Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды
Алматыда классик жазушы Әзілхан Нұршайықовтың құрметіне Құрманғазы көшесі №90 үйдің сыртына мемориалды тақта орнатылды. Жазушы осы үйде құдай қосқан жары Халима анамен 26 жыл өмір сүріп, 2 ұл және 2 қыз сүйген.
«Әз-аға - нағыз халық жазушысы еді. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқының рухани тұтастығына, тәуелсіздік тұғырының берік болуына арнаған. Қаламгер азаттық дейтін киелі ұғымның қадіріне жетіп, қаламын қолынан тастамай, соңғы демі біткенше халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп өтті. Елбасымыздың саясатына үнемі қолдау білдіріп отырды. Әзілхан Нұршайықовтың өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол шығармалары халқымыздың жадында мәңгілік қалары сөзсіз. Әз-ағаның туған-туыстарына, отбасына амандық-саулық, береке-бірлік тілеймін!», - деді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.
Ескерткіш тақтасының ашылу құрметіне ұйымдастырылған жиынға қаламгердің ұлы Арнұр мен жиені Дина Жансағымова қатысты. Жазушының жақындары мен замандастары ол туралы естеліктерімен бөлісті.
Ел басына күн туған ауыр кезеңде қолына қару алып, елі мен жерін жаудан қорғаған, бейбіт заманға аяқ басқанда, қаруын қарымды қаламға айырбастап, еңбек пен ерлікті, махаббат пен достықты жырлаған классик жазушы Әзілхан Нұршайықов еді. Соғыстан кейін Әзілхан аға Алматыға келеді. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп шығады. Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірттерінің бірі болады.
Классик жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» романы халқымыздың ең сүйіп оқитын кітаптарының біріне айналды. 1970 жылы алғаш жарық көргеннен бері бұл шығарма 10 рет қайтадан басылып шығады. Ал аты аңызға айналған қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының ғұмырынан алынған «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясы үшін Әзілхан Нұршайықовқа Мемлекеттік сыйлық беріледі.
Әз-ағаның қажырлы еңбегі Елбасы мен Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Отан», ІІ дәрежелі «Даңқ», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және тағы басқа көптеген медальдармен марапатталды.
Қазақстан халық жазушысы Ә.Нұршайықов 89-ға қараған жасында көз жұмды.
inform.kz