Журналистика мен киноның Телқоңыры
1957 жыл. Алматы. Үкімет үйі. Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевтың кабинеті. Таяу арада Үндістанда Бүкілдүниежүзілік ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі өтпек. Ел мәртебесін өсіретін шара. Оған Үкімет басшысы Жолдау арнауда. Бірақ Одақтағы ортақ тілде емес, өз ана тілінде өрбітіп сөйлеп отыр. Сабырлы да жағымда қоңыр үн. Оны «Репортер» таспасына жазып алып отырған – Төлеухан Кенжебаев...
Төлеухан КЕНЖЕБАЕВ, журналист, киносценарист:
– Сол кезде жасым 27-де. Алдында ғана Мәскеуде өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің VІІ фестиваліне қатысып келген едім. Оған дейін радиода дыбыс жазу үшін салмағы ауыр, арнайы бір көлік алып жүретін қолақпандай аппарат қолданылатын. Сонда Одақтың радио комитеті арнайы алдын ала жасатқан салмағы жеті келідей «Репортер» деген магнитофон беріп, соны пайдалануды үйретті. Соның жетеуін Алматыға ала келдік. Димекеңнің дауысын сонымен жаздым. Тек ол кісі «ежелгі» сөзін «әжәлгі» деп айтты. Сөйлемді қайталап оқығанда тағы да «әжәлгі» деді. Болмағаннан кейін, дауыс жазып болып, «Димеке, «ежелгі» деп жеке айтыңызшы» деп, кейін монтаждап, ол кісінің «әжәлгі» деп қолданған тұсына осы «ежелгіні» салып жібердік.
Бұл – бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қазақ журналистикасы мен киносының ардагері, ел ағасы Төлеухан Кенжебаев. Соғыс балалары қатарындағы Төкең әке-шешеден ерте айырылып, 1952 жылы сол кездегі КазГУ-дің журналистика факультетін тамамдаған соң, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде, алдымен әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі және жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Бір қызығы – оқуға түспей тұрып та, Төкең осы газетте корректордың көмекшісі болып жұмыс істеп кеткен еді. Бұдан кейін жас журналист 1956 жылы Мемлекеттік телерадио комитетке қызметке шақыртылды. Қазақ радиосында тілші, редактор, кейін бас редактор қызметін атқарды. Сол кезде оқиға орнынан радиоға алғаш тікелей репортаж жүргізген журналист осы Төкен аға болатын. Төлеухан 1957 жылы жоғарыда аталған VІІ фестивальдан, арада бір жыл өткен соң тағы да Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінен де тікелей хабар таратқан болатын. 1936 жылдан кейін екінші рет өткізілген онкүндік ел мәдениетіндегі айрықша оқиға еді. Ал мұндай айтулы шараларды насихаттау, онда да болса, тікелей толқында хабар тарату сол кезде үлкен жауапкершілік пен шынайы шеберлікті қажет ететін. Осыдан кейін Төкең теледидарда да тікелей толқында хабарлар жүргізіп отырды.
– 1965 жылы бүкіл дүние жүзін өздерінде шығатын «Татра» көлігімен аралап жүрген Чехославакияның белгілі саяхатшылары Иржи Ганзелка мен Мирослав Зикмунд Қазақстанға келіп, оларды қатыстырып, тікелей толқында Әнуар Әлімжанов екеуміз хабар жүргіздік. Студияда Әбілфайыз Ыдырысов бастаған журналистер де болып, сұрақ-сауалдарын қойып отырды. Дүние жүзін аралап жүрген саяхатшылардың Қазақстанға аялдауы айтарлықтай ел назарын аудартты. Олар барған елдерінің тілінде алғыс айтар сөзін жазып алып, өздері болған жерлердің маршрутын сызып жасаған екен, онда қазақша да «рахмет» деп жазылған.
Төлеухан Кенжебаев 1965 жылы «Қазақфильм» киностудиясына қызметке келді. Киностудия қайнаған нағыз шығармашылық қазаны болатын. Төкең осы ортада да жауапты қызметтер атқарды. Әуелде шығармашылық-өндірістік бірлестіктің деректі және ғылыми-көпшілік фильмдер бойынша бас редакторы болған Төкең кейін киностудия директорының орынбасары, сосын директорлыққа дейін өрледі. Мұның бәрі бүгінде айтуға ғана оңай. Төкең сонда жүріп атқаратын қызметіне қоса шығармашылықта сценарист, аудармашы қырынан да таныла бастайды. Бір өзі 15-тен аса деректі фильмнің сценарийін жазып, 50-ден аса деректі фильмнің, 10-нан аса көркем фильмнің аудармасын жасайды. Төкең сценарий авторы болған деректі фильмнің бірі «Менің Отаным – Қазақстан» деп аталатын. Бір сағаттық толық метражды деректі фильм түсіріліп, монтажы жүріп жатқанда, ел басшысы Димекеңнің өзі сенбі сайын келіп, жұмыс барысымен танысып отырған.
Төлеухан Кенжебаев, Иржи Ганзелка, Мирослав Зикмунд, Әнуар Әлімжанов – тікелей толқында
«Қазақфильмді» Төкең басқарып тұрған тұста документалистикаға ерекше мән берілді. Ел мен жер, елдің ертеңі мен бүгіні туралы, ел ағалары мен қайраткерлер турасында қаншама дүниелер жарыққа шықты. Солардың бірнешеуінің сценарийін Төлеухан ағаның өзі жазған болатын.
Бұл Төлеухан ағаның нағыз кемеліне келіп, толысқан шағы еді. Соған сай өнімді еңбек еткен ол кейін Қазақ КСР Мемлекеттік телерадио комитетінің шетелдерге хабар тарататын Бас редакциясының бас редакторы, кейін ел Министрлер Кеңесінің аға референті, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бертін еңбек демалысына шыққан уақытта да ел киносын дамыту үшін өзіндік үлес қосты. Қарт киногерден бүгінгі қазақ киносына деген көзқарасы қалай, соны сұрадық.
– Сонау бір жылдары «жаңа толқын» деген шықты. Қазақстаннан Мәскеуге барған бір топ жігіттер Бабочкиннен, ВГИК-тен тәлім алып қайтты. Кейін сценарист, режиссер, актер болып оралған олар кинода жаңалық тудырудың көбін қазақтың күнгей жағын көрсетумен байланыстырып кетті. Сөйткен олардың туындылары халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүрді. Бұл туындыларды тек кино мамандары ғана түсінетін. Қазіргі «Келін» туындысының айналасындағы даудың да төркіні соған қарсы жауап болса керек.
Төкен ағаның араласуымен осы жылдары «Қазақфильм» әйгілі «Құлагер» және «Шоқ пен шер» туындыларын түсірді. «Шоқ пен шер» Монте-Карлоның күміс медаліне ие болды. Үлкен резонанс тудырған «Көксерек» фильмін түсіруге ұйытқы болғандардың да бірі осы Төкең болатын. Оны түсіру үшін қырғыз режиссері Төлеміш Өкеев шақырылады. «Көп сөз болды. «Режиссерді сырттан әкелдің» деп өкпелегендер шықты. Алайда бұл туынды да жүлде алып келді», – дейді Төкең сол күндерді еске алып. Ал сырттан шақыртылғандардың артықшылығы жайында Төлеухан Кенжебаевтың пікірі мынандай:
– Кезінде А.Кончалевскийді шақыртып, сценарийін жаздыртқан Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильмі «Қазақфильмнің» деңгейін көтерді. Қырғыз режиссері Т.Өкеев түсірген «Көксерек» те сондай дәрежелі туынды болды. Сол уақытта режиссерлерді сырттан шақырғандығымыздың себебі, олардың жұмысына тәнті болғандықтан деп білеміз. Мәселен, Арарат Машанов деген режиссер мүсінші Иткинд туралы керемет деректі фильм түсірді. Нағыз қайнауы келіскен үздік туынды болды да шықты. Осыған орай оған қазақтың бір ұлы қайраткері туралы көркем фильм түсіруді тапсырдық. Алайда сенім ақталмады, күткендегідей туынды шықпады. Міне, осындай жағдайды көргендіктен, істі білетін адамға тапсыру үдесінен сырттан режиссер, актер шақыртып жататын кездер болатын...
Қарт кинодраматург Төлеухан Кенжебаев ақсақал бүгінгі қазақ киносының дамуына бей-жай қарай алмақ емес. Көргені көп, түйгені мол жанға сексен жас – нағыз шежіренің бастауы. Сондықтан да Төкеңді бүгінде қазақ киносының дамуы ғана емес, қоғамның беталысы мен болашаққа деген аманат, ұрпақ тәрбиесі де толғандырмай қоймайды. Осы орайда ақсақалдың ой-толғамдары мынадай болып келеді:
Киноның кемшілігі
– Бүгінгі киноның еңсесі бұрынғыға қарағанда көтеріле бастаған сияқты. Таяуда ғана Елбасының «Қазақфильм» киностудиясына арнайы келіп, берген салиқалы ақыл-кеңестері осыған дәлел болса керек. Кино болған соң, оның шығынын өтеу үшін көрермен саны керек. Қазақстанның өз ішіндегі көрермен саны кино шығынын ақтамайды. Сондықтан биік мұраттарды мақсат еткен абзал. Бізде фильмді көбейтіп, тарататын фабрика да жоқ. Кино өнімдерінің тиражымен айналысу жайын кеңінен ақылдасу керек болады. Сонымен қатар «Қазақфильмнің» туындыларын қазақ елі қалаларында көруге жағдай жасалғаны жөн. Басқасын былай қойғанда, Алматының өзінде бұрын кино комитетіне қарасты болып келген кинотеатрлардың барлығы дерлік жекеменшікке өтіп кетті. Тиісінше, киностудия енді өз туындыларын көрсету үшін кинотеатрларға ақы төлеуге мәжбүр. Райымбек көшесінің бойындағы мәдениет басқармасы қарамағында қалған қорадай қораш жалғыз кинотеатр «Қазақфильм» туындыларын көрерменге жеткізуге аздық етеді.
Адамгершілік атқамінерлікке қарамайды
– 1970 жылы Түрікменстанда қазақ киносының күндері өтіп, содан қайтып келе жатып Ташкентке аялдадық. Сонда белгілі өзбек режиссері, Социалистік Еңбек Ері Мәлік Қаюмовтың үйіне тоқтадық. Күн кешкіріп қалған. Дастарқан басында өткен-кеткеннің бәрі айтылып, арқа-жарқа болып отырғанбыз. Бір мезетте есік шырылдады. Ашса, ар жағында сол кездегі Өзбекстан ОК бірінші хатшысы Шараф Рашидовтың өзі келіп тұр! Сөйтсе, Қаюмов пен Рашидов екеуі дос екен. Біраздан бері көрмеген досын өзімсінген бірінші хатшы алдын ала хабарласпастан, салып ұрып дидарласуға келіпті. Міне, адам мен адамның арасын адамгершілік жалғастырып жататындығының бір мысалын сонда көрдім.
Дін мен дүрмек арасын аршып алу керек
– Біз кезінде атеист болып өстік қой. Бірақ қашан да бір жаратқан бар деп ойлайсың. Онсыз ешқайда да бара алмаймыз. Дін адамдарының арасында өзімнің шәкірттерім де баршылық. Мәселен, қасиетті Құранды алғаш қазақ тіліне аударғандардың бірі Уақап Қыдырханұлы – менің шәкіртім. Бүгінде дін мәселесін сан-саққа жүгіртпей, бір жерден бір бағытта жүргізудің жөні бөлек деп ойлаймын. Әйтпесе, қазіргі қоғамдағы бір мұсылманның түрлі жамағат болып, жақ-жаққа бөлінуі жақсылықтың нышаны емес.
Тіл мен елдің тағдыры – бір
– Тіл түйткілін тарқатуды төрдегі төрелер өздерінен бастауы керек. Қазір біреу түсінбей қалады деп күдіктенудің реті жоқ. Өйткені барлық дерлік мемлекеттік мекемелерде аудармашылар отыр ғой. Олар не үшін ақы алып, не үшін отыр сонда? Ауруханада ем қабылдағанда, қасымда бір орыс ақсақалы жатты. Кезінде «госпланда» қызмет атқарған дөкей екен. Бұрын ел ішін көп аралапты. Қызылорда, Ақтөбе төңірегін жатқа соғып отыр. Қазақтарды жақсы біледі, қазақтың жақсылығын да көп көріпті, өзі айтып отыр. Қазақстанда тұрғанына 30 жылдан асыпты. Бірде «Қазақтың жақсылығын көп көріпсің. Онда неге қазақша білмейсің?» деп сұрадым. Оның айтқаны басшылық бастаса, біз қайда барамыз дегенге сайды... Дәл қазіргі жағдайда балабақшада сәл-пәл өзгеріс байқалғанымен, қазақ тілі өзгелер үшін «нан, су бер» дегеннен аспай отыр. Мұның бәрі қанша талдап, таласқанымызбен, істі жоғарыдан бастамай, ойдағыдай нәтиже күтуге болмайтынын байқатады.
Замандастар жайлы жүрекжарды лебіз
– Замандасымның, жалпы, қатарлас жандардың арасында бір нашары болмады. Тіпті сынайтын да бірі жоқ, бәрі шетінен суырылып шыққан, жұтынған, шымыр жандар еді. Әрқайсысы жақсылыққа, игі іске талпынып тұратын еді. Олардың ішінде өнерлісі болса, өнерімен, басқаша дарын-қабілеті болса, сол дарын-қабілетімен, тұтас іс-әрекетімен жанындағысына жұғымын, пайдасын сіңіріп тұратын жігіттер еді. Ниеттес болдық. Бір-біріміздің көңілімізді тауып тұратынбыз. Сондай жақын достар арасында Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Әбдісаттар Бөлдекбаев, Кекілбай Жүсіпбеков, Баймырза Дәуренбековті және т.б. атай кеткен орынды.
Мәңгілік минуттар
– Димаш Ахметұлы адамды сыйлай да, тыңдай да білетін. Бір көргенін әсте ұмытпайтын. Сырттай жүріп хабардар болып отыратын. Зердесі күшті еді. Менің кезінде Үндістандағы Бүкілдүниежүзілік ауыл шаруашылығы жетістігінің көрмесіне арнап 10 минут дауысын жазғанымды ұмытпапты. 20 жылдан кейін тағы бір кездескенде, соны айтып, елжіреп еске алғаны бар. Сонда сонша жыл ел басқарып, мыңдаған адамдармен араласып жүріп, 20 жыл бұрынғы 10 минуттық кездесу есінде жүріпті ғой...
Ел ағаларының көзін көрген, ел дамуына өзінше үлес қосқан киносценарист Төлеухан Кенжебаевтың өзі де бүгін сексеннің шыңына шығып отыр. Қазақ киносы мен журналистикасына өзіндік арна салып, заманына сай жаңа деңгейге көтерген ақсақалдың ғұмырынан үлгі мен өнегенің лебі еседі. Өкініштісі – жары Нұрзағыш апа мен ұлы Бақытжан өткен жылы бақилық болып кетті. Алайда Алланың салғанына шара бар ма, Төкең де ендігінің амандығын тілеп, жасап отырған жайы бар. Журналистика мен киноны тең көріп, тел төлі болған еңсесі биік ардагер қашан да ел мерейінің үстем болып, мәртебесінің арта беруіне тілекші болып отырады. Лайым, ақсақалдың ақ батасы қабыл болғай!