«Жылағанды тоқтатып, Ынсап қылсақ жарайды»
ӨМІР-ДЕРЕК
Мартбек ТОҚМЫРЗА – 1968 жылдың 7 наурызында туған. Қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін тамамдаған (1985-1992 жж.). Еңбек жолын Алматыдағы «Таң» телеарнасында бастады. Қарағанды облыстық телеарнасында қызмет атқарған жылдары ол «Біз жанбасақ...», «Білгенге маржан», «Езутартар» секілді шоу-бағдарламаларын эфирге шығарып, өзі жүргізіп жүрді. Бұған дейін облыстық телеарнада мұндай шоу-бағдарламалардың болмағанын айта кету керек. «Қазақстан» орталық телеарнасында, Қазақ радиосында, Азаттық радиосында істеді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып, шәкірт тәрбиеледі.
Белгілі журналист һәм сатирик-сықақшы, ұлағатты ұстазымыз Мартбек Мекентайұлы Тоқмырзаның марқұм болғанына бүгін қырық күн толады екен. Қырқы. Жаратқанның шеберін-ай десеңізші, осы күннің 1 сәуірге – Күлкі күніне сәйкес келіп тұрғаны. Мынау тәкаппар дүниенің өзі оны нағыз сатирик санатында мойындайтын тәрізді. Осы ой қолыма қалам алар-алмастан алдымды орағыта берді. Содан зар еңіреген қаралы мақала, Жоқтау емес, Жұбату жазайын дедім...
Бұл қаза Абайдың Әбдірахманынан айырылғанындай ауыр тиді. Әбдірахман секілді «тұла бойы ұят-ар, тәуекелге нар, ерлікке бар, жасқа – жас, ойға – кәрі» болғандықтан болар. Ұлы Абайша айтқанда, ол кісіні де өлді деуге әсте болмас! Артында өлмейтұғын сөз қалды. Түтінін түтетер ұрпақ қалды. Үлкен – хош, кіші үлгі көрер іс те баршылық. Сол істерінің біріне тоқталайын. Тұрмысымызға тамырланып алған Әулие Валентин күні деген бар. Ресми мойындалған мереке емес. Қазақ жастары жарғақ құлағы жастыққа тимей тойлайды. Оның ұлтымыздың діліне де, дініне де қатерлі екенін білеміз. Сөйте тұра, бұл аса улы мерекемен Мартбек Мекентайұлындай белсенді күрескен жан баласын өте аз көреміз. Ол қазақ жастарын жанын салып қорғады. Қолында не билік, не қомақты қаржы, не артында қуатты күш жоқ. Бірақ рухы қандай жойқын қарудан да мықты еді. Дендеп енген дертпен күрестен тайсалмады. Жат мерекенің орнын Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні басса деп үгіт жүргізуден бір сәт танған емес. Бала күнімізде жиі көретін бір көрініс көз алдыма келеді: ол кезде ауылда тауық көп болатын («құс тұмауының» қынадай қырғаны кейін ғой). Үрпексары балапандарын шұбыртып далаға шыққан тауық үшін ит, мысық, сауысқан, қарға-құзғынның бәрі – аңдыған жау. Салыстырып қарағанда, олардың бәрі де өткір тырнағы, қуатты тұмсығы жоқ тауықтан күшті көрінеді. Сөйтсе де тайсақтап, көрінеу тиісе алмайды. Оның балапандары үшін неден болса да тайсалмайтынын біледі. Мартбек Тоқмырзаның батыстан жеткен санаға улы сәулелерден қазақ жастарын қорғаштағаны да осындай батылдық, осындай жанқиярлық секілді еді. Біраз бұрынырақта, Мартбек аға әдемі безендірілген, қазақша құттықтау хатшаларын жасатып еді. Мұндай өнімнің ел ішінде үлкен сұранысқа ие екенін білмейтін жан кемде-кем. Осыны көп болып қолдап әкетсек қанекей! Басқаны айтпағанда, бұл айтарлықтай табыс көзі де болар еді-ау. (Суретте Мартбек Тоқмырза өзі жасатқан сол құттықтау хатшаларын таныстырып отыр).
Соңғы жылдары Мартбек Тоқмырзаның интернетті тереңдеп қолдана бастағанын байқаймыз. Ел ішіне ең кең таралған веб-порталдардың бірінен өзінің жеке блогын (веб-күнделігін) жүргізе бастапты. «Адам дегеніміз – кешегісін сағынатын, ертеңгісін армандайтын, ал бүгінгісіне көңілі толмайтын пенде» дейтін сүйікті қанатты сөзі жазылып тұр. Ғаламтордан өзінің шағын әлемін ашып, алыс-жақындағы дос-жарандарымен қатынас жасай бастапты. Белгілі журналист Жұмабай Құлиев осы әлем арқылы Мартбектей досын тауып алып, былай деп хабарлама жазыпты: «Әй, Тоқмырзин, сен де есейіпсің-ау. Баяғыда 309-да (ҚазМУ журналистика факультеті студенттері тұратын жатақхананың бөлмесін айтып тұр – автор) Мақсат, Женя, үшеуің асыр салып жүруші едіңдер-ау. Перде аламыз деген ақшаға ресторанға барып, сендер тамақтың бәрін жеп қойып, бір сағаттың ішінде даяшының қуып шыққаны есіңде ме? Денсаулық қалай? Үй-іші аман ба? Хабарласып тұр» (16.01.2010 ж.). Алайда ғаламторда қайта табысқан достар бұдан әрі хабарласа алмай қалды.
Мартбек аға интернетте екі бірдей сатиралық қауымдастық құрып, жүргізе бастаған екен. Сөйтіп, блоггерлер арасында тұңғыш болып, қазақ сатирасын ғаламторға шығарды. «Жымиясың сен неге? – 1» және «Жымиясың сен неге? – 2» деп аталады. Екеуі де бір күнде ашылған. Бірі – қазақ сатира-юморына, екіншісі – жеңіл-желпі әзіл-қалжыңға арналыпты. Виртуалдық сатиралық журнал ретінде – жалғастырып әкетуге таптырмайтын дүние. Сатириктің екі интернет-қауымдастыққа жазған алғы сөзін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Мартбек ТОҚМЫРЗА, Қазақ сатира-юморы: кеше, бүгін және ертең
Бастауы сонау ықылым замандардан елес берер әзіл-қалжыңның әдебиетке келіп сатира, юмор деген жанрларға айналғанын, оның да адамзат тарихымен біте қайнасқан тарихы барын білеміз. Егер оны көргіміз келіп, білгіміз келіп ізденер болсақ, алғашқы үлгілерін біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдың аяғы мен IV ғасырдың басында өмір сүрген Аристофан шығармаларынан аңғарамыз. Ал оның әр жағы бізге беймәлім. Бірақ бұдан сатира-юмордың туған топырағы Грек елі деген ой тумаса керек.
Қазақ сатирасы қашан туды дегенге келсек, оны дөп басып айту қиын. Дегенмен біздің фольклор сатира-юморға тұнып тұр. Ел арасындағы Қожанасыр, Алдар көсе, Тасшы бала (Тазша бала емес. Бұл – қате пікір.-авт. М.Т.) туралы күлдіргі әңгімелер төркіні алыста жатыр. Қазақтың тағы бір мақтанышы – айтыс та сатира-юморға толы. Демек, біздің топырақта да ежелден сатира-юмор тамырын терең жайған. Қазақ сатира-юморын түбегейлі зерттеген ұстазым Темірбек Қожакеев оның әр кезеңдерін саралап берді бізге. Біздің мақсат: енді сол кешегі, бүгінгі, ертеңгі сатира-юморды зерделеп, басын қосу. Бар дүниемізді жинау.
Құрметті сатира-юморды сүйетін оқырмандар! Атсалысыңыздар! Қолдарыңызға түскен жауһарлар болса, осында жіберіңіздер! Алдын ала рақмет айтамын!
(2009 жылдың 22 шілдесі http://my.mail.ru/community/satira-kz)
Әзіл-қалжың да – өнер
Әр елдің салт-дәстүріне сіңісті болып кеткен әзілдесудің әдіптелген жолы бар. Біз ежелден ойын-сауық пен ән-күйді, әзіл күлкіні, өлең-жырды сүйген, жанымызға серік еткен халықпыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпымыз бен тұрмыс-тіршілігімізде сырт көзге жарасымды көрінетін, туған-туыс, дос-жарандар арасында қалыптасқан құрдастар болып ойнау, жеңге мен қайны, жезде мен балдыз, құдаша мен құда бала, нағашы мен жиен болып қалжыңмен қағысу сияқты әдеп шеңберінен кейде асып та кетіп жататын қарым-қатынас қалыптасқан. Дәл мұндай көрініс осы қалпында өзге халықтарда кездеспейді. Міне, осы жерден де сатира-юмордың тамаша үлгілерін көптеп кездестіреміз.
Азуын айға білеген небір шешендердің, билердің, ақындардың, қушыкеш, әзілқой жандардың бәлен жерде айтқаны екен дейтін тапқырлыққа, астарға өте бай әзілдері қазақ халқының да сатира-юморға ежелден етене жақын екенін аңғартады.
Әртүрлі отырыстарда әзілқой адамдардың бірі «іреп», бірі «сойып» ала жөнелетін астарлы әзіл-қалжыңдарымен бірге күлдіргі әңгімелері өз сәнімен туындап жатқан. Сондай дуалы ауыздардан шыққан сөздер ертеңінде-ақ ел аралап, «деген екен» делініп кете барған.
Құрметті оқырман!Міне осындай ел арасында айтылып жүрген небір тамаша тапқыр, ұтқыр астарлы дүниелерден хабардар болсаңыз, бізге жолдаңыз. Ортақ мұрамызды ел игілігіне жаратайық!
(2009 жылдың 22 шілдесі http://my.mail.ru/community/ kazakh_satira) Астана
P.S. Мынау ғапыл дүние ұлы ойшыл Абайды да қат-қабат қайғымен сынап көрді. Сонда Абай айтушы еді-ау: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес», – деп. Сол айтқандай, Мартбек Мекентайұлы да өлген жоқ! Ұстаз-қаламгер аға шәкірттердің жүрегінде, оқырманның көкірегінде жасай бермек. Тек біздің ортамыздан қайта келмеске кете барды... Тағы да данышпан Абайға жүгінеміз: «Жылағанды тоқтатып, Ынсап қылсақ жарайды», – деп жұбатып тұр бізді кемеңгер.