Журналистер мәртебесі қайда?
Демократиялық басқару үлгісін таңдап, өркениетке қадам басқан кез келген елде бұқараға ақпарат тарататын құралдардың мәртебесі жоғары. Сөз бостандығы қалыптасқан елдерде қаламымен ғаламдық проблемаларды көтеретін журналистер қауымын ерекше әспеттеп бағалайды. Яғни ресми болмаса да арнайы мерекелік күн белгілейді. Қазақстандық журналистер өздерінің арнайы мерекесін атап өтіп жүргендеріне көп уақыт өте қойған жоқ. Тек 1999 жылы 29 маусымда «Қазақстан Республикасында жаппай ақпарат тарату құралдары туралы» алғашқы Заң қабылданды. Сол кезден бастап 28 маусым – Баспасөз, телевизия және радио күні ретінде аталып келді. Ал осыдан үш жыл бұрын бұл күнді алып тастауға шешім қабылданып, маусымның соңғы жексенбісі мерекелік БАҚ күні деп белгіленді. Осынау мерекемізге орай, ақпарат саласында жүрген журналист деп аталатын «майдангерлердің» әлеуметтік мәртебесі туралы сөз қозғамақпыз.
Егер ғылыми тұрғыдан саралайтын болсақ, ақпарат саласында жүрген жауынгерлерден ең басты үш мәселе талап етіледі: идея байлығы, іскерлік қабілет және психологиялық, яғни шапшаңдық, тіл табысу, қызығушылық қабілеттер. Бұл – барлық елдің журналистеріне қойылатын ортақ талап. Бірақ оларға көрсетілетін құрмет пен қызмет әрқилы. Біздің қоғамда мемлекеттік қызметкерлер, медицина қызметкерлері мен педагог қауымның әлеуметтік мәртебесі белгілі бір деңгейде ескерілген. Яғни мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылады. Материалдық кішігірім көмектерден бастап, баспаналы болуға да аз да болса мүмкіндіктер бар.
Ал «төртінші билік» деген бейресми атауға ие болған ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мүлде қарастырылмаған десе де болады. Халықтың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп, халықтың әлеуметтік проблемаларын шешуге атсалысатын, биліктің саясатын халыққа түсіндіретін журналистер қауымы өз еңбектерінің жемісін лайықты түрде көре алмай отырғаны жасырын емес. Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ. Қайсыбір жылдары Алматы қаласын басқарып тұрғанда Иманғали Тасмағамбетовтің журналистерге деген көзқарасы түзу еді. Бірақ игі бастаманы іліп әкететіндер табылмады.
Шығармашылық иелерінің паң мінезді келетіні белгілі. Жөн сұраса қалсаң, пәтер іздеп, көшіп-қонып жүретін замандастарымыз «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, сырт көзге сыр білдірмейді. Қиыншылықтарға қарамастан, көштен қалған кезіміз жоқ. Әлемдік ақпарат кеңістігінің уақытынан қалып, көш соңында қалмағанымыз анық.
Жәнібек СҮЛЕЕВ, «Известия-Казахстан» газетінің редакторы:
– Қазіргі кезде еліміздегі журналистердің әлеуметтік мәртебесі жоқ деуге де болады. Қателеспесем, бұрынғы Кеңес Одағы тұсында журналистерге қосымша алты шаршы метр жер қарастырылатын. Ал қазіргі журналистерде мұндай мүмкіндік жоқ. Бүгінгі біздің қоғамда журналистің әлеуметтік статусы айқындалмайынша, оның құқықты, әлеуметтік тағы басқа да мәртебелері жоғары болмайды. Мысалы, Ресейде, өзге де еуропалық мемлекеттерде бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Шынайы демократиялық елдерде БАҚ шынымен де «төртінші билік» иесі болып табылады.
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, «Мысль» журналының бас редакторы:
– Кейбір деректер бойынша, журналистердің жұмысы қиындығы бойынша шахтерлерден кейінгі екінші орында екен. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Бірақ ақпараттық салада жүргеннен кейін журналистиканың қаншалықты қиын екенін сезініп, көріп-біліп жүрміз. Осындай ауыр жұмысты көтеріп жүрген қаламы қарымды журналистердің әлеуметтік мәртебесінің айқындалмауы әлі күнге дейін түсініксіз. БАҚ-тың дені жекеменшік деп, қызметкерлерге көп көңіл бөлінбейді. Ал батыста ақпарат құралдары о бастан жекелеген азаматтардың қолына өткен. Соған қарамастан, АҚШ-та, Канадада журналистердің мәртебесі өте биік. Кезінде АҚШ-та Никсон биліктен кетірілгенде бір газеттің шолушысы үлкен шу көтерді. Бірақ ол шолушыға бас редактордың билігі жүрмейді. Сол кезде бас редакторға биліктен әлгі шолушыны «қызметтен босат» деген тапсырма түседі. Бірақ газет басшысы «шолушым кетсе, басылымның деңгейі түсіп кетеді» деп, биліктің бұйрығын орындаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Міне, батыс қоғамында журналистердің мәртебесі осындай. Бізде білікті кадрлар жоқ емес. Бірақ солардың қадірін білмей жүрген сияқтымыз. Қазір қазақтілді журналистер орыстілді әріптестерінен 1,5-2 есеге дейін төмен жалақы алады. Жас журналистер отбасыларымен пәтерден пәтерге сабылып көшіп жүреді. Осыдан-ақ біздің қоғамдағы журналистердің әлеуметтік және тағы басқа мәртебесінің қандай екені көрініп тұр.
Ақпарат саласында жүрген азаматтарымыздың пікірі осындай. Бұған әлі күнге дейін белгілі бір мәртебеге ие бола алмай жүрген қаламгер қауымының барлығы қосылары сөзсіз.
Қазір көршілес Ресейдің ақпарат құралдарының қызметкерлерінің ақпараттарына тамсанып, таңдай қағатындар көп. Неге? Себебі ресейлік ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан қолдау бар. Әлемнің түкпір-түкпірінде тілші ұстап отырған бірнеше телеарна жұмыс істейді. Оқиға орнынан тікелей репортаждар жасау, көзбен көргенін дер кезінде қағазға түсіру, әрине, қызықты ақпараттардың тууына себепші бола алады. Ал шетелде біздің басылымдар тұрмақ, мемлекеттік деңгейдегі телеарналарымыздың тұрақты тілшілері жоқ. «Мәдени мұра» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Ал еліміздегі қазақтілді ақпарат құралдары ұлт жәдігерлері мен жауһарларын жиыстырып, басылымдар мен телеарналарға өз күштерімен шығарып, зерттеулер жүргізіп келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақтілді журналистердің жұртқа белгісіз жәдігерлерді жинаудағы ізденістерін неге қаржылай қолдамасқа? Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге сүбелі үлес қосып, қорған болып отырған да – қазақ тілінде жарық көретін газет-журналдар. Қоғамда «қазақтілді басылымдар Тәуелсіздік алған тұстан бері ұлттық партияның рөлін атқарып келеді» деген дұрыс пікір де қалыптасқан. Сөйте тұра әлі күнге дейін қазақтілді журналистердің форумын ұйымдастыру мүмкін болмай келеді. Ал әлеуметтік мәртебесі анықталса, сөз жүзіндегі «төртінші билік» өкілдері әлеуметтік, құқықтық кедергілерге кездесіп, өгейси ме еді?
Базына:
Құдай бетін аулақ қылсын, қазір әлемде жаһандық соғыс болмаса да, ақпараттық соғыс әлдеқашан басталып кеткен. Жұмыр жерде ақпараттық соғыстан тыс бірде-бір ел бар ма? Сол мылтықсыз майдандағы мемлекеттің, ұлттың қорғаны, елдіктің құрыш сауыты – журналистика сарбаздары. Тіпті Тәуелсіздіктің негізін қалаушылардың алдыңғы шебінде журналшы қауым қасқайып тұр. Демек, бүкіл өмірін ақпараттық майданға, ұлт алдындағы ағартушылық миссияға арнайтын қаламгер кәсіп иелерінің әлеуметтік мәртебесін айқындайтын кез жетті.