Зираттарды қиратқан кімдер?
Жыл басынан бері Атырау қаласы маңындағы екі зираттағы 31 қабірді қирату оқиғалары тіркелген болатын. Енді осындай қарақшылық оқиғалар Махамбет ауданындағы тағы бір зиратта қайталанып отыр.
Ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, тергеу ісінің барысында жас адамдардан құралған екі топқа «осы қаскөйлікті жасады» деген күдік тағылып отыр. Жедел іздестіру нәтижесінде барлығы 13 адам ұсталған.
Күдіктілердің біреуі іздеуде жүр. Ұсталған адамдар үш күн бойы қасақана қалалық зираттағы қабір құлпытастарын қиратқандарын мойындады. Қазіргі уақытта олардың Махамбет ауданындағы зиратта болған жағдайға қатысы бар-жоқтығы анықталу үстінде. Айғақтар әлі толық жиналмаған.
Әйтсе де қолға түскендердің екеуі сол Махамбет ауданының тұрғындары екені анықталған.
Зираттарда болған тұрпайы әрекеттерді жерленген марқұмдардың туыстары 14 қаңтар күні байқаған. Белгісіз адамдар отыздан астам қабірге қойылған белгілерге зақым келтірген. Жерленген адамдардың басына қойылған тастар толығымен қиратылып, қабір үстіндегі құлпытас ұсақ бөліктерге бөлшектеніп тасталған. Қаланған тастар қиратылып, марқұмдардың зират басындағы суреттері бүлінген.
Мұндай оқиғалардың жиілеп кету себептерінен облыстағы ең тәжірибелі тергеушілер мен криминалистерден жедел тергеу тобы құрылған. Ендігі кезекте бұл қылмысты тергеу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен бірлесе жүзеге асырылатын болады. Зираттарды зақымдауды кәсіпке айналдыра бастағандардың барлығы елімізде тіркелмеген діни ағымдарға кіреді деген де деректер бар.