Жүректен алған кер өлім
(Батыр 18 мамырда 53 жасқа толар еді)
«Өмір мен өлім… Екеуінің арасындағы шек адамның тынысы секілді көзге көрінбейді. Қас-қағым дүние! Бүгін бар да, ертең жоқ. Адам баласы бұл фәниге қысқа ғана мерзімге келеді де, о дүниеге мәңгіге аттанады». Бұл – Батырханның өмірінің соңғы күндері айтқан сөзі. Көрер жарығы таусылуға таяу қалғанын құдыретті күш сездірді ме екен, кім білсін?! Көзі тірі болғанда 18 мамырда 53 жасқа толар еді. Мамыражай мамырдың соңғы екі күнінде аты аңызға айналған әншінің жеке концерті Алматыда дүркіреп өтер еді. Дайындық пысықталып, билеттер сатылып та қойған болатын. Амал қанша, енді Батырдың өнерін сүйген қалың ел Республика сарайына аяулы перзентімен жүздесу үшін емес, оны еске алу үшін жиналмақ.
29 сәуір. Атқан таңның қаралы хабар алып келерін ешкім сезбеген-ді. Туған елі мен Ресейді ғана емес, ТМД елдерін тұтас мойындатқан әншінің қазасы оны қайталанбас дарын иесі деп таныған, ол айтқан әндерді өз өмірінің бір бөлшегіне балаған барлық буынның қабырғасын қайыстырып кетті. Жанға қатты батқаны – оның бұл фәниден тым ерте кетуі, өнерге бергенінен берері көп шақта бақилық болуы. Денсаулығына шағым айтып көрмеген адам жүрек талмасынан қайтыс болды дегенге жұрт илана қоймады. Бірақ аяқастынан дертті болып, өмір мен өлім арасында жатқан әншіні құтқару үшін дәрігерлер екі сағат бойы арпалысқанын марқұмның жақын достары мен өнердегі әріптестері растаған соң, сенбеске лаждары қалмады. Батырхан Шүкеновтің Мәскеудегі көмекшісі Русланның айтуынша, әнші Ресейдің «Россия 1» телеарнасынан көрсетілетін “Один в один» шоуына дайындықтан келе салысымен өзін жайсыз сезінген. Бастапқыда жедел-жәрдем шақыртуды қаламаған Батырхан тынысы тарылып бара жатқан соң Русланнан дәрігерлерге хабарласуды сұрапты. Жедел жәрдем жеткенде ес-түссіз халге түскен әншіні дәрігерлер аман алып қала алмаған.
Батырхан Шүкеновтің қазасын әлеу¬мет¬¬тік желі арқылы көпшілікке ең бірін¬ші болып «А-Студио» тобының әншісі Кети Топурия хабарлады. Кети досының суретін жариялап, астына ағылшын тілінде «Жаның жәннатта болсын» деп жазды. Қаралы хабар әншінің өнердегі дос-тары мен әріптестерінің жазбасы арқылы санаулы сағатта еліміздің түкпір-түкпіріне жетті. Қазақ перзентінің бақилық болуы оның Ресей сахнасындағы достарының да жанына қатты батты. Филипп Киркоров, Валерия, Алсу, Алексей Чумаков бастаған әріптестері бұл қазаға сенгілері келмейтінін жазды, өнер үшін жаралған адамның арамыздан ерте кеткеніне өкініш білдірді. Батырхан Шүкеновтің қазасы музыканың тілі баршаға ортақ екенін, өнер адамдарды кәрі мен жас, орыс пен қазақ деп бөлмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әншіні еске алып, әндерін қосыла шырқау үшін алматылықтар Республика сарайының алдына, астаналықтар Есілдің жағалауына, шымкенттік тыңдармандары Шәмші алаңына, Ақтөбе тұрғындары қаланың Орталық саябағына жиналды. Бұл басқосулар ешқандай сценарийсіз, алдын-ала дайындықсыз өтсе де, бір мақсатқа жұмылған мыңдаған адам, бір арнаға кеп құйылған сан алуан дауыс Батырхан әндерінің өміршеңдігін көрсетті. «Өлмейтұғын артында із қалдырған» адамның өзі де өлмейтініне көзіміз жеткен соң ғана сабыр тапқандай болдық.
Өнермен өрілген өмір
Саналы ғұмырын қазақ өнерін өрістетуге арнаған біртуар дарын иесі 1962 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оның музыкаға әуестігі бала күнінен басталады. Баспасөзге берген бір сұхбатында: «Шамамен бес жасар кезімде Лата Мангешкар атты керемет әнші мені баурап алды, оның дау¬сы үнді фильмдеріндегідей керемет әсер беретін. Жеті жасымда Батыр Закиров, Валерий Ободзинский мен Том Джонстың әндеріне қызықтым. Он үш жасымда әйгілі Ермек Серкебаевтың орындауындағы халық әндері мен «Наш милый доктор» фильмінде орындайтын әнін тыңдадым. Содан кейін бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенованың әндерін ұнаттым. 17 жасымда Стиви Уандер есімді керемет әнші менің жүрегімді бау¬рап алды», – деген екен. Арманына қол жеткізгісі келген талапты жас Ленинград мәдениет институтын тәмамдаған соң Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына оқуға түседі. Студент кезінен-ақ Роза Рымбаева жетекшілік ететін «Арай» ансамбліне саксофонист ретінде қабылданды. 1983 жылы джаз композицияларын орындап, Бүкілодақтық фестивальде лауреат атанған топтың құрамында Батырхан Қамалұлы альт және тенор-саксофонда виртуозды орындаушы ретінде өнер көрсетті.
Батырхан Шүкеновпен ансамбльде он жыл бірге тізе қосып жұмыс істеген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева: «Батырхан менің бауырым, сүйікті бауы¬рым еді. Менің әрбір концертіме бүкіл әнсапарларын жинастырып қойып, қай жақтан болса да ұшып жететін. Екеуміз дуэтпен ән айтатынбыз. Ол саксофонда ойнайтын. Батырхан өнердегі алғашқы қадамын «Арай» ансамблінен бастады. Тасқын Оқапов оны консерваториядан жетелеп алып келіп, ансамбльдің құрамына қосты. Он жыл бойы бірге еңбек еттік. Іздендік, талпындық, алға үлкен мақсаттар қойдық. Тәжірибеміз толысқаннан кейін әрқайсысымыз өз жолымызбен кеттік, өнердегі өз соқпағымызға түстік. Бірақ байланысымыз үзілген жоқ. Батырханнан көз жазып қалу мен үшін де үлкен қайғы. Қазақ өнері үшін де орны толмас қаза. Өнер адамдары үшін де ауыр. Өйткені халықаралық сахналарда жүрген әншілеріміз өте аз», – деп еске алады.
1987 жылы Батырхан Шүкенов «Алма-Ата» атты топ құрып, ұжымның негізгі солисті ретінде өнер көрсетті. Бір жылдан кейін, топ құрамындағылар «Мелодия» фирмасында өздерінің алғашқы «Путь без остановок» атты альбомдарын шығарып, топтың атын «Алма-Ата Студио» деп өзгерткен. Ал 1989 жылы өнер ұжымы «Джулия» деп аталатын өзінің алғашқы бүкілодақтық хитын таныстырып, Алла Пугачеваның ән театрына шақырту алды. Ресей әншісінің «Рождественские встречи» ән кешіне қатысқаннан кейін «А-Студио» тобы одақ көлеміне белгілі бола бастады. Әншінің ерекше орындауындағы «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви», «Эти теп¬лые летние дни», «Нелюбимая» сынды жаңа әндері ұжымның танымалдығын тіпті арттырды. Десе де, 2000 жылы Батырхан Қамалұлы «А-Студио» құрамынан шығып, жеке шығармашылыққа бет бұруды ұйғарады. Қазақтың дарынды перзенті туған еліне қайта оралып, «Отан-ана», «Сағым дүние» сынды әндерді тыңдарман назарына ұсынды. Жеке шығармашылығына ден қойған 15 жылдың ішінде Батырхан Шүкеновтің 6 әнжинағы жарық көрді.
Әншінің басқа әндері бір төбе болса, әрбір қазақтың жүрегінде патриоттық рух оятатын «Отан-анасы» бір төбе. Нағыз қазақы болмысқа толы сырлы әнді өнердегі дара жолын бастаған әншіге белгілі сазгер Қуат Шілдебаев ұсынды. Ал ән сөзін ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев жазған болатын. Әннің шығу тарихын еске алған композитор: «Түнгі сағат 2-нің шамасы. Ішімнен туған еліме, жеріме, Отаныма арнап жақсы ән жазуды мақсат еттім. Бұл ән жүректі тербеп, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті оятуы керек деп шештім. Бір нотадан кейін басқа ноталар жалғасып, күйсандықта ойнай жөнелдім. Әуен ойнаған сайын өзіме ұнап барады. Бір алып күш мені осы әуенді ойнай беруге итермелегендей болды,» – дейді. Әуен дайын болған сәтте-ақ, сазгер таңның атуын тағатсыздана күтеді. Күн рауандап атқан кезде Қуат Шілдебаев дереу Тұманбай Молдағалиевтің жұмысына жол тартады. Мәтіннің қандай болу керек екенін ақын ағасына жақсылап түсіндірген. Арада біраз күн өткен соң ән мәтіні дайын болыпты. Бірақ сол кезде филологтар ән мәтіні түсінуге де, айтуға да қиын деп шешкен. Сондықтан мәтіннің екінші нұсқасын жазуға тура келеді. Ақын Ибрагим Исаев сазға сай қылып «Қызыл жауынгерлер» деп аталатын өлең жазып берген. Өкінішке қарай, жаңа ән өз орындаушысын таба алмай, біраз жыл сандықтың түбінде шаң басып жатып қалыпты.
Араға жылдар салып бұл ән өз орындаушысын тапты. Композитордың «Отан-ананы» Батырхан Шүкеновке ұсынуы кездейсоқтық емес. Әнші әнге жан бітіріп, ән әншіні танытып, екеуі бір-бірінің бағын ашатынын сезген болар, бәлкім.
Батырхан Шүкенов өмірінің соңғы күндеріне дейін музыкадан қол үзген жоқ. Тыңдарманына «Мне поможет весна», «Письмо души», «Я любил тебя другой» атты жаңа әндер ұсынды, көрерменін жаңа бейнебаянмен қуантуды да ұмытқан емес. Биыл жыл басынан бері әнші өз уақытының басым бөлігін ресейлік «Россия 1» телеарнасының «Один в один» телешоуына арнаған болатын.
Шулы шоу шаршатты ма?
Жазмыштан озмыш жоғын білсек те, Батырхан Шүкеновтің аяқасты келген дертінің себебін іздегендердің қатарынан біз де табылдық. Көкейдегі сауалға жа¬уап табармыз деген үмітпен соңғы уақытта берген сұхбаттарын парақтап, түскен суреттерін ақтардық. «National Business» журналына «Один в один» телебайқауы туралы берген сұхбатында музыкант: «Шынымды айтайын, байқау атаулыны жаным қаламайды. Мен үшін байқау көп күш жұмсайтын, жүйкеге жүк салатын жағдай. Бірақ мұндай жобаларда барлық қырыңнан көрінуге талпынып, әдеттегіден ерекшеленуге тырысасың, маған сонысымен ұнайды», – деген екен. Онысы рас, «Один в один» музыкалық телешоуы Батырхан Шүкеновті көрермен бұрын соңды көрмеген жаңа қырынан танытты. Ол сомдаған Лучано Паворотти, Луи Армстронг, Сезария Авора, Ты¬нис Мяги бейнелерінің сәтті шыққаны соншалық, сырбаз мінезді әншінің актерлік шеберлігі талайды таңғалдырды. Бірақ бір өкініштісі, жоба барысында ол көп күшін сарқып алған сияқты. Батырханның өз сөзіне сүйеніп, апта сайын болатын түсірілімдер мен қатарынан бірнеше күнге созылатын дайындық әншінің жүйкесіне ауыр салмақ түсірді ме деп сезіктенеміз. Бірақ ол сыр алдырған жоқ, жобаның көрерменге жол тартып үлгерген 12 санында өзі ұсынған 12 жарқын образбен үнемі үздіктер қатарынан көрінді. Екі эфирден соң байқаудың ақтық кезеңіне қатысуы керек-тін. Бәлкім топ жарар ма еді? Өкінішке қарай, соңғы бағдарлама Батырхансыз түсірілді. Жобаның үш маусымдағы қатысушылары түгел жиналып, қазақ әншісінің «Джулиясын» шырқады. Ондағы мақсат – әндері барда Шүкеновтің есімі жүректерден ешқашан өшпейтінін көрсету еді.
Ренат Гайсин, композитор:
– Батырхан екеумізді 2001 жылдың көктемінде Қуат Шілдебаев таныстырды. Сол жылы үшеуміз оның «Отан-ана» атты альбомын қолға алдық. Әнжинақты дайындау үшін ұйқысыз өткен түндерді, Батырдың аты аңызға айналған «Selmer»-ін ешқашан ұмытпаймын. Оның сол кезде айтқан: «Риныч, көр де тұр, бұл альбом тарихта қалатын болады», – деген сөздері де жадымда жаңғырып тұр. Солай боларына титтей де күмәнім жоқ.
Екеуміз гастрольдік сапарларға жиі бірге шығатынбыз. Денсаулығына шағым айтқанын ешуақытта естімеппін, аурухана төсегінде жатқанын тіпті көрген емеспін. Ауырмай-сырқамай, бір түннің ішінде арамыздан алыстап кетті.
Ол менің ұстазым болып қала береді. Мен Батырханның әндерін бала кезімнен тыңдап өстім. Бір көріп, танысуды ұзақ уақыт армандадым. Ақыры танысып қана қоймай, сырлас досқа айналып кеттік. Маған оны жақынырақ танып, қоян-қолтық жұмыс істеу бақыты бұйырды. Оған арнап алғашқы авторлық әнімді жазарда қалай толқығаным әлі есте. Одан кейін жыл өткен сайын Батырдың репертуарындағы әндерімнің саны арта түсті. Батырхан Шүкеновтің қазасы менің ғана емес, оның өнерін жоғары бағалайтын барлық тыңдарманның қабырғасын қайыстырды. Қазақ өнерін әлемге танытып, ұлттық эстраданың керегесін кеңейту жолында барын салған азамат еді. Батырдың арқасында қазақтың музыкасын Ресей мен ТДМ елдері ғана емес, алыс-жақын шетелдің біразы мойындады. Туған елі оның өзін де, әндерін де ешқашан ұмытпайды.
Медеу Арынбаев, әнші:
– Өнерге алғаш қанат қаққанда «Арай» тобына қатты еліктедік. Ол кезде ансамбльдің атағы дүркіреп тұрды. Елімізде ғана емес, одақ көлемінде аттары жайылды. Басқалар қалай қабылдағанын білмеймін, бірақ «Арай» Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды дегенді естігенде джаз-рок бағытына ден қойған мен сияқты жастар ансамбльдің бұл жетістігі үшін қатты қуандық. Саксофонның құлағында ойнайтын Батыр ағамыздың өнеріне сүйіспеншілік сол кезден басталды. Кейін Батырхан Қамалұлы «Алма-Ата», қазіргі «А-Студио» тобын құрған кезде бізді өзінің ешкімге ұқсамайтын вокалдық бағытымен таңғалдырды. Топтың Ресей эстарадасын бағындыруы да қазақтың барлық жас әншілерін қанаттандырды, жаңа жетістіктерге бастады. Мәселен, біздің «АБК» тобының «А-Студиодан» үйренгені көп, бастапқыда сол ұжымның тәжірибесін басшылыққа алдық. Батырхан аға жеке шығармашылығын қолға алған кезде де өзінің ерекше бағыт-бағдары, ән таңдаудағы жоғары талғамы арқылы өзгелерден оқ бойы озық тұрды.
Кейін өнерден өз орнымызды тапқан соң Батырхан ағамен талай рет сахналас, сапарлас болдым. Жақын араласып кетпесек те, әріптес ретінде сыйластық, көрген жерде сәлеміміз түзу болатын. Музыка жайлы бірнеше рет әңгіме-дүкен құрдық, жастарға білгенін үйретуден тартынбайтын. Мен ол кісіні өнерге адал, шын берілген адам ретінде таныдым. Жасаған әрбір дүниесінің сапалы, биік деңгейлі болуына баса мән беретін. Сол ұстанымнан тайған жоқ. Екі елдің сахнасына да саф өнерімен қызмет етті. Бірақ ТМД елдерінің көлемі оның тынысына тарлық еткенін несіне жасырайық? Оның өрісі – әлемдік деңгей, бұл фәниден тым асығыс кетпегенде қазақ музыкасы дүниежүзінің әлі талай сахнасында шырқалар еді.
Анар ЛЕПЕСОВА
turkystan.kz