Журналистер де «Болашақ» арқылы шетелде оқуы мүмкін
Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған қиын-қыстау кезеңдері, дәлірек айтқанда, 1993 жылы қат мамандарды даярлау үшін Елбасы «Болашақ» стипендиясын тағайындаған-ды. Биыл бағдарламаның дүниеге келгеніне 20 жыл толып отыр. Осы аралықта, әлемнің 30-дан астам елдерінде халықаралық Шанхай, «Times» рейтингіне енген беделді университеттерінде білім алған мыңдаған «Болашақ» түлектері түледі. Ендігі кезекте, отандық журналистердің де шетелде білімін жетілдіріп, тағылымдамадан өтуі үшін арнайы квота қарастырылмақшы. Бұл турасында кеше Астанада өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында БАҚ саласы мамандарын даярлау бағдарламасының» таныстырылымында мәлім болды.
Жалпы, «Болашақ» бағдарламасының дамуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, 2005 жылға дейінгі даму кезеңі. Бұл уақыт аралығында 800-ге жуық қазақстандық азамат әлемнің төрт елінде, атап айтқанда, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Франциядан білім алған. Ал 2005 жылдан бастап, Елбасының шешімімен стипендиаттардың қатары 3000-ға артты. Соған сәйкес, түлектердің білім алатын оқу орындарының саны да ұлғайды. Әлемнің 33 елінде 200-ге жуық жоғары оқу орындарынан дәріс алуда. Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы 2010 жылдан мамандарды мақсатты түрде даярлауға ден қойды. «Мемлекеттік қызметкерлерге, педагогикалық мамандарға арнайы квота тағайындалды. Сонымен қатар 2012 жылы алғаш рет медицина, инженер-техникалық мамандарға, мектеп мұғалімдеріне шетелдің кез келген оқу орындарында «Болашақ» стипендиясы шеңберінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасалып отыр», – дейді А.Абылайхан.
Ақерке АБЫЛАЙХАН, ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары:
– Қазіргі кезде көптеген журналистерден тілдік курстардан өтуге қатысты өтініштер түсіп, арнайы квота бөлу идеясын ұсынып жатыр. Себебі квота шеңберінде алдын ала тілдік курстар оқытылады. Шет тілді меңгеру басты талап екендігін ескерсек, ағылшынша білмеген журналист шетелге оқуға бара алмайды. Сондықтан, ағылшын тілінен базалық деңгейі болуы шарт. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде кадрлар даярлау мәселесіне арналған кеңесте журналистердің магистратура бойынша білімін жетілдіруге, шетелде тәжірибеден өтуге квота қарастыру мәселелері талқылануда. Бұдан бөлек, ғылыми және педагогикалық қызметпен айналысып жүрген журналистер қазірдің өзінде байқауға қатыса алады. Олардың ғылыми-педагогикалық мамандарға арналған квотамен бір айдан бір жылға дейін шетелде тәжірибеден өту мүмкіндіктері бар.