Жүрегіне ән тұнған талант еді...
Қазақ руханияты тағы бір талантты тұлғасынан айырылды. Қазақ журналистикасы ардагерлерінің бірі, қоғам қайраткері, белгілі композитор, «Құрмет» орденінің иегері Мейрамбек Жанболатұлы 27 қаңтар күні 74 жасқа қараған шағында дүние салды.
Мейрамбек Жанболатұлы 1938 жылы 5 желтоқсанда Қарауылда туған. 1956 жылы Абай орта мектебін тәмамдап, Алматыдағы ҚазМУ-ды, Жоғарғы партия мектебін бітірген. Негізгі мамандығы – журналист. 1962 жылдан бастап аудандық, облыстық газеттерде – тілші, 1964-72 жылдары аудандық «Совхоз туы» газетінің редакторы, 1972-84 ж.ж. Абай аудандық партия комитетінің хатшысы болып еңбек етті. «Құрмет белгісі» ордені мен бірқатар мемлекеттік белгілердің иегері Мейрамбек Жанболатов – бірнеше мәрте аудандық партия, кеңес органдарына сайланып, ел сеніміне ие болған азамат. Ол Абай халық театры атағын алу үшін күрес кезіндегі «Қаракөз», «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. спектакльдерді дайындап, Сырым, Нарша, Абыз бейнелерін, «Жалбырда» халық өкілі болып ойнап, республикалық және бүкілодақтық фестивальдердің лауреаты атанды. Ұлы Абайдың, ұлы Мұхтардың мерейтойлары мен 1962 жылдан бастап өткізілген Абай ауданындағы барлық мәдени-көпшілік шаралардың ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі болып келді. Абайдың 150 жылдығы қарсаңында өткізілген Абай сөздеріне жазылған әндер конкурсында бас жүлдені жеңіп алған композитор КСРО Журналистер одағының, Қазақстан музыка қайраткерлері одағының және Композиторлар одағының мүшесі. Қаламы қарымды журналист, ақын, композитор, режиссер, драматург М.Жанболатұлының еңбектері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып, «Сағындым Сарыарқаны», «Келші, жастық», «Ән-домбыра» сияқты танымал әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» алынған, бірнеше әндері соңғы жылдардағы әндер жинағына енді.
Өмірге ғашық көзбен қарап, қаламына адал, талабына берік болған талант иесі көптеген әндерінің сөзін де өзі жазып, ақындық қырынан танылған. Ертеректе жазған бір өлеңінде ақын М.Жанболатұлы:
Жүрегімде бір сыр бар
тұнып тұрған,
Тұнып тұрған,
өзімді шынықтырған.
Шыңдалсын деп қас қақпай,
тізе бүкпей,
Бұл өмірде салтанат құрып тұрған.
Көңілімде бір жыр бар
ойлап тұрған,
Ойнап тұрып, ой-тұмар
байлаттырған.
Ой-тұмардың оймақтай
әр бөлшегі,
Aт ойнатып шықса ғой,
жайнап қырдан!
Көкейімде бір күй бар асқақтаған,
Асқақтаған күй үнін шаң баспаған.
Шаң баспасын десеңіз –
бар ниетің,
Аппақ қардай болсын
тек жан баспаған,–
деп ағынан жарыла жырлайды.
Өнер иесінің бір топ әні 1990 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Аққуыңды аяла» әндер жинағына енген. 2008 жылы «Ән-домбыра» атты үлкен әндер жинағы жарық көрді. Осы «Ән-домбыра» жинағына Қазақстанға еңбегі сіңген артист, профессор Кенжеғали Мыржықбай «Табиғи талант» деген атпен жазған алғы сөзінде:
Жан әке
Жан әке, құстарын ұшырған
күздегі көлім бе едің,
Күтетін көктеммен қиқулап
күз әні төгілгенін.
Жол қарап,
құлдырап құлыным
құйындап кеп қалар деп,
Жаңбырын тосқандай
лапылдап сусаған
шөлім менің.
Жан әке,
Біз жүзіп келеміз өмірдің
кемесінде,
Ауылдан кетерде сынаған
жанарың әлі есімде.
Қайығым толқынмен алысып
аралға асығады,
Өзіңсің аралым, асқарым,
кемерім, белесім де.
Жан әке,
Қазбауыр бұлттар сәлемім
жеткізді ме,
Ақ жауын бір тынбай төпелеп
сезімім төккізді ме?
Құлыным қай қырдан
құлдырап, құйындап кеп қалар деп,
Жол тосып, әкешім тағы бір
ұзақ күн өткізді ме?
Жан әкем –
Сыр тұнған жанартауы
сағыныштың,
Көңілім өзіңе алып-ұшты.
Ұғатын, қуатым, мұратым,
Мерекем, берекем –
жан әкем...
Серікбек Мейрамбекұлы
«Әдебиет пен өнердің, мәдениет пен рухани өмірдің қасиетті қара шаңырағы – Шыңғыстау өлкесіндегі Жанболат әулеті өнерпаз ұрпақтар тәрбиелеп өсірген орта. Бұл әулеттен сазгер, әнші, күйші де, суретші, мүсінші де, жазушы, журналист те шыққан. Олар еліміздің мәдени өміріне өзіндік үлесін, қолтаңбасын қалдырып келеді. Жан-жақты қабілетімен өз өнерін ел игілігіне арнап келе жатқан Жанболат әулетінің бір талантты дарын иесі – Мейрамбек қаламы қарымды журналист, сазгер, сахна шебері, ақын, драматург, суретші. Ел тарихын зерделеп жазған деректі әңгіме, очерк, суреттемелерімен бірге, пьеса, сахналық көріністер, әдеби-музыкалық қойылымдары бар. Өзі жазған шығармалармен қатар, Мұхаңның «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Түнгі сарын», Ғабаңның «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты көптеген көлемді шығармаларын сахналаған режиссер, ондаған бейнелерді сахнада сомдаған актер. Драма ұжымының аймақта алғашқы болып «Абай» халық театры атағын алып, Бүкілодақтық фестивальға қатынасып, бас жүлдені жеңіп алуына атсалысқан, республикамызға белгілі «Қаламқас» ансамблін құрып, қалыптастыруға белсене қатынасқан.
Балалық кездегі балаң әсердің балауса үні Мейрамбекті сазгер болуға жетелей бастағанын өзі де аңғармаған шығар. Өйткені өзі шығарып, айтып жүретін ән, саз сарындарының ішінде халық ақыны Тәңірберген Әміреновтің сөзіне шығарған «Сағындым Сарыарқаны» әні аудан жұртшылығына ұнап, облысқа кеңінен тарап кетті. Абай ауданында шығармашылық сапарда болған әнші, ақын, ғалым – Тұрсынхан Әбдірахманова бұл әнді Роза Сәкенованың орындауында естіп, ұнатып, үйреніп алады. Өзінің репертуарына алмақ болып, нотасын іздейді.
Бұл кезде Алматыдағы жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген Мейрамбекті Есенкелді Жақыпов арқылы іздестіріп, шақырып алған Тұрсекең оны Сыдық Мұхамеджановқа таныстырады. Әнге ерекше ризалық танытқан атақты композитор оған аранжировка жазып, белгілі әнші Суат Әбусейітовтің орындауында республикалық радио-теледидардың алтын қорына кіріп, Сарыарқаның әнұранына айналады. Мейрамбек Жанболатовтың сазгерлік талантын оның шығарған ән-саздарының жан-жақты тақырыбынан да тануға болады. Кең тынысты мінез байлығын ести аламыз. Әндерінің құрылысының күрделілігі де, ырғақ иірімдерінің байлығы да таңдандырады», – деп ақжарма сөзін айтқан болатын.
Осы қазаға байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына бірқатар ресми орындардан көңіл айту жеделхаттары келіп түсті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның газетіміздің бас редакторы, марқұмның ұлы Серік Жанболатқа жіберген көңіл айту жеделхатында:
«Құрметті Серік Мейрамбекұлы! Алаштың ардақты өнерпазы, асқар таудай ағамыз Мейрамбек Жанболатұлының дүниеден өтуіне орай шын ниеттен жолдаған көңіл айтуымды қабыл алыңыз.
Мекең ұмытыла бастаған Абай елінің ән дәстүрін қайта жаңғыртып, оны жаңа заманға сай өзгеше өрнектеп дамытты. Оның Шыңғыстаудың тұмасына тұндырылған «Домбыра», «Сарыарқа» сияқты әндері бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Өз қолымен құрған «Қаламқас» ән-би ансамблі қаншама халықтың өнер ұжымдарына үлгі-өнеге болды. Өмірінің соңына дейін Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптардың кіндік қаны тамған топырақтан ажырамай, ұлылар өсиетіне адал болып, дүниеден өтті. Ағамыздың алды – пейіш, арты кеніш болып, жұмақтан жай табуға жаратқан нәсіп еткей», – делінген.
Шыңғыстаудан шыққан шынайы талант, жүрегіне ән тұнған өнер иесіне топырақ туған ауылы – қасиетті Қарауылдан бұйырды. Марқұмның арты – жарық, алды пейіш болсын!
• Бірауыз сөз
Несіпбек Айтұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Мираш аға Абайдай алыптарды дүниеге келтірген Шыңғыстау өңірінің біртуар перзенті болды. Өте бауырмал, ешкімді руға, жүзге бөлмей, тек «қазағым» деп өткен үлкен тұлға, руханияттың арқауы сынды азамат еді. Қазасын естігенде қабырғам қайысты. Алғаш сонау 70-жылдары мені ол кісімен Жәнібек Кәрменов пен Тұрсын Жұртбай сынды алаштың ардақты азаматтары таныстырған күннен үшеуміз Мейрамбек ағаның туған бауырындай болып кеттік. Осы күні ақын болып, әнге сөз жазып жүрсем, тұңғыш рет Мейрамбектей ардақты ағаның «Ән-домбыра» деген әніне сөз жазудан бастаған едім. Ағалы-інілі екеуара бірігіп жазған «Ән-домбыра», «Ақ бесігім, «Ахау, Арқа» секілді 15-20 ән бар, бірақ көпшілігі әлі шыққан жоқ. Әннің бағы әншіден дер болсақ, бір жағы Жәнібектің мезгілсіз қазасы да Мейрамбек Жанболат әндерінің танылуына тежеу болған секілді. Себебі ол кісі өз әнінің сөзіне, орындаушысына қатты мән беретін. Сондай-ақ соңғы он шақты жылда аға науқастанып қалып, шығармашылық байланысымыз аздап үзіліңкіреп қалды. Өкініштісі сол... Шыңғыстау өңірінде арғысы Абай, Шәкәрім, Мұхтар, кешегісі Кәмен Оразалин, Шәкір Әбеновтерден кейін ұлттың діңгегін сақтап, соның үзілмеуіне қызмет етіп жүрген ардақты тұлға еді. Амал не, жатқан жері жарық болсын!
Алтын Иманбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Мейрамбек Жанболатов сынды қазақтың дәстүрлі ән өнерінің сабағын жалғап, өзі де сол саф өнермен біте қайнасып кеткен ағамыздың бірнеше әні Қазақ радиосының «Алтын қорында» қалды. Сонау Әміре, Жүсіпбек сынды даланың дарқан мінезін қара домбыраға сыйдырған алыптардың қатарында, «Алтын қорда» қалуының өзі ағамыздың биік бағасын білдіретіндей. Ағаның алғаш «Сағындым Сарыарқаны» атты керемет, заманында ел-жұртын дүр сілкіндіріп, рух берген әнін Суат Әбусейітов шырқаса, негізінен әндерін орындап, елге танытқан марқұм Жәнібек Кәрменов еді. Алғаш 1981 жылы Мейрамбек Жанболатовтың «Сағыныш» атты әнін осы радиода орындаудан бастап, кейін «Ән-домбырасын» да алып келген осы Жәнібек еді. Жәнібектің орындауында «Ән-домбыра» кәдімгідей қазақ даласын дүркіретіп, Қапаш Құлышева, Секен Сыздықов сынды дәстүрлі әншілер өз репертуарына енгізген, қазір Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқалилар шырқап жүр. Жалпы, бірінші шығармасынан-ақ атақты болатын сазгерлер болса, мен Мейрамбек ағаны солардың қатарына жатқызар едім. Өзі кәсіби сазгер болмаса да, әндерінің барлығының дерлік кәсіби деңгейі жоғары. Абайша айтқанда, артында «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» туындылар қалдырған Мейрамбек ағамыздың қазасы қайырлы болсын!
Жарқын Шәкәрім, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Кезінде орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолохов орталыққа ұмтылмай, ел ішінде өмір сүріпті. Сол секілді Мейрамбек Жанболатов та Алматыға аптықпай, қасиетті Абай топырағына адал болып қалды. Сол өңірдің мәдениетін көтеруге бар күш-жігерін салып, ең әуелі Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Шәкір Әбеновтей ұлылар салған сара жолдың туын сонау ХХ ғасыр ортасынан бүгінге дейін тапжылтпай және еш еңкейтпей ұстап келген азамат. Мысалы үшін, «Қаламқас» ән-би ансамблі, Абай өңіріндегі Халық театры – осының барлығы Мейрамбек ағаның көреген көзімен, салиқалы сөзімен, ұстамды істерімен биік белестерді бағындырды. Ал ағаның жүрегінен шыққан әндерін Теміржан Базарбаев секілді Алматының кәсіби білікті сазгерлері, қалың тыңдарманы жоғары бағалады, ауыздан-ауызға іліп әкетіп, әлі күнге орындап жүр. 1980 жылдары ағамызды шығармашылық кешін өткізуге Алматыға шақырып, өзімен сол кезде Қазақ теледидарында танысып едім. Шығармашылық кешінің редакторы болып мен тағайындалып едім, ал ол кісінің әндерін ҚР Халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева, Рашит Мұсабаев, Суат Әбусейітов сынды алыптар бастаған әншілер орындады. Кештің өтуіне риза болған Мейрамбек аға көзіне жас алып, мені Несіпбек, Тұрсын, Жәнібек сынды бауырларының қатарына төртінші етіп қосып еді. Қайран аға, бақиға аттаныпсың ғой сен де, иманың салауатты болсын!
Құлбек Ергөбек, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Заманында Қазақстанның экономикасы ғана емес, бүкіл интеллектуалдық болмысы да, ақпараттық болмысы да орталықтандырылған болатын. Содан да болар, қазақтың тәуір деген журналистері Алматыға жинақталды. Бұл негізі жаман емес, бірақ оның «әттеген-ай» дейтін де тұстары бар, айталық, орталықтың нұсқауымен облысқа жіберіліп, кейін қайта алмай қалғандары болды. Олардың бағалануы кем болды. Мейрамбек Жанболатов сондай жігіттердің бірі еді. Жалпы жұртты білмеймін, өзім Мейрамбектей қаламы ұшқыр журналист, руханияттың қазығы сынды тұлғаны көзбен көрмесем де, көңілден таса қылмағандардың бірі едім. Бейсенбай Кенжебайдай ұстазымның тәлімімен туған өңірімнің «Оңтүстік Қазақстанын», екінші – «Семей таңы», үшінші – Қызылорда облысының «Коммунизм» жолы газетін студент кезімнен үзбей жаздырып оқыдым. Неге бұл үшеуіне ықыласты болдым? Біріншіден, Қызылорда – қазақтың байырғы астанасы, Семей – Алашорданың астанасы болса, Оңтүстік Қазақстан, Ташкент Алашорданың оңтүстік қанатының ордасы болды. Сондықтан осы өңірлердің басылымдарынан алаш рухын көретінмін. Міне, мен үшін Мейрамбек Жанболатов сондай бір алаштың рухын көкірегінде сақтаған, сол мұратқа адал болған қалам иесі, өнер иесі болды. Осындай мықты азаматтың қайтыс болуына байланысты Алаш туын тік ұстаған Семей өңіріне көңіл айтамын!
«Алаш айнасы»