Жылауық әндер мен жылауық әншілер...
Осы мәселені марқұм Жәнібек Кәрменов ұстазым көзінің тірісінде үнемі айтып, күн тәртібінен түсірмей жүретін. Одан бері де қаншама уақыт өтті, заман өзгерді, ағымдар ауысты, қазақ эстрада сахнасына мүлдем жаңа топ, бейтаныс буын келді. Әрине, Жәкең бұлардың бірін де көрген жоқ. Көрер жарығы таусылмағанда көкесін көзіне көрсетіп тұрып кім-кімнің де сыбағалы сөзін сол кісі айтар еді. Жәкең кеткелі қазақ өнерінің сыны сиыр құйымшақтанып кеткен. Бүгін келіп қазақтың Бибігүл Төлегеновадай дарабоз әншісінің айтқан бір ауыз пікіріне тұс-тұстан тап-тап береміз. Шынын айту керек осы бауырымыздың "Мама" деген құлын дауысын естігенде құлағымызды баса қалатынымыз рас, ол "Ауырмайды жүрек..." деп шырқағанда шынымен де ауырып қаламыз.. Алайда, ол кісі Қайрат ініміздің жеке басын күстаналаған жоқ. Бар болғаны өнері туралы, әулекі әуендерден жастардың ой-санасының бұзылуы қаупі туралы айтты. Құдекең (Құдайберген Бекіш) айтқан сол баяғы «проклятый популярность»-тың кесірі ғой...
Кешелі-бүгін көпшілік талқысына түсіп отырған мәселе әйгілі әнші апамыздың Астаналық журналист Айжан Ботабаеваға берген сұхбаты екен. Олай болса Өзіңіз де оқып көріңізші: "...Я думаю, профессионалы меня поддержат, для нас таких исполнителей не существует. Певцами их не назовешь, они не имеют музыкального образования. Раньше был Дом народного творчества и там было много таких, так сказать, исполнителей. Для того чтобы быть певцом, нужно иметь широкий диапазон. А такие песенки и вы можете петь, да любой. Молодежь таких любит, он модный. Это как предмет гардероба – сегодня вы это носите, завтра уйдет из моды, и все забудут, то же самое и здесь". Осы пікірде тұрған қандай ағаттық бар?! Әлеуметтік желі көгендегі қозы-лақтай дүрлігіп, тік көтеріліп аттандап атқа қонатындай: "Я его не слушаю и не признаю. Это не искусство – разврат! Он только портит молодежь" деген сөзден де бас жарылатындай ештеңе көріп тұрғаным жоқ! Үлкен кісі айтты, оған құлақ асу-аспау жастардың шаруасы.
Жарайды, қамыс басын жел қозғаса ысырылып бір жаққа шыққанды жек көрмейтін халықтың қатарынанбыз. Олай болса бір нәрсені біліп жүргеніміз артық болмайды. Кейінгі жылдары эстрада әншілері мен кәсіби классикалық ән орындаушылар арасында додаға түсіп келе жатқан түйін бар. Ол – жанды дауыс мәселесі. Бір кезде еуропа, орыс эстардасы да тек қана жанды дауыста өнер көрсеткен. Кейін бәрі де жаппай фонограммаға ауысты. Қазір сол кездегі бұлақты бастауларына орала аймай қиналып жатыр. Жасыратыны жоқ, фонограмма әншісін жанды дауыспен сахнаға шығатын әншілермен қатар қою шынымен де обал болады. Біздің халықтың да көзбояушылыққа әбден сүйегін сарғайтып алғандығы соншалық, қыруар қаржы төлеп, билет алып бүлк етпестен фонограмма тыңдап отыра беретіндіктеріне таңым бар. "Жаман орыс" та өзін өйтіп қорлатпаған болар еді!
Ал, классикалық бағыттағы әншілер (вокалист) фонограмманың ығында тұрып ән салмайтындығымен мақтанады. Осы тұрғыдан келгенде олар эстрада өнерпаздарын әнші қатарына қоспайды. Өйткені, қалып алған дәстүрлі ұғым бойынша "әншіде дауыс болу керек!" Жасыратыны жоқ, бұл күнде барлық халық әншілері эстрадаға әуес болып алды. Ол жанр талабына дауыстары, қозғалыс әрекеттері келе ме, жоқ па, онда шаруалары шамалы. "Базарда ет қымбаттады десе арық тайлақ бұтын көтереді" дегеннің кері-ау деймін... Әрі-берідесін бұл бар болғаны көзқарастардың ғана алшақтығы деп қарай салуға болатын мәселе. Эстрада да өнердің үлкен бір саласы. Оның да өз тарихы бар. Ат жарыстырып, атан сүрістіріп қалған қазақ осы екі үлкен бастауды бір-бірімен салыстырып, бәсекелестірумен әлек. Негізінде бұлай салыстырудың өзі көбіне көп бұл екі арнаның ағысын түсінбегендіктен туындап жатады. Содан соң «эстраданы дамытты» деген сөзді абайлап қолданған дұрыс. Жақсы, келісейік, дамытқан екен. Олай болса ашып айтайық: Эстрада деген қандай жанр? Бізге қалай және қандай формада келді? Осы әлемдік өнер түріне қазақ ұлтының, оның ішінде аты аталған, түсі түстелген әншілердің қосқан үлес-салмағы қандай? Ол кезде сөзіміз нақты мысалдармен күрмелсін!
Кәсіби музыкатануда «звукоидеал» деген термин бар. «Идеал» деген сөз жеке-дара тұрғанда математика ғылымында алгебраның негізгі ұғымдарының бірі болып саналады. Мұның көне грек тіліндегі бейне (идея) деген мағынасын да айналып өте алмаймыз. Осы «идеал» мен «идея» өз кезегінде «идеология» деп аталатын жиынтық түсінікті тудырады. Бұл түсініктерден қай қоғам да қашып құтыла алған емес. Ұлттық идеологияның басты құралдарының бірі – музыка! Олай болса, бұған әркімнің де таласы болуы заңды.
Осы «звукоидеал» сөзін қазақтың жалпақ тіліне көшіргенде «дыбысты пір тұту» деген ұғымға келіп саяды. Ал, бұл дегеніңіз өте нәзік тін. Дыбысты пір тұтуды айтасыз, жалпы осы электронды музыканың адам ағзасына тигізетін зауалды салдары туралы білеміз бе? Бұрын біздің қазақта «қоңыр» деген анықтама болатын. Біздің алдымыздағы буын өкілдері осы «қоңыр әуен», «қоңыр саз», «қоңыр ән», «қоңыр күй» деген теңеулерді естіп өсті. Алайда, қазақ өнері бүгінде сол қоңырынан көз жазып қалды. Ол – дұрыс па, дұрыс емес па, енді оны келесі бір бел-белесте уақыт-мырзаның өзі көрсетеді. Қоңырынан айрылып қалғанына біздің қазақ мүмкін алақан шапаттап қуанар, әлде өкіріп жылар, оны жа Жалғыз Жаратушы ғана біледі. Міне, музыка әлемінде осы «қоңыр» деп аталатын түсінік, тұтастай өнер үрдісінде қоңыр дауысты әншілерге еліктеу, қоңырлатып саз тербейтін күйшілерді пір тұту дәстүрі тоқтағалы қашан. Олай болса Бибігүл сияқты ұстаз әншінің өнер үшін, жастардың болашағы үшін шыр-пыр болып Қайрат інімізге қатысты айтып салған пікірінің бір ұштығы осында жатыр деп түсінген абзал!
Біз қаласақ та, қаламасақ та қазір қазақ эстрадасының сахнасын "жылауық әндер" мен "жылауық әншілер" жаулап алды. Осыдан жиырма жыл бұрын қазақтың ұлттық өнерінің де, эстрадасының да дыбыстық идеалы қандай болғанын, кімге еліктегенін білеміз бе? Көбіңіз білетін де шығарсыз, бірақ ұмытып қалғаныңыз анық. Зымыран уақыт бір демнің арасында өнердің де, өнерге қатысты таным пен пайымның да астан-кестеңін шығарып өте шықты. Ал, жастар жағы білмейді, оны сеніммен айтуға болады. Олардың Жүсіпбегі де, Ғарифолласы да, Дәнеші де, Жәнібегі де – Қайрат Нұртас! Қарапайым тыңдауды айтасыз, Қайрат ән шырқағанда орнында тұра алмай, шашын жайып тұрып, еңіреп жылайды олар. Несін жасырамыз, атын шығару жағынан біздің Қазақстанда бірде бір классикалық үлгідегі әнші эстрада әншілеріндей танымалдылық дәрежеге көтеріле алмаған. Мен әншілік-орындаушылық дәрежесін айтып отырған жоқпын. Мейлі, қазір көшеде Бекболат, Әлібек, Нұрғали, Бибігүл сияқты әкесіндей әнші кетіп бара жатса да жастар қайрылып келіп сәлем бермеуі мүмкін. Ал, Қайрат, «Мұзарт», «Жігіттер», т.б. сияқты танымал топтардың мүшелерін көрген әлгілердің делебесі қозғанда кәдімгідей қауіптене бастайсың. Әттең, бізде осындай танымалдылықты идеологиялық құрал ретінде пайдалану тәжірибесі кемшін ғой. Әйтпесе...
Сөз жоқ, бүгінгі «жылауық әндер» ұлттың ментальдік санасына сіңе келе түптің түбінде ұлт танымының талқанын шығармай қоймайды. Болашағында біздің ұлт бұдан қасірет шегуі де ғажап емес. Орыста: «Не жесең содан тұрасың» деген жақсы сөз бар. Қандай әуен тыңдасаң соның рухында қалыптасасың! Біздің қазақта ән - тәрбие құралы, танымның баспалдағы. Бұл – заңдылық, ол қамыттан қай халық та асып түсіп, айналып өте алған емес. Сол «нағылет қамыты» бүгінгі таңда біздің ұлттың қылша мойнында. Бірақ «бекіренің тұмсығы тасқа тимей қайтпайды» деген халық бір нәрсені біліп айтса керек. Жақсыңды, асылыңды, озығыңжы жоғалпай, жоғалтып алған соң оны іздеп, басыңды тауға да, тасқа да ұрып зарламай оның қадір-қасиетін білу қайда? Жылауық әндер мен жылауық әншілер күндіз-түні құлағыңның түбінен 24 сағат бойы сыңсығанда бір күні өзіңнің де еңірегенде етегің толып отырғанын аңғармай қалуың бек мүмкін! Бұл – медия құралдары арқылы үздіксіз, үдемелі түрде жүргізіліп жатқан саясат, басқа ештеңе де емес!
Сондықтан да тура мағынасында бұл әңгіме жалғыз Қайрат хақында емес. Осы бір қара баланың қазіргі таңда қазақ эстардасындағы сүйкімі бөлек, абырой-беделінің де өлшеусіз биік тұрғаны рас. Олай болса Қайратты қолдайық. Бірақ ол үшін Бибігүлдей бұлбұл әншіні күстаналамайық!