Жылойдың ән мектебі

Жылойдың ән мектебі

Батыс аймағында ел аузында «Үйшікке барсаң, күй тартпа, Жылойға барсаң, ән салма» деген нақыл сөз бар. Мұндағы Үйшік – қазіргі Атырау қаласының бұрынғы Гурьевке дейінгі көне атауы. Ал Жылой – өлкенің ән мәдениетінде Мұхит және Қайқылар дәстүрімен қатар өзіндік ән мектебі болған өнер ордасы болыпты. Осыдан келіп Жылой ән мектебінің өзіндік өрнекпен қалыптасқанын аңғаруға болады.

«Жилая коса»
Жылой атауының шығуы туралы бір деректі көне Жылой қаласында балалық шағын өткізген Аманғали Айтбаев ақсақал (1937-2001) айтып берген еді: «Ол жердің қазақша атауы, қазақтың қойған аты – Қаңбақты. XIX ғасырдың екінші жартысында орыс көпестері Жылой қолтығына келіп балық аулаған. Қаңбақты деген шағылдың ұзындығы шамамен 6 шақырым, ені 1 шақырым жер. Осы шағыл басына 1861 жылы орыс көпестері А.Сидоркин, Р.Григорьев дегендер бастап қала салған. Алғашында 90-дай орыс жанұялары қоныстанып, қала «Жилая коса» аталды. Қала 1928 жылы Жилокосинский болып құрылған ауданның 1938 жылға дейінгі орталығы болды», – дейді.

Жылой өңірінің көне тұрғындарының айтуларына қарағанда, қаладағы кең төрт көше теңізге қарап, тұрғындары құрылыс заттарын теңіз жолы арқылы кемемен тасып, жол жасайды. Уақыт өте «Жилая косаға» Астраханьнан, Қазаннан татар саудагерлері ағыла бастайды. Олардың сауда жасауына келім-кетім адамдары көп үлкен қала тиімді болған соң, жанұяларын көшіріп алып, шағын дүкендерін, үш жылдық бала оқытатын медреселерін салады.

Осындай даңқты өлкенің топырағында өзіндік ерекшеліктері бар музыка мәдениеті болған. Оған экспедиция материалдары арасынан «Жылойдың халық әні», «Жылой» деген бірнеше өзіндік бірыңғай стилистикалық ерекшеліктерге ие әндер дәлел болады.

Дегенмен де бүгінгі татар музыка мәдениетінің күрделі де біртекті болмауы – олардың Қазақстанның бір жерінде шоғырланып отырмай, әр аймағына шашырап кетуінде және әртүрлі ұлттармен қоян-қолтық араласып отыруында. Сондай-ақ музыка танушы «Қазақстан татарларының музыкасы мен олардың Отанындағы әндерінің айырмашылықтары жеткілікті» деген пікір айтады. Сондықтан қолдағы материал бұл мәселені көтеруде айтарлықтай маңызға ие.

Ел арасынан жинаған деректерге қарағанда, аталмыш қалаға маңындағы ауылдардан, шалғай ауылдардан арнайы ән үйрену үшін келетін өнерпаздар болған деседі.

Сағынып жеткен – «Сақыптың әні»
Алғаш рет Жылойдың қарапайым халық әндері этнограф А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарында поэтикалық мәтінсіз жарық көрді. Осы жинақтарда Адай уезі, Бөкей, Орал губерниялары бойынша бөлімдердің орындаушылары Ембі ауданының (қазіргі Жылой) болыс ауылдарынан деп көрсетіліп отырады. Яғни этнограф жинаған тұста Адай уезі, Бөкей, Орал губернияларына Гурьев облысының жекелеген аудандары кірген. Бірақ әндер сөзімен нотаға түспегендіктен, олардың бірде-бірі орындаушылар репертуарына енбей отыр.

Тарихтан белгілі болғандай, Жылойда атақты әншілер, ақындар мен жыршылар көп болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші, ақын Жанаш Нұрмаханов XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өткен өнерпаздар туралы «Байбақты ата» кітабында: «...Жылойда «алты қырдың астынан ән салғанда, ұйқыда жатқан ару оянатын» Әләушан мен Нәдірқұл, Қыздарбай мен Мәулікен, Өтеш, Орынғали, Жиенбай мен Отарғос, Сұлтан сияқты әншілер; сазымен қара суды теріс ағызған Қосбай мен Байтақ, Ілтума, Сүйіндік, Тоқсанбай, Әту мен Қалдау, Қарағұл мен Сақып, Жақсыкелді сияқты композиторлар мен күйшілер өмір сүрген...» – деген тың мәліметтер береді. Зерттеушінің жеке мұрағатындағы деректерге сүйенсек, бүгінде республика жұртшылығына мәлім композитор Тоқсанбай Құлтумиевтың есімінен басқа бірнеше өнерпаздың аты келтірілген. Бұл есімдер күні бүгін ұмыт болып, олар туралы естіген, білген адамдардың көзі де азайды. Экспедицияда жиналғаны – Сақып пен Қыздарбай әншілер туралы деректер.

Ж.Нұрмахановтың мұрағат деректерінде ел аузында Қыздарбай сал атанған Қыздарбай Досқанаұлы туралы: «Жылой ән мектебінің негізін салушы Қыздарбай Досқанаұлы – Мұхиттың замандасы, әнші-композитор», – делінген. Яғни әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы нақты мағлұмат табылмаса да, оның өмір сүрген уақыты шамамен XIX ғасырдың соңы деп топшылауға болады. Қыздарбай мұрасы әлі де іздестірілуде. Ал Сақып әнші туралы 1940 жылы қағазға түскен мынадай мәлімет табылды: «Сақып – дауысы зор әнші, әнді, негізінен, домбыраның сүйемелдеуінсіз салған. Сонымен қатар қолына тостаған ұстап та ән айтқан. Арқалы әнші ән салып отырып, құйрығымен жылжып, төрде отырып бастаған әнін босағаға жетіп аяқтайды екен. Ол туралы ел аузында қалған:

Шешендер өткен жол салған тілдің өртімен,
Палуандар өткен қарсыласы мертілген.
Сатанның сазы сәскелік жерден естілсе,
Сақыптың әніне тыңдаушысы еліткен,

деген бір ауыз өлеңнен оның өнер бағасын пайымдауға болады».
Кейіннен жылойлық Ж.Тұрмағанбетовтен Сақыптың «Қар жауар қарашада қатқақ болып» деген әні таспаға жазылып, нотаға түсті. Әнші бұл туындыны 1952 жылы өз әкесі Сейсенбайдан ауызекі домбыра сүйемелдеуімен үйренген екен. Ал екінші нұсқасы «Сақыптың әні» деген атпен жетті. Оны жеткізуші А.Тайшиева есімді өнерпаз әнді бала күнінде үйренген екен. Осы екі әнді салыстыру барысында олардың арасында айтарлықтай үлкен айырмашылықтар жоқ екендігіне көз жеткіздік. «Сақыптың әні» Қазақ радиосының «Алтын қорына» еніп қана қоймай, «Қазақтың дәстүрлі музыкалық антологиясы», Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» жобасы бойынша жарыққа шықты.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста