Журфакта – жаңа басшы
Белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, халықаралық Айтматов академиясының академигі Өмірхан Әбдиманұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне декан болып тағайындалды.
Өмірхан Әбдиманұлы 1953 жылы Жамбыл облысының Құлан өңірінде дүниеге келген. 1982 жылы М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін әдеби қызметкер мамандығы бойынша бітірген. 1982-1983 жылдары Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде қызмет істеген. 1983-1988 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде теле-радио журналистика кафедрасының оқытушысы, ал 1988-1991жылдары ҚазҰУ-дің филология факультетінің аспирантурасында оқыған. 1992 жылы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы бойынша «А.Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» атты кандидаттық диссертация қорғаған. 1991 жылдан ҚазҰУ-дің филология факультетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. 1993-1995 жылдары сырттан оқытатын филология факультетінің, 2002-2005 оқу жылдарында филология факультеті деканының орынбасары қызметтерін атқарған. 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 2009 жылдан қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі.
Өмірхан Әбдиманұлы – қазақ әдебиеті тарихының «ақтаңдақтарын» ашуға елеулі үлес қосып, Алаш тарихын, Алаш арыстары шығармашылығын терең зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазған әдебиет зерттеушісі. Ғалымның қаламынан шыққан «Қазақ газеті» ( Алматы: Қазақстан, 1993. – 198 б.), «Ахмет Байтұрсынұлы» (Алматы: Арда, 2007. – 296 б.), «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» (Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 325 б.) «Ахмет Байтұрсынұлы» (Алматы: «Арда», 2007. – 296 бет), «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух (Алматы: Қазақ университеті. – 192 б.) монографиялары – уақыт үдерісіндегі әдебиеттану ғылымының алдына қойылған талаптарына сай жазылған, замана сұранысына толық жауап беретін жаңашыл сипатымен әдеби-ғылыми ортада лайықты бағасын алған ғылыми еңбектер. Ұлағатты ұстаздың жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттеріне арналған «Қазақ әдебиеті» (Алматы: Изд-во «Мектеп», 2007. – 288 б.) оқулығы, «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 430 б. ), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі (1900-1940)» (Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 156 б.) оқу құралдары қазақ әдебиеті тарихын жаңаша оқытуды шарт тұтқан, Алаш әдебиетін негізге ала отырып жазылған алғашқы ұлттық жаңа буын оқулықтары болып табылады. Ғалым Алаш тарихына, Алаш әдебиетіне, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арнап 100-ден астам ғылыми мақалалар жазды.
Өмірхан Әбдиманұлы республиканың білім жүйесіндегі шығармашылығы және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен (1996) және «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен (1997) марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлығының иегері.
Қазақ журналистикасының қара шаңырағы болып саналатын факультеттің тізгінін қолға алған Өмірхан Әбдиманұлының жаңа жұмысына табыс тілейміз.
«Алаш айнасы»