Журналистердің естеліктері «Солай болған»
«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні құрметіне орай тілшілер қауымын құттықтап, есімі елге белгілі журналистердің естеліктерінен құралған «Солай болған» және «Был случай» атты екі жинақтың тұсауын кесті. Аталған екі жинақты «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Александр Тараков құрастырыпты. Республикалық, өңірлік және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары жиналған шараға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев пен мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай арнайы келіп, әріптестерді мерекелерімен құттықтады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтардың ақпарат алу құқығын және еркіндігін қамтамасыз ететін ең ұтымды тетік екендігі баршаға мәлім. Қоғамның көңіл күйі қандай болса, біздің журналистикамыз да сондай. Дегенмен де осы қоғамды адастырмау, болған оқиғаның жай-жапсары анықталмай жатып, дәйексіз ақпар таратып, елді дүрліктірмеу көп жағдайда ақпарат айдынында жүзген бұқаралық ақпарат құралы «капитанына» байланысты. Сондықтан да кеме басшыларының, яғни бас редакторлардың иығында өте ауыр жүк тұрғаны айтпаса да түсінікті», – деді осы шараның мәнін ашқан «Бас редакторлар клубының» президенті Кенжеболат Жолдыбай. Ал мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай тілшілер қауымының бүгінгі қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық екеніне тоқталып: «Олар қоғамымыздың дамуына, ақпарат саласының ашық болуына өз үлестерін жоғары дәрежеде қосып келеді. Республикалық, аудандық, өңірлік басылым, телеарналар, ғаламтор ресурстарындағы ақпарат құралдарының ортақ мақсаты – қоғамға сапалы ақпарат жеткізу. Осы тұрғыдан алғанда, сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз», – деп бағалаған министр барша журналисті төл мерекесімен құттықтап, игі тілегін айтса, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев мырза ел Тәуелсіздігін алған жылдарда ақпараттық кеңістігіміз түбегейлі өзгергеніне тоқталды. «Отандық жаңа медианарық қалыптасты. Қазіргі таңда елімізде 2700 бұқаралық ақпарат құралы оқырман қауымға жол тартуда. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының саны мемлекеттік ақпарат құралдарынан үш есеге артты», – деген Б.Асаубайұлы бір топ редакторға өз қолымен сый-сияпат тапсырды.
Нұртөре ЖҮСІП, «Солай болған» жинағын құрастырушы, «Айқын» газетінің бас редакторы:
– Журналистің жұмысы – жүйке мен жүректен өтетін ауыр жұмыс. Кітаптың алғы сөзін жазған Дархан Қамзабекұлы: «Журналистика – қайнаған өмірдің өзі», – деп атап көрсетеді. Міне, сол қайнаған өмірдің иелері – ақпарат айдынында әрдайым алда жүретін қалам иелерінің кәсіби қызметі барысында бастан кешкен әрі бұқара назарынан тыс қалған қызықты оқиғалары мен хикаялары осы жинаққа арқау болды.