«Желтоқсан әндері» бір таспаға топтастырылмақ
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда шырқалған әндер мен желтоқсанды жырлаған әндер жинағын жарыққа шығарғалы отыр.
Желтоқсан – халқымыздың тарихындағы бәріміз ұмытпауға тиісті ұлы құбылыс. Бүгінге дейін Желтоқсан секілді ұлы құбылыстың егжей-тегжейін түгел зерттеп, толығымен ашып көрсете алмай жүргеніміз анық. Осы ретте «Желтоқсан әндері» жинағының құндылығы – сол құбылысқа бойлауға мүмкіндік беретіндігінде.
Азаттық, отаншылдық, ұлтты сүю секілді киелі ұғымдардың сүбелі жалғасы іспетті «Желтоқсан әндерінің» ән жинағы – қазақ халқының, азаттықсүйгіш барша адамзат баласының еркіндікке ұмтылған аңсарына деген ескерткіш секілді. Бұл әндер – 1986 жылғы желтоқсанда бұлқынған жастардың жүрек қағысы, сонау азатшыл ұлық бастаманың жалғастырушысы, жанашыр жылнамашысы болмақ.
Жарық көргелі отырған «Желтоқсан әндерінің» дискісіне кезінде желтоқсан алаңында шырқалған «Менің Қазақстаным», бүгінде еліміздің әнұранына айналған Қазақстан Республикасының әнұранынан бастап, «Атамекен», «Желтоқсан тағылымы», «Желтоқсан желі», «Бостандықтың бойтұмары – желтоқсан», «Қара бауыр қасқалдақ», «Желтоқсан маршы» және «Желтоқсан жастары маршы» сынды желтоқсан көтерілісіне арналған әндерді енгізу көзделіп отыр.
«Желтоқсан әндері» дискісі Парламент Мәжілісінің депутаты, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Нұртай Сабильяновтың алғы сөзімен жарық көрмек.