«Жыл толды ұлы жүрек тоқтағалы...»
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ поэзиясының қыраны Қадыр Мырза-Әлиді еске алу, поэзиясына құрмет көрсету мақсатында «Жыл толды ұлы жүрек тоқтағалы» атты әдеби-танымдық поэзия кеші өтті.
Ақынға арналған поэзия кешін ашқан университетіміздің ректоры, академик А.Иманғалиев Қадыр аға туралы өз ойын ортаға салды: «Ақын болу, оның ішінде көпшіліктің көзіне түскен, жамағаттың назарын өзіне бұрған, үнемі жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен бірге тыныстай алатын ақын болу қандай қиын. Қадыр ағамыздың ақындық соқпағында жырқұмар қауымның көңілін суытқан кезі болған жоқ. Ол – өз оқырмандарын жыл өткен сайын, жинақтан-жинаққа өрлеген сайын қуантумен келе жатқан исі қазақ поэзиясындағы тағдыры дара тұлға. Бұған дәлел – оның бүкіл ақындық әлемі, әр жылдары туған түйдек-түйдек жырлары».
Кеш басында «Ақжайықтың Қадыры», «бар қазақтың Қадыры» атанған ақын ағамыздың Ақжайыққа келген соңғы сапарынан фильм көрсетілді. Жырсүйер өнерлі өрендер Қадыр ағамыздың шығармашылығынан өлеңдерін оқып, әдеби композиция жасап, әнші-термеші студенттеріміз ақын сөзіне жазылған әндерін орындап кеш сәнін келтірді. Ақын ағамызды еске алу кешіне ақын-жазушылар: Ақұштап Бақтыгереева, Ғайса-Ғали Сейтақ, Базарғали Қуатов, Мира Шүйінішалиева, Рашит Шақу, Мұнайдар Балмолдалар шақырылды. «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап апамыз ақын ағасы туралы естеліктерін айтып, ақынға арналған өлеңдерін оқып берді. Алатау баурайынан арнайы келген Қадыр Мырза-Әли атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов пен әнші-композитор Гүлнәр Дәукеновалар қатысып, ақын туралы естеліктерін айтып, жыр-шашуларын жолдады. Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, дәстүрлі әнші Ажар Сейтенова да ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындап, кеш қонақтары, зиялы қауым өкілдері ақын жайында өз естеліктерімен бөлісті.
Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, баспасөз хатшысы