Жүрегімнен шығатыны – халық әндері
Гүлзира БӨКЕЙХАН, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Астананың мәдени өмірінде тағы бір үлкен мереке. Дегенмен бұл мерекенің жөні бөлек. Себебі онда қазақ халқының әндерін ешбір боямасыз тыңдап, төл өнерімізді бар жан-тәнімен сезінуге мүмкіндік бар. Маусымның 19-ы күні Назарбаев орталығының концерт залында еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлзира Бөкейханның «Жүрегімнен шыққан ән» атты кеші өтеді. Бүгінде халық әндерінің табиғатын дауысымен ғана емес, ұлттық киім-кешек үлгілерімен де барынша ашып, елдің ризашылығына бөленіп жүрген Г.Бөкейхан бізге сұхбат беріп, «Алаш айнасы» газеті оқырмандарына ертеңгі ән кешінің кейбір құпия тұстарын ашып беруге келісті.
– Мінеки, араға үш жыл салып кезекті кешіңізді өткізгелі жатырсыз. Оған не түрткі болды?
– Биыл елордамызға – 15 жыл. Осы уақыттың ішінде мен де Астанамен бірге өсіп, әнші ретінде қалыптастым. Қаланың мәдени өмірінде өз орнымды таптым деп ойлаймын. Сол себепті Астананың 15 жылдығына орай «Жүрегімнен шыққан ән» атты кешімді қала халқына тарту еткенді жөн көрдім. Ол менің сахнадағы өмірімнің жарқын бір кезеңін паш етпек. Кештің бірінші бөлімінде барлық әндер жанды дауыспен орындалса, екінші бөлімде Тарбағатай, Алатау және Көкшетау жерінде түсірілген бейнеклиптер көрсетіледі. Оның барлығы менің жаңадан шыққан аудио және бейнетаспама енді.
– Кешіңізде сіз сол таспаңыздың тұсаукесерін жасайды екенсіз. Ал оған қандай әндер енді? Газет оқырмандарына алдын ала айтсақ болатын шығар...
– Әрине, болады. Астананың 15 жылдығына орай шыққан таспа екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – DVD диск. Оған «Тербеледі тың дала», «Қыз дәурен – ақ бота», «Іркужан», «Сағыныш», «Туған жер», «Қазағым, елім», «Аңсау», «Гүлдариға», «Қазына-ай», «Арман-Астана», «Угай-угай», «Желсіз түнде жарық ай», «Көк өзен», «Ағажай-Алтай» сияқты жеке авторлар мен халық әндерінің бейнекөріністері енген. Сондай-ақ «Алпамыс» музыкалық драма дастаны мен «Қыз Жібек» операсының үзінділері бар. Онда мен Гүлбаршын және Жібектің рөлін сомдаймын. Ал екінші CD дискіде «Жайдарым», «Қайықта», «Бақыттымын құрбылар», «Көк өзен», «Қарғаш-ай» сынды барлығы 15 ән топтастырылған. Осыдан алты жыл бұрын менің «Құрманғазы» мен «Отырар сазы» оркестрлерінің сүйемелдеуімен бір үнтаспам шыққан болатын. Енді қазіргі жастар ондайды көп қабылдай бермейді ғой. Сондықтан осы жолғы үнтаспаға эстрадалық әндер енді. Оның ішінде жаңа шығармалар да бар.
– Демек, сізді жастарға жақын боламын деп эстрадаға қарай ығысып келе жатырсыз деуге бола ма?
– Енді мен эстрадалық әндерді орындасам да, табиғатым халық әндері ғой. Оны қазіргі жастарға жеткізу – менің негізгі мақсатым. Сол себепті музыканы әрлеу мәселесіне келген кезде мен қажетті маманды ұзақ іздедім. Содан Алматы қаласына барып, Оралхан Сәдуақас деген ағамыздың көмегіне жүгіндім. Оның кәсіби шеберлігі сол, эстрадаға қатты кетіп қалмай, әннің қазақи болмысын барынша сақтауға тырысады. Ең бастысы, бүгінгі жастарға ұнап жүр.
– Ән кешіңізге «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі қатысады. Бұдан бөлек, Қазақстанның эстрада жұлдыздары болады деп жазылған. Олар кімдер?
– Мәселен, Еділ Құсайынов деген ағамыз бар. Оның бастамасымен «Керулен» атты этнотоп құрылған болатын. Жас әнші Нұрбол Балапановты да тамаша әнші дер едім. Биыл ол 23 жасында «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жастар сыйлығының лауреаты Нұрғали Төлебеков те өз өнерін паш етпек. Сосын екеуіміз қос дауыспен айтатын әндер шырқалады.
– Ән кешіңіз бен үнтаспаңыздың атауы бір – «Жүрегімнен шыққан ән». Біраз әндерді орындап жүрсіз ғой. Дегенмен нағыз «жүрегімнен шыққан ән» дейтін шығармаңыз бар шығар?
– Сазгер өзі жазған әндердің бәрін туған баласындай көріп, біреуін ерекше атамайды ғой. Сол сияқты біз де шын жүректен айтып, оған қатты дайындаламыз. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айт», – дейді. Дей тұрғанмен жүрегімнен шығатын әнім бар. Ол – халық әндері.
– Сұхбатыңызға рақмет, ертеңгі ән кешіңіз сәтті өтсін деп тілейміз!