«Жүрегінің иесін» іздеген мұңлық
Қазақтың көбеймей отырғанын кәрі қыздан көріп, сол күйеуге шықса, бүкіл мәселе тап қазір, табан астында шешіле қалатындай өзеуреп шығатындар оң жақта отырып қалған мұңлықтарды құлаш-құлаш мақалалармен мыжып-қажап келе жатқанына қаншама жыл.
Үйіндегі туысынан бастап көшедегі таксистке дейін тергелетін кәрі қыздың өмірі ернін сылп еткізіп әңгіме соғатын екеудің емініп, езіліп отырып айтатын ең сүйікті тақырыбы. Бұл аз болса, екі бүйірін таянған, өмірге өкпелі бір көкдолы кейіпкер керек болса, ара-тұра киноның да ішінен табылып жатады. Мейірімді мінезі баяғыда-ақ менмендікпен айырбасталып, талғамының биіктігі теңін табуға тосқауыл болып, отыздан асқанша оң жақта жүрген бойжеткендер осы үйреншікті «әлемнен» аттап, өктем басып енді театрдың сахнасына келгенде, тіксіне қабылдағанымыз рас. Өйткені қоғамдағы кәрі қыз мәселесі уақыт өткен сайын өз жарасын өзі жалап жазып, іштен тынып, тұйықтала түсетін бойдақ қыздардың өзі секілді өнер үшін де бұйығы, «жабық» тақырып болып келген еді. Алайда қазақ сахнасының бұл мұңлы кейіпкерді күткеніне көп болды. Шектен тыс көбейіп бара жатқан кәрі қыздар өздерінің «ұсақ-түйек» мәселе емес, қажет етсе, қатпар-қатпар қасіретінің төркіні қоғам қалыптастырып жатқан құнсыз түсінік пен арзан моральға қатысты қалыңдап бара жатқанын көрсете алады екен. Өзіне шыжық болса да, кәрі қыздың өмірі кімге де болса қызық, ол қандай көркем жанрдың тілімен сөйлесе де, көңіл аудартатыны өтірік емес. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры қойған «Жүрегімнің иесі» атты пьесаның о бастан театрдың Кіші залына орайластырылып жазылғанының өзі – спектакльдің ең алғашқы оң шешімі. Кіші зал – кейіпкермен сырласудың таптырмас мүмкіндігі. Күйеуге шықпай, жастық шағын ұзатып алған Дариға әр көрерменнің жанына келіп, иығына басын сүйеп, жан сырын айтты. Оның айтып отырғаны ойдан құрастырылған ертегі емес. Өзі сияқты тұрмыс құра алмаған мыңдаған қыздың бұл тек біреуі ғана, әркімнің басында жеке-дара өтіп жатқаны болмаса, себебі де, оқиғасы да ұқсас қоғамдағы типтік көрініс. Көпшіліктің көзқарасында, кәрі қыз – толыққанды адам емес. «Екі жарты, бір бүтін» болып өмір сүруді аңсаумен-ақ арманына қолы жетпеген сол жартыкеш, жарым бақыт иесі осы уақытқа дейін іштен тынып келгенім жетер дегендей, ақыры жарылды. Қорықпады. Ақталмады. Әдеттегі «ұят боладыны» ұясына қуып тықты да, не үшін кәрі қыз болғанын жасырмай айтып берді. Жас драматург, театртанушы Айдана Аламанның бұл пьесасы, ең алдымен, драматургияға тың идея, дара мінезді кейіпкер әкеліп қосуымен құнды. Ал бұл жаңа идеяны режиссер Аридаш Оспанбаева тосын әрі заманауи соны тәсілдермен өрістете түскен. Басты рөлдегі Саяжан Құлымбетова мен Гүлнұр Шыңғысова сахнадағы замандасының сырымен сырттай емес, етене таныс, образды өз ішінен «өндіріп» шығарған. Театрдың балетмейстері Гузель Мұхаметжанова қойған би сахналары жеке әңгіме қозғауды қажет ететін ізденіске толы еңбек. Суретші Қабыл Халықов басы артық декорацияның бәрінен қашып, қарапайымдылық пен жұтаңдыққа мағына сыйғызып, сахналық минимализді құп көрген. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жастардың туындысы. Жас адамның жүрек лүпілі, жастардың сезінуі, жасқа ғана тән еркіндік – театрдағы әдепкі таптаурындықты тас-талқан етуге жасалған талпыныс.
Әдетте, кәрі қыз деп кімді айтады? Бұл топқа жасы 30-дан асқан, өзіне де, өміріне де жауап бере алатын, рухани да, материалдық жағынан да тәуелсіз, еркін қыздар жатады. Қарапайым қыздар кәрі қыз атана бермейді, себебі олар жылдам күйеуге шығып кетеді. Көбіне көз тартатын сұлу бикештер отырып қалады. Міне, өмірдің осы әділетсіздігімен әдемі қыздар еш келісе алмайды. Дариға да солай. Жалғыздықты құдайдан жалынып жүріп сұрап алғандай, кәрі қыз біреуге кедергі келтіретіндей, қоғам болып қыспаққа алып, көзтүрткі жасайтындары тіпті жаман. Бұл да әділетсіздік. Жалпы сюжеті осындай, басы артық декорациясы жоқ спектакльде режиссер негізгі екпінді бас кейіпкердің өзіне түсірген. Қойылым бір адамға құрылғандықтан, моноспектакль деп атауға толық негіз бар. Жансая құрбысы мен Дубайда кездескен жігіт секілді оқиғаны өрістетуге жанама ғана әсері бар бірді-екілі кейіпкерді есепке алмағанда, оқиғаны бастайтын да, дамытатын да Дариғаның өзі. Экспериментальды, жаңашыл дүние болғандықтан, көрермен болып отырып, біз де бір сәт дәл осы спектакльге эксперимент жасап көргіміз келді. Мәселен, қазақ театрының туындысын тамашалауға келген еуропалық – ағылшын әлде неміс көрерменіміз. Спектакльді синхронды аудармамен тыңдап отырмыз делік. Ұяң, әдепті, өнегелі тәрбие алып өскен Дариға жоғары білім алып, магистратура бітіріп, бір ірі компанияның бас менеджеріне дейін көтеріліп, барлық материалдық мәселесін өзі шешіп, аяғынан нық тұрған нағыз «атжалман» аруға айналған. Сөйтіп жүріп жасының қалай 38-ге келгенін білмей қалған Дариғаның не үшін кәрі қыз болып, қу тізесін құшақтап қалғанын түсіне алмай аһ ұрып, жылап жүргенін анау шетелдік түсіне алар ма еді? Азаматтық қоғамда, азаматтық некеде өмір сүре беретін еркін елдің өкілі Дариғаның мұңын түсініп, оған дем бермек түгілі «Мынаның есі дұрыс па? Несіне жылайды? Бір жігітпен танысып, бірге тұрып, бақытты өмір сүре бермей ме? Сол да сөз бе екен?» деп кірпігін қағып-қағып, түк түсінбей, сансыз сауалдың құрсауында отыратыны анық.
Бойына шақ ілім-білім жинаған, қызметі бар, ақылды, көрікті дәл осы Дариға жаман болғандықтан жалғыз қалып, кәрі қыз атанды ма? Анықтап қарағанда, «кәрі қыз» деген ұғымның өзі әлеуметтік категориядан бұрын – таза ұлттық сананың жемісі. Бұл ұятты жоғары қойып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын, ақ некенің қасиеті мен киесін ақыретке дейін аялауды жөн санап, ұрпағының санасына сіңірген ұлттың қаракөзі жамандығынан емес, адалдығынан осы ұғымның құрбанына айналып бара жатқан жоқ па? Режиссер салмағы ауыр сұрақтың астарын жалған пафос, өтірік пәлсапаға құрылған жансыз диалогтармен емес, өткір ой, дәлелді уәжбен ширатып, қылдан да нәзік осы шындықты жете түсінуге қарай жетелейді. Дариға жайдан-жай, бір күнде кәрі қыз бола салған жоқ. Ендеше пьесаның композициясына өзек болып тұрған оқиға мен шиеленістің де себебі болмауы мүмкін емес. Тәсілі тамаша табылған: уақыт, оқиға кері айналады. Яғни «не үшін кәрі қыз атанғанын» түсінбеген Дариғаның 38 жастан бастап 23 жасқа дейінгі өмірі кері қарай көрсетілгенде, барлық сұрақтың шешімі табылады. Жас қыздың өмірінде болуы тиіс қуаныш пен қызықтың бәрі болған екен. Жігіт те, сезім де, махаббат та, сүйіспеншілік те, бәрі болған. Өмір – мүмкіндіктер кезеңі, тағдыр оған бір емес, бірнеше мүмкіндік тарту етті – Арман, Мұрат, Марат, Жарас, Жалғас секілді жалғаса беретін бірі актер, бірі ақын, бірі бизнесмен жігіттердің қай-қайсысы да Дариғаның бақыты болуға лайық еді. Бірақ махаббатқа ессіз сенген адалдық та адамға қиянатын қалдырып кетеді екен. 23 жасында тас-талқан болып, тапталып қалған сенімін ендігі жерде ешбір үміт те, сезім де жалғап бере алмақ емес.
Спектакльді екі құрамда да тамашалағандықтан, салыстырмалы ой түюге мүмкіндік мол. Екі актрисаның да, Саяжан Құлымбетова мен Гүлнұр Шыңғысованың рөлдің ішкі қуатын бос сөзбен толтыруға тырыспағаны қуантты. Кейіпкердің ішкі психологиясын ашып көрсетуге бағытталған моноспектакльдердің үлкен кемшілігі, бәлкім артықшылығы – ол жай ғана тілдің тақылдаған техникасына сүйеніп алып баяндамашы болды ма, әлде образдың ішіне сүңгіп, сезінді ме, бірден байқалады. Саяжанның «кәрі қызы» өмірге өкпелі, сол өктемдігі шиеленіскен күйі қойылымның бүкіл өзегін бойлап, ақырғы көкейкесті мақсатқа апарады. Актриса сөз өрнегі арқылы да іс атқаруға болатынын көрсетті. Ал Гүлнұрдың Дариғасы пластикалық ойын өрнегінде жарқырай көрінеді. Себебі режиссер қыз бен жігіт арасындағы сезімнің, бір сахнадан екінші сахнаға өту кезеңіндегі оқиғалардың шешімін би арқылы тапқан. Би қойылған шетелдік әндер де бой шымырлатар эротикалық көріністерді жеткізуде аз рөл атқарып тұрған жоқ, керісінше белгілі бір мөлшерге бағындырылған сахна эстетикасына сай орындалуымен спектакль мазмұнын байыта түскен. Жастардың арасында қалыпты жағдайға айналып бара жатқан жауапсыздық, сатқындық, жалпы махаббаттағы ащы шындық осылай айтылуымен әлдеқайда өтімді. Қысқасы, қыздар соқтасы шыққан жара жайлаған теріні тіліп тұрып тұз септі. Кәрі қыз туралы өтірік жылап айта бергенше, оны өмірге өгей еткен себептерге үңіліп қарауды сұрады. Өмірде жоқ, болуы да мүмкін емес өзі қиялдан жасап алған идеал жігіттің бейнесін жүректен жұлып алмай, жылдармен бірге өсе беретін өзімшілдікті өлтірмей, көңілді күнді кем қылған тағдыр да ешқашан өңі жылып, өзгермейді...