"Жігіттер" тобының мүшесі әйелдерді "қатын" деп атауды ұсынды
Айдар өзінің пікірін Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Әнші тыңдармандарына "әйел" және "қатын" сөздерінің мағынасын түсіндіріп берді.
""Қатын" сөзі дөрекі, әрі басынғандық түрінде естіледі. Күйеуге шыққан қыздарды қазақтарда қатын дейді. Бірақ көбіміз бұл сөзді теріс түсінеміз. "Қатын "байырғы қазақ тілінде "құтым" (бағым, ырысым) деген мағынаны берген. Уақыт өте келе дыбыстардың ассимляциялануы барысында "құтым" сөзі "қатынға" ауысыпты. "Қатын" сөзі араб тілінде хатун “таң нұры” деген мағынаны береді", - деп жазады ол.
Айдар Тұрғанбек сөзіне дәлел ретінде "бұдан 1500 жылдай бұрынғы ата-бабамыз Көктүріктердің сына жазуларында да "қатын" сөзінің кездесетінін алға тартқан.
"«Қатын» сөзін қазіргі қазақшаға аударғанда «ханым» дегенді білдіреді екен. Түркі жазуларында оның мағынасы сондай. Тағы бір жерлерде "қатын" сөзінің төркіні ежелгі түркілер дәуірінен бастау алғаны жайлы, ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек гүлінің хош иісін “хотун” деп, сол иіске әйел затын теңестіргендігі жайлы айтылыпты.
"Қатынның" мағынасы дұрыс сияқты. Ал, қазір "әйел" деген сөзді әспеттейтін болдық. Бірақ, "әйел" сөзі "Әй, ел!" деп енелердің менсінбеуінен, яғни жат жұрттық, басқа елдікі деп "әй, ел!" басынғандығынан шыққан дейді. Мүмкін бұл рас та шығар, бірақ түбі бұл сөздің жақсы емес екені анық. Көбіміз әлі күнге "қатыннан" қашып, "әйелді" ардақтап жүрміз", - деген пікірін жеткізді ол.
Желі қолданушылары бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлерін қосты. Кей қолданушылар оның бұл пікірімен келіссе, қайсыбіреулері әншінің пікірі жансақ екенін де айтып жатты. Олардың дені "қатын"сөзін жиі айтатындарды ұнатпайтындарын айтып, "әйел" сөзі "қатынға" қарағанда құлаққа әлдеқайда жағымды естілетінін де тілге тиек етті.