Жерар Депардье қазақ әйеліне үйленді
Кино әлемінде есімі алтын әріптермен жазылған әйгілі француз актері Жерар Депардьенің Қазақстанға ат басын тірегеніне соның ішінде Түлкібастағы Машат шатқалында фильмге түсіп жатқанынан ел құлағдар болып үлгерген. Бұл – әлемдік киножұлдыздың елімізге екінші рет келуі. Алғашқы сапарында әйгілі актер қазақстандық киноға түсу ойында барын айтып кеткен-ді.
Содан бері өнер сахнасында жүрген талай дүлдүл француз киножұлдызымен түсіру алаңында бірге жұмыс істегенді армандаған да шығар-ау. Бірақ таңдау өнер ордасы Алматыда емес, Шымкентте жүрген қарапайым қазақтың қызына түсті. Ол қалың жұртшылыққа анау айтқан танымал да емес. Жергілікті театрдың қатардағы актрисасы. «Жерар Депардьемен бірге киноға тусу былай тұрсын әйелінің рөлін ойнау үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Тіпті армандаған да емеспін. Бәрі біртүрлі «қызық» басталды.», – дейді Жұмат Шанин атындағы музыкалық қазақ драма театрының әртісі Бибігүл Мадалиева әңгіме арасында.
– Қалай?
– Көктемде «Қазақфильм» киностудиясы келіп, театрда фототаңдау жүргізді. Сол күні спектакль қойылатын болып, асығып жұмысқа жеткенмін. Фойеде бір топ адам тұр екен. «Жылдам келіңіз, суретке түсіреміз, киноға шақырылуыңыз мүмкін» деді. Мен іштей сеніңкіремедім. Өйткені «Қазақфильмнің» келуі бірінші рет емес. Талай рет осылай деп фотосуреттерімізді әкеткен. «Бір-екі минутқа ештеңеңіз кетпес» деп қолқалап қоймаған соң, құлықсыз суретке түсе салдым. Кейін фототаңдаудан өткенімді, енді бейнетаңдауға шақырылатынымды ескертті. Ол жолы да сенбедім. Көп өтпей Түлкібаста түсірілім басталатынын, мен ол жерде бармен әйелдің рөлін ойнайтынымды айтты. Неге екенін білмеймін, селт ете қоймадым. Уақыт жақындағанда бармен әйел емес, Георгийдің рөліндегі Жерар Депардьенің әйелі болып ойнайтыным белгілі болды.
Бірінші қыркүйек күні түсірілім басталады деген кезде, киноға түсе алмайтынымды айтып бас тарттым. Себебі анам қатты науқастанып жатыр еді. Қасында болсам деп ойладым. Бірақ телефонға үздіксіз хабарласып, таңдау бекітіліп қойғанын, енді келіспеудің жөні жоқ екенін қайта-қайта айтып жатты. Бір жағы ыңғайсыздандым, себебі сценарийде мен түсетін әйелдің күйеуінің арқасын ысатын, массаж жасайтын тұстары бар екен. Бұл жағы қалай болады деп жүргенмін. Ойымды түсінген болу керек, режиссерлер «алаңдама, ашық-шашық жүретін кадр болмайды, киіммен түсесің, сенің оның не, басқалар ақша ұсынып, түсе алмай жүр» деп күлді.
– Фильмнің аты қазақшалағанда «Кешіккен махаббат» дегенге келеді. Желісі сізге мәлім ғой, айта отырсаңыз?
– Ал фильмнің қысқаша желісіне келсек, бала кезден бірге келе жатқан үш достың басындағы хикая туралы. Басты рөлде Нұржұман Ықтымбаев ойнайды. Сол үш достың бірінің әйелі қайтыс болып, достары бірігіп, соған жар іздейді. Үш достың бірі Георгий (Жерар Депардье). Қазақстанда туып-өскен жергілікті неміс, қандастары елден жаппай көшіп жатқанда ол да Германияға кетеді. Бірақ жерсінбей қайтып келеді екен. Әйелі қазақ болады. Мен сол Қатираны бейнеледім. Экранда бастан-аяқ көрінбеймін. Қарапайым үй шаруасындағы қазақ әйелінің біріне жатқызған, ол кісімен екеуара диалог та жоқ. Себебі сценарийде жазылғандай кино үш достың бірінің жастық шақтағы махаббатын жолықтыратыны жайлы, яғни Георгий мен Қатира туралы емес қой.
– Дегенмен режиссер Сергей Әзімов сценарийді Жерарға арнап жазған екен...
– Иә, Алматыда өтетін «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліне алғаш келгенде ұсыныс жасаған дейді. Ол сценарий ұнаса, келіп түсемін деп уәде еткен екен. Шамасы, көңілінен шыққан болуы керек, әрі Жерар Депардьенің өзінің де Қазақстанда киноға түсу ниеті бұрыннан бар екенін сол жерде естідім.
– Қанша дегенмен театр мен кино екі бөлек жанр. Бірден экранға шығу қиын соққан жоқ па?
– Менің образым қиын болмаса да, қиын тиіп жатты. Мәселен, кадрда үнсіз қалатын жерің бар, соның өзін келтіру оңай емес. Қашан мимикаң келгенше, қайталап түсіре береді. Кейде театр тілімен кетіп қаласың, ал кинода шынайы дауыс, күнделікті өмірдегі шынайы қалып болуы керек. Қайта қасымдағы әріптесім тәжірибелі актер болған соң, образға тез еніп кетіп отырдым. Кино жалпы қазақ тілінде түсірілді.Әріптесің өзге тілді болған соң оңай емес. Тілін түсінбейсің. Қимылын бағып отыруға тура келеді, осындай қиындықтарға қарамастан, тіл табыса алдық деп ойлаймын. Өнердің тілі ортақ, шекара таңдамайды деп жатады ғой. Шындығында, солай екен.
– Сонымен танымал актердің шеберлігінен не үйрендіңіз?
– Бізде рөлдерді режиссердің айтуымен бейнелейді. Кейіпкер қалай айтады, қалай жүріп-тұрады, қалай сөйлейді... мұның бәрін режиссер не дейді, актер соны орындайды. Ал ол кісіден байқағаным суырып салмалығы басым. Іс-қимылды сол жерде өз ойымен дамытады. Кейде режиссерге осылай етсек деп пікір қосады. Еркін, өзіне сенімді. Жұмысы өзінің ойынан шықта ма, болды, өзі дубльді тоқтатып отырды. Мені берілген рөлді еш қателіксіз, тез орындайтыны және характерін дәл аша білетіні таңдандырды. Мысалы, киіз үйдің маңынан үнсіз жүріп өтетін кадр бар. Ол иығына асынып алған сүлгісін кетіп бара жатып, маған лақтыра салды. Әрине, мұны режиссер айтқан жоқ. Дегенмен кейіпкер характері ашылды. Ал өмірде өте қарапайым жан екен.
Менмендік, кісілік деген атымен жоқ. Бірге суретке түсеміз деп қаншама адам жүрді, біріне төбеден қарап, жоқ дегенін көргенім жоқ. Кішіпейіл, қарапайым. Осылай болған соң өзіңді еркін ұстайсың.
Жерар Депардье біздегі түсіру техникасының сапасы өз еліндегіден бірде-бір кем еместігін айтты. Есесіне, оның айтуынша, біздегі жеміс-жидектер өздеріне қарағанда дәмсіздеу екен, палаудың майын сәл аздау қосса, әрине, оның талғамы бойынша тәтті болғалы тұр екен. Бәрінен ұнағаны қазақтың бесбармағы болды дейді.