Жұбановтың туғанына – 105 жыл
Биыл – қазақ кәсіби музыкасының атасы, дарынды композитор, дирижер, Халық әртісі, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туғанына – 105 жыл. Тұлғаның мерейтойына арналған шаралар оның туған өңірі Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында аталып өтті.
Ахмет Жұбанов Мұғалжардың Қосуақтам шатқалында дүниеге келсе, Ембі қаласы – сол кезеңдегі аудан орталығы ретінде оның табаны талай тиген жер. 2006 жылы сазгердің 100 жылдығы ЮНЕСКО күнтізбесі бойынша кең көлемде тойланған кезде, мұнда Мәдениет үйі, Жұбановтың ескерткіші мен ағайынды дарындыларға арналған мемориалдық мұражай ашылған еді. Шағын қалада талантты тумаларының өмірі мен шығармашылығын тануға айрықша көңіл бөлінеді. Биыл қала мектептерінде атаулы күнге орай Жұбанов тағылымына арналған шығармалардың байқауы ұйымдастырылды. Мұғалімдер зерттеу мақалалар жазып, көпшілікке ұсынды. Жуырда Ембідегі Ағайынды Жұбановтар мемориалдық мұражайында осы шаралардың бірқатары қорытындыланды. Мұражай басшысы жұбановтанушы ұстаздарды, музыканттың көзін көргендерді, өнер жанашырлары мен қаланың талапты оқушыларының басын қосты. Шарада қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаған тұлғаның еңбектері жайлы кеңінен айтылды. Жұбанов дүниеге әкелген «Қарлығаш», «Ақ көгершін», «Ақ шолпан» сияқты әндер орындалды. Бұл мұражайда Жұбановтар әулетінің атақонысы – Ақжар елді мекеніне, Құдайберген Жұбановқа, Ахметке, Ғазиза Жұбановаға және дарындылар династиясының басқа да өкілдеріне арналған залдар бар. Жәдігерлерінің жалпы қоры 2000-нан асады. Тұпнұсқа экспонаттардың ішінде Ахмет Қуанұлының концерттік фрагы мен оған сыйға тартылған дүниелер және Ғазиза Жұбанованың ұстап тұтқан бұйымдары ерекше құнды.
Ұлболсын Мұхамбетова, Ағайынды Жұбановтар атындағы мемориалдық мұражайдың директоры:
– Мұражай Ахмет Жұбановтың 105 жылдығына орай жыл басынан бері көптеген іс-шараны атқарып жатыр. Соның ішінде сәуір айы ерекше болды. Өйткені Ахмет атамыз осы айда дүниеге келген. Сәуір айында біз Жұбанов дәрістерін және композитордың көзін көргендермен кездесу өткіздік. Сондай-ақ биыл жетінші рет «Жұбанов көктемі» фестивалі аясында оқушылар арасында ұлы музыкант шығармаларының байқауы ұйымдастырылды.
Дариға Бекниязова, мұғалім, А.Жұбановтың туысы:
– Мен Алматыда оқыған кезімде, бес жыл бойы Құдайберген атамыздың зайыбы Раушан апамен, басқа да Жұбановтармен қатынасып тұрдым. Біздің кішкентай кезімізде олар ауылға, біздің үйге жиі келіп тұрды. Ахмет Жұбановты ең бірінші бес жасымда көрдім. Кейінгі ұрпақтар, біздер, оларға еліктеп өстік. Дегенмен кейінгілер көбіне музыканттықты емес, мұғалімдік-педагогтік жолды таңдапты.