Зейнолла Оразұлына Арнау
Желмен бірге еседі маздаған мұң,
Қойнауынан қабір мен қазбалардың.
Тірі ғасыр тіл сұрап телміреді,
Төккісі кеп тариxын наз ғаламның.
Сүр сорпасын сапырып жазбалардың,
Сыбызғы үні сыңсиды саз даламның.
Жиенбайдың мекені жырға оранып,
Қыл қобызы Қорқыттың сарнаған күн.
Бетпақ дала бусанып боздаған күн,
Қарақұмда ақ бөкен қоздаған күн.
Атам жатқан маңайдан естіледі,
Терең, ауыр тынысы түз даламның.
Нар-інгенді ботасы ембеген күн,
Қармақшының шырағы сөнбеген күн.
Жұртты жырмен шайқаған шайырлардың,
Өз мақамы ырқына көнбеген күн.
Киелі өңір түлейді жанталаста,
Тебіренбей текті жыр тарқамас та,
Атам жайлы жазамын арқаланып,
Аманатын қалдырған алты алашқа
Отыз бес жыл жоқ болдың арамызда,
Отыз бес жыл толыпты балаңызға,
Сен жасаған, сен айтқан, сен есіткен,
Осы күнде айналды-ау бәрі аңызға.
Досқа адал, дұшпаннан құның артық,
Қолың ашық жомартсың, құбылаң құт.
Бет жүзіне қарамай тіліп өтер
Шындық айтқан шырылдап тілің артық.
Батырға тән болыпты аңқаулығың,
Жетпегенге жең берген - мәрт-ау мұның.
Жанған шығар жетімдік жігеріңді,
Жетімектің тілепсің жан саулығын.
Зор дауысың шыққанда аспандатып,
«Зекең келед» деп білген, алшаң басып.
Алтындардың ұрпағы ұлық еткен,
Ата сенің өнегең қашан да құт!
Шаршы топта сөзбастар шешен болдың,
Көнелердің кітабын көсем көрдің,
Көзден кетіп жер сипап жұртың қалды,
Қарашы деп, жоқтығын Зекеңдердің.
Кетпесін деп жүргенде қазақ құрып,
Боскеуделер танытты оғаш қылық.
Жетім менен жесірді жылатпадың,
Сауап үшін төріңе қонақ қылып.
Пана іздеп саяңнан жатқан бәрі.
Абыз болдың руыңа ақ таңбалы,
Сауатыңды сарқыдың ізгілікке,
Жазылмаған артыңда дастан қалды.
Болмысыңда бірлік пен қайыр басым,
Ұрпағыңа сауабы қайырласын.
Көп тілеген дөп дұға қабыл болып,
Иманыңнан Тәңірім айырмасын.
Нұрділдә Ораз.