Журналистік этика қағидалары талқыланды
Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастырумен «Журналистік этика» тақырыбында семинар-тренинг болып өтті. Бүгінгі қоғамның құлағы мен көзі болып отырған ақпарат майданының ақтаңгерлері әрдайым шеберліктерін шыңдап отыруы тиіс. Аталмыш семинар іздегенге сұраған болды. Семинарға қатысқан облыстық және аудандық БАҚ өкілдері өздеріне аса қажетті ақпарға қанығып, қоржындарын қомақтыландырды.
Бұл жолғы басқосуда талқыланған мәселе «Журналистік этика» тақырыбында өрбіді. Қалам ұстаған қауым қоғамға үлгі болуы тиіс. Сондықтан да қай жағынан болса да олар біліктілігін жетілдіріп отырса артықтық етпейді. Семинар-тренинге белгілі журналист, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Алаш айнасы» интернет-газетінің бас редакторы Серік Жанболат пен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы қоғамдық қорының жетекшісі Есенкүл Кәпқызы Алматыдан арнайы келді. БАҚ саласында талай жылдық тәжірибесі бар, талай талантты тілшінің тұсауын кескен Серік Жанболат семинар барысында «Журналистің әлеуметтік ұстанымы мен кәсіби этикасының нормалары» атты баяндама оқыды. Кәсіби тарлан ә дегенде қағазға қарап шұқшимай, журналистердің өзіне де сауал тастай отырып, қызықты ақпараттарға қанықтырды. «Біз консерватор халықпыз. Заманауи технология жаһандық жылдамдықпен алға тартып барады. Біз соған ілесе аламыз ба? Бейімделіп үлгере аламыз ба?.. Тілші қауым бұрынғы соқпақты шиырлай бермей замана желімен үндесіп отыруы тиіс...» Өзіндік үні, өзіндік айтар ойы мықты С.Жанболат сөзін осылай түйіндеді. Телевизия саласында да талмай қызмет еткен, апталық газетті қалай шығару керек екенін үйреткен мықты менеджер Серік Жанболат мырзаға тілшілер қауымы сұрақты қарша боратты.
Есенгүл Кәпқызы: «бүгінгі күні қазақ журналистері оқырманға қызмет ете алмай отырмыз, осы уақытқа дейін бір қоғамдық телеарна аша алмай отырмыз. Сосынғысын ақпараттың шынайылығын тексеру 2-ші планға қалып кете береді. Тақырып қойғанда да, біреудің жеке басы туралы жазғанда да өте абай болу керек. Бізде кейбір газет, интернет сайттары кейде тым шектен шығып кетіп жатады» дей келе журналистік этика туралы нақты дәлелдермен біраз мәселенің басын ашып берді. Аталған семинар-тренингтің тілші қауымға берері көп, әрине. Алдағы уақытта да жалғасын таба ма деген сұраққа Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Берік Уәли: «Әрине, мұндай шаралар жалғасады. Жылдың аяғына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев, «Айқын» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлзина Бектасова, «Астана» телеарнасының тележүргізушісі Жайна Сламбек және «Абай» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат өз тәжірибелерімен бөліспекші» деп жауап берді.