Жыр арқауы – боз дала

Жыр арқауы – боз дала

О дала, келбетіңе тамсандым көп,
Айта алман, бәрін айтып тауыса алдым деп.
Сен алып пластинка дөңгеленген,
Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп.
Қадыр Мырза-Әли

Өзінің ойлы да өрнекті жырларымен өлең сүйер қауымды тәнті етіп келе жатқан шығармашыл жастардың Республикалық «Жігер» фестивалінің 1983 жылғы лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, ақын Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫНЫҢ 2014 жылдың екінші жартысында «Хантәңірі» баспасынан (Алматы), Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Дала жыры» атты өлеңдер жинағы оқырмандармен қауышты.

Кейінгі жылдары творчестволық өрлеумен өнімді еңбек етіп жүрген еңбекқор, ізденімпаз ақын өзінің сыршыл да, шыншыл жырларымен ерекшелене түскендей. Қуаныштысы, ақын шығармашылығы қарқынды әрі қарымды даму үстінде. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде «Ілтипат», «Ойтолғақ», «Дала жыры» жыр кітаптарымен бірге «Қазақ әдебиеті», «Жетісу» газеттері мен «Жұлдыз», «Шыңғысхан» журналдарында топтама өлеңдері бірінен кейін бірі жарық көруі, шынында да көп нәрсені аңғартқандай. Әрбір қазақ үшін қастерлі де қасиетті әрі киелі дала ұғымы талай ғұламаның, талай шайырдың бойтұмары болған мәңгілік тақырып. Дала – азаматтың бойына қуат, ойына шуақ берер құдірет! Сірә дүлдүл ақын Ілиястың «Дала» деген атпен дастан жазуы, Қадыр ақынның шоқтығы биік жинақтарының бірін «Дала дидары» деп атауы, ал әңгімемізге арқау болып отырған Исламғали ақынның өз туындысын «Дала жыры» деуі жайдан-жай болмаса керек. Жинақтың алғашқы беті «Өзекжарды» деген өлеңмен басталады.

О, менің сырлы далам, жырлы далам,
Шегіртке шырылынан жыр тыңдағам.
Жүрегіме сіңіріп өсіп едім,
Ертегі, аңызыңды мың-мыңдаған, - деген алғашқы жолдарды оқығанда есімізге ақын ініміздің «Менің ақын болуыма апамның бала кезімде айтқан ертегі, аңыз әңгімелері, боз даламның бозала таңдары әсер етті...» деген сөздері түседі.
Кітаптың өзі аттас «Дала жыры» деп аталатын көлемді толғауында:
Қайран далам, дархан далам, кең далам,
Құшағыңнан сая тапқан мен балаң.
Жүрегімде шала жатыр жанбаған,
Жолым жатыр мен әлі де бармаған, - деп толғанады ақын жүрегі. Осы төрт жолда ақынның жүрек сыры жатқанын сеземіз. «Жүрегімде шала жатыр жанбаған» дегені, кейінгі кезде жазылған «Қайран күндер, күндіз-түні сабылыс, Көз саламын Алатауға жанып іш. Арман қуған ауылдағы біз үшін, Алматының әр сүйемі сағыныш» деп әдеби ортадан сырт жүрген ақынның жан күйзелісіндей сезіледі. Алайда ақын өзінің сүйікті Арқас тауының мұзбалақ қыранындай дүр сілкініп, жан күйзелісін серпіп тастайды. Сүйтеді де:
Абылаймын басын қосқан үш жүздің,
Ынтымақ пен бірлікте деп күш біздің.
Төле, Қазыбек, Әйтекенің тілімін,
Бұхар сынды абыздардың жырымын, - деп толғайды. Бүгінгі тәуелсіз өмірге жеткізген тарих жолына көз салып, дана бабаларын мақтаныш етеді. Қазақтың құдайдан да, адамнан да жылап тұрып тілейтіні – тыныштық, бірлік, береке екенін әдемі жыр тіліменен оқушысына шынайы жеткізе біледі. Оқып көріңіз:
... осылайша ұйытты бірлікке елді,
Қансыраған жүрекке тірлік берді.
Пірлер қолдап, әруақ оянған соң,
Тоз-тоз болып дұшпаны дүрліккен-ді, - дей келе,
Жерде Ұмай, көкте Тәңір жарлығы,
Құзырына алған жансыз-жандыны.
Көне Тұран даласының төрінде,
Туын тікті енді Қазақ хандығы, деп төгілтеді ақын жырын. Биылғы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» тарту десе де болғандай бұл туындыны.
Исламғали жырларының объекті де, субъекті де әралуан, оның тақырып аясы кең. «О, туған жер, жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер» - деп дауылпаз ақын Қасым (Аманжолов) жырлағандай И.Үркімбайұлының назарынан сайын даласының тасы да, жусаны да, изені де тыс қалмайды. Ол туған өлкесінің әрбір құбылысын қалт жібермей түйсігімен сезеді, жүрегімен қабылдайды. Ол мынау дөңгеленген дүниеге, табиғаттың әсем де, сұлу көрнісіне ақын ретінде де, суретші пейзажист ретінде де, азамат ретінде де ғашық, іңкәр.
«Жүрегі кең Жер-Анам, қасиеттім,
Сұлулыққа мәңгілік ғашық еттің.
Өзен-көлің... Тауларың... бәрін-бәрін,
Көкірегіме келеді басып өпкім...
Қазақ поэзиясының классигі Қадыр ақын жырлағандай, біздің Слаш ақын да айналасындағы өмір құбылыстарына деген шынайы ғашықтықтан төгіп-төгіп өлең жазып, соңынан ғашық жанша өз сезіміне өзі «мас» болып, «масаң» тартып жүретін сияқты. Бұған ақынның «Даламен сырласу», «Жер-Анам», «Аңсау», «Айқайқұм», «Таңғы әсер» тағы басқа көптеген жырлары толық дәлел бола алады.
Жинақта пәлсафалық ой-тұжырымдарға үлгі-өнеге, тәрбиелік мәнге ие дүниелер де молынан кездеседі. Олардың қатарында «Үлгі», «Ағалармен амандасу», «Күндік өмір», «Қанағат», «Кәрілік»... т.б. өлеңдерді атауға болады. Жинақта ана, махаббат, достық тақырыптары да молынан қамтылған. Солардың ішінде кітаптың эпилогі іспеттес болып тұрған «Дос туралы толғауды» ерекше атап өткіміз келеді.

Сені іздейді қайда жүрсем, көңілім,
Сенсіз тіпті, қызық емес өмірім.
Тіршілікте жан досы жоқ пенделер,
Тарқата алмас бұл сезімнің өрімін...

Қадіріңді досым қалай сезбейін,
Аярлыққа білесің ғой, төзбеймін.
Түсінетін саған «алтын» болсам да,
Түсінбеске құным бақыр «жездеймін».

Досына деген жан шуағын осылай өрнектеп, осылай кестелейді ақын.
Менің түсінігімде Исламғали інім асып-саспай, сабырлы да биязы қалпын сақтай жүріп, халқының сөз қуатын бойына сіңіріп, қара өлеңнің қаймағын азық еткен тәрізді. Аталмыш жинақтың көлемінің он бес баспа табақ болып, оған екі жүзге жуық өлеңнің енуі де көп нәрсені аңғартқандай.
Біреулер сөзін сәндеп, қырлап, қырнап көрсетуге әуес. Ал оның өзегінде нәрі аз, жылуы жоқ болса нетер едіңіз? Ал Исламғали ақынның өлеңдерінде құдайға шүкір, осы жылы сәуле сақталған. Оқып отырғанда сол жылы сәуле біртіндеп қаныңызға тарап, жүрегіңізді шуаққа бөлей түскенін сезінесіз.
Алтын деп ардақ тұтқаның жез болатынын,
Ерлік күткен адамың ез болатынын.
Өз басымнан өткізіп келемін жиі,
Бағалы бөзге бергісіз сөз болатынын.
«Қандай бір ойдың адамы болмасын, оның екі тірегі болады. Оның бірі елі, сол елдің көзі ашық жандарының сол адам туралы айтылған жылы лебізі, игі тілегі. Екіншісі, қаламгер үшін әдеби ортаның берген бағасы» деген пікірді бір жерден оқығаным бар еді. Ақынның жаңа кітабы қолымызға тигенде алған әсерімізді біз де шама-шарқымызша ортаға салсақ деген ниетте болдық.
Жинақта кездесіп қалатын бірді-екілі олқылықтарға қарамай «Дала жыры» өлең сүйер қауымның қалап оқитын дүниесіне айналары сөзсіз. Кітап көркем безендіріліп, ірі әріптермен терілген, оқуға жеңіл. Ауылдас ақынымыздың жаңа жырларын оқып, өлеңге деген шөліңізді қандырып, рухани байлығыңызды молайта түсіңіз, ағайын!

Қыстаубай АМАНЖОЛОВ

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста