғам. Негізі мен мәтінге қарап ән жазамын.
– Әндеріңіз қанша тұрады?
– Әндерімді сатқан емеспін. Рахметіміз болсын десе ол еңбегімді бағалағаны шығар. Мен мынанша тұрады деп еңбегімді сатқан емеспін.
– Тойға қанша сұрайсыз?
– Азаматтардың мырзалығына байланысты. Кейде тегін де барамыз...