Жүсіп Ақшораев, "Шаншар" әзіл сықақ театрының әртісі: Танымал адам жаман мәшине мінсе де жұрт күледі
Ә дегеннен-ақ Жүсекеңмен сұхбаттасудың сәті түсе қоймады. Біресе гастрольдік сапарда, біресе бос уақыты жоқ. Әйтеуір сан сылтау. Мүйізі қарағайдай республикалық басылымдардың өзінен көріне қоймайтын Жүсекеңді сұхбат беруге көндірудің өзі қиямет екенін ұғынғандай болдық. «Шаншардың» шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткелі бергі уақытта Жүсіп ағадан алынған сұхбатты екі ғана басылымнан оқыған екенбіз. Қарапайымдылығынан болар, біресе ана басылымнан, біресе мына басылымнан жылт-жылт етіп көріне бергенді аса қаламайтындығын бірден айтты. «Уәкеңнен алсаңдаршы» болды алғашқы уәжі. Уәкеңді баяғыда шығарып қойғанымызды алға тарттық. «Онда Нұржаннан алыңдар» деп қашыртты екіншісінде. Не керек, рамазан айында мұсылман қауымның атқарар иманды істері жайлы алға тартып жүріп ақыры «Алаш айнасына» сұхбат беруге келістірдік-ау. Мұның өзі қиямет-қайымнан кем болған жоқ біз үшін. Сәті түскен сұхбат мынау.
– Мұқағалидың өлеңдерін мақамына келтіріп оқисыз. Ақынжандылығыңыз көрініп-ақ тұрады. Өлеңге әуестігіңіз басым сияқты, өзіңіз өлең шығармайсыз ба?
– Өлең шығарудан қаражаяу қазақ кемде-кем шығар. Дегенмен нағыз ақын болу кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Біз ақын емеспіз. Біз өлең құрастырушымыз. Шығармашылығымызда кейде өлең керек болады. Оны құрастыра береміз. Ол ақындыққа жатпайды. Өлеңді құрастыру да екінің бірінің қолынан келмейді. Қарапайым адам байқай бермейтін нәрсені ақындар ішкі жан дүниесімен сезініп маржандай мөлдіретіп, төгілтіп береді. Ол да бір қасиет қой. Жаныма жақын, жүрегіме жылы тиетін өлеңдерді жаттап алғанды жақсы көремін. Онда да философиялық мәні бар, мағынасы бар өлеңдерді. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді. Жақсы өлең күйкі тірліктің күйбеңінен бір сәт те болса алыстатып, тәтті арманға иек артқызады. Керемет сезімге бөлейді. Өмірдің жалғандығын білдіріп, бір сәт мұңға да бөлейді. Жақсы өлеңді іздеп жүріп оқитыным бар. Тіпті көңіл түкпіріне сәуле түсіріп, тәтті сезімге бөлейтіндерін жаттап алып, қырғыздың «Манас» жырындай таңнан таңға айтуға бармын.
– Шымылдықтың аржағындағы шынайы бет-бейнеңіз қандай?
– Сахна – біздің жұмысымыз. Бұрынғылар айтып кеткен ғой «Ең көңілсіз адам – комедия әртісі» деп. Сол рас. Елдің алдына шыққанннан кейін оларды бір сәт серпілтіп, күлдіру, қиыннан қиыстыру міндетім деп түсіну керек. Кейде көңіл күйің болмайды, кейде шаршайсың. Сахнаға шыққанда соның бәрін ұмытып, халық үшін қызмет қыласың. Көпшілікке сенің уайымың, шаршағаның керек емес. Сахнаның қасиеті сол онда шыққан соң бар күйбең ісіңді, мазаңды алған ойларыңды ұмыттырып жібереді. Ал жайшылықта әңгімені де қатырып айта алмаймын.
– Сатира саласында сақалдарыңыз ағарғанша жүрмейтін шығарсыздар...
– Қанша жүретініміз енді төреші уақыттың еншісінде. Қиялың сатирада жүре берсең, әрине жоғалады. Жоғалмаса істей бересің. Көпшілік эстраданы, сатираны жеңіл сала деп есептейді. Жеңіл емес. Драмалық спектакльдерде зейнетке шыққанша жүре беруге болады. Сатирада зейнетке шыққанша жүре беру мүмкін емес. Мәселен, спектакльде бір рольді аяғына дейін ойнайсың. Ал, сатирада бір рольден екінші рольге тез ауысып отыруың керек. Бұл оңай шаруа емес. Мүмкін мемлекеттік әзіл сықақ театрында спектакльде ойнап жүре беретін шығармыз. Жасымыз кеп қалды деп ойламаймыз.
– Отбасыңыз жөнінде айтып өтсеңіз...
– Шүкір, үш ұл, бір қызым бар. Ақан деген ұлым Шымкенттегі музыкалық колледжде қылқобыз класында оқиды. Ән айтуға әуес. Керемет ән шырқайды деп айта алмаймын. Дегенмен ынтасы зор. Үлкен ұлым Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін интерьер-дизайн бөлімін бітірді. Қазір Малайзияда оқып жатыр. Архитектор болам деген асыл арманы бар. Балаларымының қай-қайсысы да өнер жолын қуам десе қарсы болмаймын.
– Қазіргідей дағдарыс жағдайында шетелде бала оқыту оңай емес екені белгілі. Қиын тиіп жатқан жоқ па?
– Енді бала-шағаны жетілдіріп, құтты орнына қондыру үшін тырбаңдап тірлік істеп жүрміз ғой. Жұрттан да ұяласың. Балаларыңа білім әпере алмасаң тағы да ұят. Намысқа тырысып жүрген жай бар. Қазір жұртқа біраз танылып қалған соң, жаман мәшине мінсең де күледі. «Не жетпейді екен осы?» деп. Ұялмайын деп жақсысын мінуге тырысасың. Ең дұрысы жаяу жүргенді жақсы көрем. Әсіресе велосипедпен жүргенді. Әрі денсаулыққа да пайдалы. Адамға автокөлік емес, денсаулық керек қой.
– Гастрольдік сапарларға көп шығасыздар. Жұбайыңыз тарапынан реніш тумай ма?
– Жұбайым ақша тауып жатсам несіне ренжиді. Осы өнермен ғой бала-шағаны асырап жүргеніміз. Өткенде бір газетте «денің сау болып, үйде жатып алып бала-шағаңды асырай алмасаң ұят» деп жазыпты. Өте орынды айтылған. Бала-шағаны асырау үшін де бірдеңе істеу керек қой.
– Сахнада өнер адамысыз. Отбасында қандай отағасы, қандай әкесіз?
– Өзімді ондай едім, мұндай едім деп қалай айта аламын. Дегенмен... Қарапайыммын. Әйеліммен ұрысып қалатын, кейде жанжалдасып қалатын кездер болып тұрады. «Әйеліңмен бажылдасқаның – ақылдасқаның» дейді ғой. Сөйтіп ақылдасамыз, сөйтіп ақылға келеміз. Бізден де қиындау өмір сүріп жатқандар бар ғой деп сабырға келесің. Негізі отбасындағы ұрыс керістің бәрі жетіспеушіліктен шығады. «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» дегендей шеге мықты болса, түсіністік орнап, барлық нәрсенің шешімі табылады. Ең бастысы денсаулық мықты болсын деңіз. Бірде «жоқ, жоқ...» деп жылана берген біреуге бір кісі: «Екі қолыңды берсең, 10 мың доллар беремін. Екі аяғыңды берсең әрқайсысына 10 мыңнан 20 мың доллар беремін. Келісесің бе?» депті. Әрине келіспейді. Сонда әлгі кісі: «Жасаған ием саған аяқ, қол берді. Он екі мүшеңді сау ғып берді. Мұның бәрі баға жетпес байлық. Түсінген адамға. Жылана берме. Барыңның қадірін біл» депті...
Осыдан біраз жыл бұрын аяғым сынып, 1,5 ай ауруханада жаттым. «Енді жүре алар ма екенмін...» деген де ой болды. Қасымда бір қария жатқан-ды. Жамбасының ұршығын шығарып алған. Сол кісі сыртқа көз жіберіп тұрып: «Осы жұрт екі аяқтың қадірін біледі ме екен? Автобусқа секіріп мініп, секіріп түсіп жатыр» деген еді. Расында бардың бағасын біліп, бағаламайтын жандар көп қой өмірде. Дұрысы бар нәрсеге қанағат керек. Жоққа да, барға да қанағат ету керек. Тірлігім тынбай жатса ренжімеймін. Өйткені бар болары сол ғой. Болатын нәрсе әу бастан-ақ бітеді. Болмайтыны бәрібір тырбаңдасаң да болмайды. Болғанынша болдыру керек. Болмаса не істейсің. Шүкірлік ету керек.
– Мастың ролін ойнағанды жақсы көремін дейсіз. Өзіңіз аққайнармен қаншалықты доссыз?
– Той-томалақта көпшіліктің көңілі үшін алып қоятынымыз бар. Жайшылықта ішпеймін. Қазір енді мүлде қоятын болып жүрміз. Арақ бар қиялыңнан, ақыл-есіңнен айыратын нәрсе. Онымен дос болудың қажеті жоқ. Қазір енді көңілге де қарайын деп жүрген жоқпын... Мастың роліне келер болсам, сахнаға сұранып тұратын кейіпкер. Образды іздеп әуре болмайсың. Бірден кірігіп кетесің. Мастың өзі де, қылығы да басқаларға қарағанда өзгешерек болып тұрады ғой. Қылықтары да қызық...
– Бүгінде әзіл-сықақ театрларына сын айтатындар көп. Қазақтың сатира театрларын өрге сүйреп жүргендерге не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда сахнада жүрген әр театрдың өз орны бар. Өз көрермені бар. Өзіне лайық аудиториясы бар. Біздің театрды көрмейтіндер соларды көреді. Оларды көрмейтіндер бізді көреді дегендей. Кей театрлардың кей сценарийін ұнатпай тұрсаң кейбіреулер жақсы екен деп жатады. Соған қарап ойланып қаласың. «Бір адамның пікірі шындық емес» екеніне иланып-ақ қаласың. Үш-төрт адамның пікірі бір жерден шықса дұрысы сол. Не жетпейді дегенде әуелі ойға оралары жақсы сценарий жетіспейді. Біз сахнада жүргенімізбен сатира жазатын адамдар емеспіз. Алайда кейде өзіміз құрастыруға тура келеді. Халықтың ойынан шығатындай әдемі етеміз деп әсірелеп жіберетін кезіміз де болады. Жетістікке жетіп, кейде тоқмейілсіп бір орында тұрып қалатындар да бар. Тоқырап қалатындары да жоқ емес. Тоқмейілсіп тығырыққа тірелгенше жүре береміз кейбіріміз. Ізденіс жоқ. Жалпы жалқаулық қазақтың қанында бар нәрсе ғой. Егер таланты жоқ адам ізденсе, еңбектенсе, аянбай тер төксе таланттылардан асырып жібереді. Осы жағын ескеретіндер кемшін. Сатириктердің көбінің ізденбейтін себептері олардың жұмысы көп. Уақыты жоқ. Ағайыны көп, той-томалағы көп. Тұрмыстық проблемалары бітпейді. Туысқанының біреуі полицияға түседі, біреуінің баласы оқуға түседі. Соның бәріне ортақтасуы керек. Дұрысын айтқанда бір күн бос уақыты болмайды. Ресейлік сатириктердің бізден көш керуен озып кеткендігінің сыры осында. Олар ағайынның проблемасы деп бас қатырмайды. Бос уақыттары көп. Сол бар уақытты тиімді пайдаланады. Ешкім миын ашытпайды. Тікелей творчествомен айналысады. Олар ешкімнің көңіліне қарамайды. Бәрін ұмытып, творчествоға кіріп кету үшін де ешқандай алаңдаушылық болмауы керек. Мәселен, мұғалім балаға бар зейінімен сабақ өтуі үшін ол күйкі тірліктің кертартпалығын ойламауы тиіс. Оның айлығы күн көрісінен артылуы керек. Ал қазір мұғалімдердің айлығы шайлығына жетпейді. Сосын ол бар зейінін балаға қалай төксін? Отын су түсіруі керек, қыстың қамын күйттеуі керек деген сияқты бітіп болмайтын проблемалары бар. Соған қарамастан олар артығымен жұмыс істейді. Негізгі жұмысыңмен тікелей айналысу үшін де жағдай керек. Жағдайы кемшін адамнан қандай жоғары нәтижелі жұмыс сұрайсың?..Сахнаға кейде асығыс-үсігіс дайындалатын кездеріміз болады. Кейде жақсы шығады, кейде жаман шығады. Мойындауымыз керек қазақтың жалқаулығы басым...
– Сұхбатыңызға рахмет!