«Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын!..»
«Қазақ пен поэзия – егіз ұғым» дейміз ғой. Сөйткенімен, бүгінгі поэзияқұмар көпшілік жұрт қазақы ақындықтан қасымдықты таба алмай аңсап жүрген тәрізді. Әлбетте, сонау ғасырлардан сабақтаса сусындалған өнердің өресі ұсақталып кетті деп айта алмаймыз. Солай деп айта алмасақ та, сөз сойылын ұстанған бүгінгілер арасынан ақын Қасым шыққан шыңға, оның көркем суреткерлігін табындыратын Тәңіріне талпынушылар көп емес секілді. Әйткенмен, өзі айтпақшы, «дүниеге келер әлі талай Қасым». Ал сол Қасым мен бұ Қасымның арасындағы үндестіктің қоздауы нешік?! Сондықтан да кешегі әм бүгінгі ақындар арасындағы сабақтастық жолы жете зерттеулерді қажет ететін секілді.
Қазақтың ақындығы – тәңірі жарылқап аспаннан сұрағанға түсе салған кенже құбылыстың бірі емес. Ықылым заманнан бергі ешкімге ұқсамай жалғасып келген ғажайып жыр маржандары, ілгерідегі сақ дәуірінен сақтала жеткен жауһар мұралар, Тоныкөк тұсындағы түркінің түрлі тебіреністері, хандық тұсындағы толғаулар, аласапыранның айтнамалары, шапқыншылықтың шайырларынан жеткен мәңгілік өлмес дастандар – мұның бәрі – бір-бірімен үндескен, сабақтасқан ұлы құбылыстар. Бұндай ұлттың ұлы өзегін жалғап тұрған киелі қалыптан бертіндегі Бұқар, Махамбет, Дулат, Абай, Мағжандарға дейін сапырыстыра дәм татып, саф өнердің сапасына сән берді. Соған қарағанда, әулие тұтатын ақын Абайдың өзі де аспаннан түскен жоқ. Оның ақындық, данышпандық деңгейіне жеткізген – пенделік күйдегі іркіліссіз ізденісі. Сондай өз бойындағы ғажайып күй арқылы Абай — халқымыздың үлкен рухани мұрасын кейінгілердің сусындауы үшін сабақтастырып кеткен заманның заңғар тұлғасы. Ал осы тектес ұлы сабақтастықтың жолымен қазақ поэзиясын шырқау шыңға көтерген өресі сұмдық ақынның бірегейі – Аманжол Рақымжанның Қасымы.
ХХ ғасырдың соғыстан кейінгі жылдарында қазақ поэзиясына үлкен бетбұрыс әкелген ақынның өнегесінде де рухани сабақтастық рухы тұрғаны айқын. Зерттеушілер де Қасым өлеңдерінен ең әуелі Абайдың жолын, Мағжанның ізін көретіні сондықтан болар. Бір сөзбен айтқанда, ықылым замандағы жыраулардан жалғасқан рухани шүйгін Қасым поэзиясы үшін қайнардың нағыз көзі болды. Сондықтан да қазақ поэзиясына батылдық пен суреткерліктің лебін әкелген Қасым өзіне дейінгі ұлттық поэзия үлгілерінің озығын болмысына сіңіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар ақындықтың шеберлік мектебін дамытты. Оның тамаша туындылары, өлмес дастаны өзінен кейінгі Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, С.Ақсұңқарұлы секілді ақиық ақындардың өнеге алар рухани мектебіне айналды. Әйтсе де осындай рухани мектеп өнегесі бүгінгі күні сұйылып бара жатқандай. Сондықтан да ілгеріге озбай-ақ бүгінгі зерттеушілер Абай мен Қасым арасындағы байланысты Мағжан мен Қасымды, Қасым мен Мұқағалиды, Қасым мен Төлегенді, Жұмекенді байланыстыра, соның тамырына терең бойлауы сұранады. Сондай сабақтас байланыстан нәр ала білген кейінгі ақындардың да шығар шыңы зор болары – даусыз шындық. Зерттеулер де осы негіздегі жүйені сұранады.
Қасымның өлеңіндегі ерекшелігіне соғайық. Басқасын айтпай-ақ, ақынның әсіресе өзіміз ұдайы қарғыс айтатын кеңес заманын жырлаған һәм соғыс жылдарындағы тудырған шығармашылығының орны бөлек. «Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көрдім ғой мен бір армандай қызды. Бір нәзік сәуле күлімдеп еді, сұрапыл соғыс соқты да бұзды. Тулады толқын, шайқалды шың-құз. Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз. Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз!» Осы бір «Дариға, сол қыздың» өзі тұтастай бір дастанға бергісіз туынды екені рас. Ақын мұрасын зерттеушілердің өзі әр тармағы он буыннан тұратын мұндай өлеңнің Қасымға дейінгі де, одан кейінгі де қазақ поэзиясында онша қолданыла қоймағанын алға тартады. Ең бастысы, өмір шындығы жырланатын өлеңде кейіпкердің тебіренісі шынайы бейнеленуімен ерекшеленеді, түр жағынан да айрықша сонылықты аңғартады. Сол замандағы дүниеге келген «Ақын өлімі туралы аңыздың» өзі замандастарының алдында шоқтығы биік туынды саналып, қазақтың ғұлама жазушыларының бәрін дерлік мойындатты. Абдолла туралы осы поэмасы да — қазақ үшін тың жаңалық. «Жау жолына атам сені, бомба бол да жарыл, жүрек» дегендегі суреткерлікке кім жетер еді? Сыналай келсек, Қасым ақынның поэзиясында, оның әрбір туындысындағы бейнелеу, ажарлау, құбылту тәсілдері арқылы жасалған бейнелілік-көркемдік байлықтар сонылығымен, тосындығымен тәнті етеді.
Ендеше, осындай өрелікпен Қасымша толғанудың соны суреткерлігі бүгінгі ақындарға жетіңкіремейтін тәрізді. Сондықтан да қазақ әдебиетіндегі Қасым поэзиясының дәстүрін зерттеу өзекті проблемаға айналып отырғанын аңғаруға болады. Басы ашық тағы бір мәселе, ол – Қасым ақынның қазақ поэзиясында берік орныққан шеберлік мектебінің қырларын ашу. Тәуелсіздік идеясы, ұлттық поэзиядағы Қасым поэзиясы дәстүрінің қаншалықты дәрежеде жаңашылдыққа ұласуы. Мұндай дүниелердің жете зерделеніп, жұртшылыққа кеңінен таныстырылуы ақынды тағы бір қырынан тануға септігін тигізері анық. Тар заманда өмір сүріп, халық тағдырын мүмкіндігінше жырлаған Қасым – қазақ поэзиясының алтын тамырынан нәр алып шыққан ұлы өнердің қайнар бұлағы. Сондықтан да әлі күнге толық ашылмаған Қасым – қазақ оқырмандары үшін әлі де жұмбақ. Осыны қайта қарау, жыр-дастандарын жаңа заманның көзқарасымен ұштастыру лазым. Бір сөзбен айтқанда, ақынды өз биігінен талдап, өз биігінен қарауға тиістіміз.
Мұқағалидың өзі Қасымның әлі талайды табындыратынын айтып, ондай тұлғамен мәңгі санасу керектігін сипаттап, былай дейді:
«Бір күй бар домбырамда...»
(Иесі Қасым)
Қасым солай болмаса несі Қасым?!
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын!..»
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
– Қазіргі біздің ақындарда образды сөйлеу, бейнелеп айту жоқ. Бар болса да, оған соншалықты мән берілмей, осы жол жоғалу үстінде. Сондықтан да кейінгі кездері ақын өлеңі қарапайым бір мақаланы жазып шыққандай ғана әсер береді. Ал Қасымның да, Мұқағалидың да ірілігі сонда – олар образбен айтуды терең меңгерді. Реті келмеген тұстарын тұспалдап жеткізуді әбден игерді. Мәселен, Пушкиннен аудармасында Қасым «ол да мені тырнағымнан таныды, мен де оны құлағынан таныдым» дейді. Ал біздің ақындарымыз мұндайды «мен айбарлы жолбарыспын, сен салпаңқұлақ есексің» деп төтесінен баяндаушы еді. Осындағы Қасымның жазған екі жолының өзі бүкіл бір балладаға бергісіз. Яғни біздің бүгінгі ақындарда бейнелеп айтып, аз сөзбен көп мағына беру, астарлап сөйлеу, шешендік таныта түсу мәнері сұйылып барады. Дәстүрлі сөз жүйесінен тайқып та жүргендейміз. Тіпті таза, тұнық келетін ұлттық тілдегі бояуды да сұйылтып жатқандаймыз. Бұл назаландырады.