Жүзі қарайған көк жәшік қалың көрерменді қайда бастамақ?

Жүзі қарайған көк жәшік қалың көрерменді қайда бастамақ?

Бұқаралық санаға әсерінің күштілігі тұрғысынан алғанда, телевизияны бүгінгі қоғамымыз бен мәдениетіміздің көптеген өзекті мәселелерін тиімді шешудің құралы ретінде тануға болады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ теледидары қандай болуға тиіс? Оның қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі немен шектеледі?

Бұл ретте, меніңше, қазақ телеарналарының жай ғана ақпараттық және ойын-сауықтық бағытты ұстанып қоюы жеткіліксіз. Қазақ көрерменіне төл теледидарының өскелең ұрпақтың таным-білімін арттырып, азаматтық сезімдерін қалыптастыратындай ақпараттық-танымдық тұрғыда болғаны, ұлттық өнер мен мәдениеттің дамуына және өрістеуіне ықпал етіп, көрермен аудиториясының эстетикалық талғамын қалыптастырғаны қажет. Жылт еткен жаңалықтар мен ілкімді ізденістер, әрине, қай кезде де болды, қазір де бар. Экрандағы «сөйлейтін бастар» үшін талай мәрте сын садағына ілінген телеарналарымыздың қазіргі талапқа сай жаңа формат іздеуге мәжбүр болғаны анық. Соның бір мысалы ретінде кезіндегі «Алтыбақан», қазіргі «Дала – думан» телешоуын айтуға болады. Бір өкініштісі, мұнда әсірелеу басым. Қызылды-жасылды бояулар реңкі, өнер сайысы мен көтеріңкі көңіл күйді кейіптеуге тырысқан өнерпаздардың, негізінен, жасанды естілетін жеңіл қағытпасы бағдарламаны спектакльге ұқсатып жібереді. Нәтижесінде, хабарға арнайы шақырылған музыка майталмандары кейінгі кезекке ысырылып, бағдарлама жеңіл-желпі, жадағай шоу деңгейінде қалып қояды. Осылайша, телевизия тарихында қазақ өнерін насихаттаудың бай дәстүрі қалыптасқандығына қарамастан, «жаңа форматтың» соңына түсу салдарынан мазмұн мәселесі барған сайын кейінгі қатарға ысырылып барады. Сол себепті де дәстүрлі өнер мен оның жанрларын тоғыстыратын, заманауи қазақ эстрадасымен сусындатып, осы тақырыпта жан-жақты әңгіме қозғайтын мағыналы да мазмұнды хабарлар кемшін. Телеарналар, негізінен, өнер адамдарының шығармашылық кештерінен, мерекелік концерттерден түсірілген музыкалық бағдарламалармен шектеліп жүр.

Телеарналардағы үлкен бір олқылық – балаларға арналған сапалы хабарлардың, қазақ тіліндегі көркем дүниелердің жетімсіздігі. Телеэфиріміз толған – орысша мультфильмдер, шетелдік киноөнімдер. Эфирдегі бос кеңістікті әйтеуір толтыру мақсатында ойдан-қырдан жиып-теріп, аударма дүниелер берген боламыз. Бірақ солардың ұлт ұрпағының қалыптасуына қандай ықпалы барын ескере бермейміз. Осы орайда, кішкентай көрермендерге арналған танымдық және ойын-сауықтық бағдарламалар, балаларға қатысты педагогика, психология, денсаулық мәселелерін қозғайтын тұрақты хабарлардың ауадай қажеттігі күмәнсіз. Өкінішке қарай, телеарналарымыздың дені әзірге тек түріктің, кәрістің аударма сериалдарын, Голливудтың атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы фильмдерін талғажау етуден танбай отыр. Ал сондай дүниелерді күні-түні көріп-тамашалауға мәжбүр жас жеткіншектеріміздің алар рухани азығы қандай болмақшы?!

Дегенде, еріксіз Ресейге қарайсың.
Мысалы, көрші елдің Мемлекеттік Думасы осыдан біраз уақыт бұрын балалардың денсаулығы мен өсіп-жетілуіне зиянын тигізетіндей кез келген нәрсені таңғы 6.00 мен түнгі 23.00 аралығында көгілдір экраннан трансляция жасауға тыйым салуды ұйғарды. Сөйтіп, боқтық сөздер, қатыгездік, зорлық-зомбылық сценалары, балаларды құмар ойындарымен әуестену, шылым шегу, ішімдік пен есірткіге қызығушылық сияқты жаман әдеттерге итермелейтіндей ақпараттарға тосқауыл қоюға қадам жасалды. Яғни «балалар көретін уақытта экранда тек мультиктер мен «бейкүнә» мелодрамалар ғана қалады. Ал боевик пен фэнтези жанрындағы дүниелер, арақ-шарап суша ағатын өрескел фильмдер, тіпті менттер туралы сериалдардың өзі де түнгі эфирге ойысады» деп күтілуде.

«Ұлттың ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ». Болашағын ойлаған елдер соған бүгіннен қам жасауға көшті. Біз болсақ, әлі де алаңсызбыз. Қазақ көрерменінің үлкен-кіші болып, бүкіл отбасымен кино тамашалаудан, хабар көруден қалып бара жатқанын не білмейміз, не білсек те бас қатырғымыз келмейді. Сөйтіп, әр үйдің төріне берік орныққан көк жәшігіміздің жүзі күн өткен сайын қарайған үстіне қарайып барады...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста