Журналистің адамгершілігі неде?
Мен үшін журналистикада не маңызды? Жазған мақаламның өзім үшін де қызықты болғаны маңызды. Оқырмандар үшін пайдасы тигені маңызды. Кейіпкерімнің жанын жараламағаны маңызды. Мақалаларымның құрғақ сөз, құр аттанға құрылмағаны маңызды. Мамандықтың барлығы адамдыққа құрылады. Әсіресе журналистика.
Айтқандай, қайбір жылдары шіліңгір шілдеде жұмысқа ерте келіп электрондық поштаны ашсам, «Перзентханадан хат» деген атаумен бір хабар келіпті. Қалғандарын ашпастан дереу соны оқыдым. Сөйтсем, Алматы перзентханаларының бірінде үшем дүниеге келіпті.
Шілденің аптап күндері, редакцияда да бар да жаз деп тықақтап отырған адам жоқ. Бірақ баяғыда бір жиналыста басшымыз Сауытбек Абдрахманов: «Журналистің адамгершілігі неде?» деп сұрақ қойды. Неде-неде деп ойланып отырғанымызда: «Журналистің адамгершілігі – жазбай-ақ қоюға болатын нәрсені де жазу» деп барып: «Жақсы журналист ертең мұнан да жақсы жазамын, бүгін қоя тұрайын деген иллюзиядан арылу қажет» деді. Сол сөз бес жыл журфакта алған білімнен де жақсы әсер етті, санаға шегедей қадалды. Жалқаулана бастасам сол сөз еске түседі.
Содан перзентханаға фототілшіміз Берсінбек Сәрсеновпен арнайы барып, сол оқиға туралы мақала жаздық. Cол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мені де шақырып, үшем туған анаға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын. Мұндай оқиғалар осыдан кейін бірнеше рет қайталанды. Сондай адамдардың жүзін көру, батасын алу, сауапқа бөлену мен үшін қалай маңызсыз болады?!
Айнаш Есалы
(Фейсбуктегі жеке парақшасынан)