«ЖІГІТТЕР» квартеті: Біз, негізі, балалықпен қосылған топпыз, бізді есейткен – сахна
Ең алғаш 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән байқауында бақ сынап, өздерінің әншілік қырымен көзге түсіп, сол шабыт арқаландырып Алматыға, үлкен сахнаға келген «Жігіттер» квартеті бүгінде бүкіл қазақ әндерін іздеп жүріп тыңдайтын топқа айналғаны баршаға аян. Алғаш «Ерке қызбен» шыққан бозбалалар – бүгінде бір-бір үйдің отағасы.
Шығармашылықта жүрген он шақты жылдың ішінде «Жігіттер» жиі ән жаздырып, жаңа бейнеклиптерін ұсынып жүрді. Енді таяуда, қазан айының 5-і күні топ өздерінің жаңа, екі таспадан тұратын әнжинағының тұсаукесерін жасағалы жатыр. Осы оқиға қарсаңында біз «Жігіттерді» сөзге тартқан едік.
– Жаңа ән топтамасын шығарған екенсіздер, құтты болсын! «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл топтаманың бұған дейінгілерден өзгешелігі неде?
– Жалпы, біз Еркін бауырымыз топтан бөлек еншісін алып, өнерде өз соқпағын бастағалы, яғни Мырзахандай жаңа әншіні тобымызға қабылдағалы, біз әлі жаңа әнжинақ шығармаған екенбіз. Ол егер, естеріңізде болса, 2008 жыл болатын. Зымыраған уақыт, көзді ашып-жұмғанша арадан өте шыққан үш жылда, шүкір, біз де өндіре жұмыс істеп тастағанымызды енді байқап отырмыз. Себебі осы бір топтағы жаңа кезең басталғалы жазған әндеріміз бір емес, екі бірдей топтама шығарлықтай жиналып қалыпты. Бұл дегеніміз – әр жинаққа 16-дан есептегенде 32 жаңа ән деген сөз. Оның біразы халық әндері болса, қалғандары Ержан Серікбаев, Ербол Спанәлиев сынды бізбен тығыз жұмыс істеген сазгерлер мен елімізге белгілі ақындардың еңбегінен тұрады.
– Алғашында албырт шақта, бойдағы жігер мен дарынды ұштастырып, қазақ эстрадасының есігінен имене аттаған «Жігіттер» мен қазіргі қазақ сахнасының төрінен орын алған «Жігіттерді» салыстыра аласыздар ма? Бағыттарыңыз, беталыстарыңыз тура сол бастапқыдай ма, әлде өмірдің өзі басқа арнаға бұра тартқан тұсы болды ма?
– Өмірдің бір қалыпта тұрмасы анық, жаңа туған сәбидің жігіт боп өсіп, одан ақыл тоқтатқан азамат, біртіндеп шау тартқан шал болатыны өмір заңы екені қандай ақиқат болса, адамның да сол әр жаста әрқалай ой топшылауы өздігінен айқындалып сала береді. Шыны керек, біздерді қосқан бір кездегі балалық қой. Әлі өмірден өз жартысын таппаған балаң жігіттер лирикаға жақын, махаббат жайлы ән айтады ғой. Ә дегеннен алып шыққан «Ерке қыз» әні өзіміз секілді жастарды елітіп қана қоймай, қаншама ғашық жүректердің отын жағып, қаншама жүректерді қосқан, қаншамасын жұбатқан да болар. Одан кейінгі «Арман-ай» да, сол сияқты әндерді біз кезінде жұртқа жеткізе білгенімізден шығар, бәлкім, бүгінгі дәрежеге жеткеніміз. Қазір де, әрине, лирикалық әндерсіз болмайды, бірақ біртіндеп ойлы, салмақты әндерге ойысқанымызды өзіміз де, өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Айталық, алғаш халық әні «Бұлбұлымды» орындап, сол арқылы өзіміз де дүние, жалған жайлы ой тоқтата бастадық десек болғандай. Сонан соң, Ақан серінің «Балқадишасы» да бір қарағанда махаббат жайлы, бірақ ғашықтық дертке тұнған, мұңды ән. Осы арқылы біз жасты да, орта жастағы апа-ағаларымыз бен үлкен буынды да қамтығымыз келеді.
– Мұнымен қоса, бәлкім, қоғамның ықпалымен топтағы жігіттер түгел дерлік намазға келгенін білеміз. Оны өздеріңіз де жасырмайсыздар. Осы мәселе де сіздердің шығармашылықтарыңызға қандай да бір өзгеріс әкеліп немесе өзіндік ерекшелігін туғызды ма?
– Дінге келгелі деп емес, намазға келгелі деп сөйлегеніміз жөн секілді, себебі ислам дінінде баршамыз туылғалы беріміз. Шығармашылық пен иманды ұштастыра білу қайта бізді көп нәрсені оңайлатып, көп нәрсені дұрыс түсінуге мүмкіндік бергендей. Бір ғана мысал, бұрын біз ән сөзін дәл қазіргідей талаппен талқыламайтынбыз. Бұл – бір, екіншіден, өнердің өзінде де таза жүргеніңді, жан дүниеңнің көп зиянды әрекеттерден аулақ болатынын сезінесің.
– Ал енді әңгімені қайта әнжинақ жайына бұрсақ, екі таспа бір-бірінен несімен ерекшеленбек? Әлде екеуі бірдей, тек бір жинаққа сыймаған соң, жалғасы іспетті, екеуі бірін-бірі толықтырып тұрмақ па?
– Біз екі жинаққа екі темптегі әндерді іріктеп алып отырмыз. Бірі – тез ырғақты, былайша айтқанда, билеуге де болатын, көңілді әндерден тұрады. Оны біз «Туған жер» деп атасақ, екіншісі халық әндері, халық композиторларынң әндері, сондай-ақ қазіргі заманның да сазгерлері шығарған ой толғауға құралған, салмақты әндер топтамасын біз «Балқадиша» деп атауды жөн көрдік. Бізге дейін де, әрине, орындаушылар болды, бізден артық орындайтын аға-апаларымыз да бар, бірақ біздің орындауымызда да бұл әнді халық ерекше ықыласпен қабылдады.
– Бастапқыда, әрине, кез келген әнші өзін таныта білетін, бағын ашатын әнді өзі іздейді, нағыз өз әнін тапқан әншінің де, орындаушысын тапқан әннің де бағы ашылатынын өмір өзі дәлелдеген. Бұл жағынан, шүкір, «Жігіттердің» жолы болғанын айтып жатудың өзі артық шығар, ал енді бүгінде әннің өзі сіздерді іздеп келетін шығар? Яғни авторлар әнін өздері ұсынып дегендей, бірақ ән іздеуді қоймаған шығарсыздар сонда да? Тіпті біреудің орындап жүргені кейде қатты ұнап қалатын кездер бола ма, соны өздеріңіздің орындауға деген құштарлық оянатындай?
– Авторлардың хабарласатыны да рас, көңілдерін қалдырмай алып тыңдаймыз, кейде олардың арасынан өз әнімізді табатын да кездеріміз болып жатады. Көбіне Ержан Серікбаев ағамыз ән ұсынады, ол кісі бізге не керегін меңгеріп алғандай, ұсынған әндері, шынында да, бізге жақсы сәйкес келеді. Әрине, одан бөлек, өз бетімізше де ән іздеуді қойдық десек, күпірлік болары сөзсіз. Өзімізге дейінгі әншілердің репертуарынан да кейде бір әндерді орындауға құштарлық оянатын кез болады. Мысалы, біз соңғы кездері Мәдина Ералиева апамыздың орындауында танылған «Қош енді, қош бол, күрең күз», «Айқаракөз» әндерін қатты ұнатып, өзіміз айтып шықтық.
– Әншілер жайлы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер шығып, соның шынынан гөрі өтірігі басым түсетін батыстық папарации бүгінде бізге де келген. «Бәлен әнші апатқа ұшырап, қаза тауыпты» деп әлдекімді сыртынан өлтіре салу немесе сол сияқты «Мейрамбек мүлдем әннен кетіпті» болмаса «МұзАрт бытырап кетіпті» деген сияқты сөздерді кейде пиар үшін де шығаратын сияқты. Егер де күні ертең «Жігіттер» тарап кетіпті» десе, сенейік пе соған? Жалпы, сіздер әу баста «бәлен жылға дейін бірге боламыз» деп келісімшарт не сол сияқты құжатқа қол қойғансыздар ма, әлде?..
– Жоқ, адам өзі дүниеге келер тұста «мен бәлен жыл өмір сүремін» деп немесе сол сияқты бәлен күні бәлен нәрсе болады деп өз болашағын болжай алмайды ғой. Бәрі де Алланың қалауымен болатын нәрселер. Сол сияқты біз де бастапқы құрылған сәтте, тіпті өзіміздің осы кезімізді болжай алатын жағдайда емес едік. Біз, негізі, балалықпен қосылған топпыз. Мектеп жасынан бірімізді-біріміз танитын бір ауылдың, қала берді, көрші ауылдың балалары қалаға оқуға келген соң, бірге ән салып жүрдік те, бір сәтте тәуекел деп бірге ән айтып кеттік. Оңтүстік төрінде әндетіп жүрген біз тіпті Алматыға келеміз деп те ойлаған жоқ едік бір кездері. Әрине, үлкен сахналарда ән айту арманымыз болды. Аллаға шүкір, қазір оған да жеттік. Ал енді топтың тарқау-тарқамауы дегенге келсек, бізде ондай ой жоқ, арамыз жақсы, татумыз, алайда күні ертең, әрі-беріден алғанда, бірер минуттан соң не болары тек Жаратқанға аян.
– Өздеріңізге сын көзбен қарайсыздар ма? «Сырт көз – сыншы» деген пікірге қалай қарайсыздар, сынды қабылдай аласыздар ма?
– Өзімізге сынмен қараймыз, «мына жерлерің мынадай екен» дейтін адам табылып жатса, ондай сынды да қабылдаймыз.
– Осы тұста айта кетсем орынды шығар, халық арасынан «Жігіттер» «Балқадишаның сөзін бұзып орындап жүр» деген пікір естіп қаламын. Осындай сөзді өз құлақтарыңызбен естідіңіздер ме? Бұрыс орындаған жерлеріңізді түзеттіңіздер ме?
– Мұндай сынды естідік, айтарымыз – біз мектепте «Балқадишаның» сөзін осылай жаттадық. Ал кейін осы әнді шығарғаннан кейін әлгіндей қате жерлерін түзетушілер табылды да, біз терең қазып зерттеп көрдік. Сөйтсек, оқиға шындығында басқа екен. Балқадишаны 85-тегі шалға бермеген, Ақан серінің өзі шығарған нұсқасында ондай сөз жоқ дейді. Дәстүрлі әншілер де, ақантанушы көкшетаулық ағаларымыз да.
– Сонымен, түзеттіңіздер ме сол жерін?
– Жоқ, сол орындауда қалды. Себебі халыққа тарап, сіңіп үлгерді ғой.