«Жыраулар үйіне» жарнама керек
Сыр бойы сүлейлер отаны саналады. Ол тегіннен-тегін емес. Қаншама ғасырдан бері қалың елмен біте қайнасып келе жатқан жыраулық дәстүр әлі де кейінгі ұрпаққа ұлағат сыйлап келеді. Осындай асыл дүние бүгінгі буынның бойында да буырқанып жатыр. Құлақ құрышын қандыратын жыр мен терме қазақтың құнды қазынасы екені даусыз.
Дария бойындағы дүйім ел жыр мақамдарын үшке бөліп қарайды. Аралдағы ағайын Нұртуған жыраудың әуеніне салады. Қармақшыдағы қалың қауым Жиенбай жыраудың мақамына тәк тұрады. Шиеліде Нартайдың әні әлеуметті әдемі көңіл күйге бөлейді. Дегенмен «жыраулар елі» дегенде, алдымен Қармақшы өңірі ойға оралары сөзсіз.
Түркі жұртының абызы Қорқыт атаның жамбасы жерге тиген өңір – ән мен жырдың қасиетті мекені. Бұл сөзді бекерден-бекерге айтқан жоқпыз. Ауданда Тұрмағанбет атты ауыл бар. Парсының «Шахнамасын» қазақша сөйлеткен ақынның атын иеленген ауылдан 100-ден астам жырау шыққан екен. Ал Қармақшы жерінде одан басқа да жыраулық дәстүрге жаны жақын қаншама жұрт бар.
Қазіргі таңда ауданда «Жыраулар үйі» бар. Оған әйгілі жырау Көшеней Рүстембековтің баласы Арнұр жетекшілік етеді. Ондағы 15 адам жас ұрпаққа ұлттық өнердің ұлағатын сыйлауды дұрыс көреді. Мектептің бес бөлімшесі жұмыс істейді. Қазір мектепте 60-тан астам жас жырау көне дәстүрдің қасиетіне көзін жеткізіп отыр. Олардың арасында таңнан-таңға созып жырлайтын дастандар мен көлемді термелерді жатқа соғатын жас өнерпаз буын қалыптаса бастады.
– Біз шәкірт баулуға баса назар аударамыз, – дейді Арнұр Көшенейұлы. – Сол себепті мектепке келген ынталы өреннің алдымен ата-тегіне қараймыз десек те болады. Өйткені қанмен дарыған қабілетке жетер ештеңе жоқ. Мәселен, үлкен атам – Жиембет жырау, одан Рүстембек ақын өрбиді, Рүстембектен менің әкем Көшеней өмірге келеді. Осылайша атадан қалған асыл қазынаны ардақ тұтып жүрген жайымыз бар. Мектепке келген балаға жыраулық өнер жайында жан-жақты түсінік жүргіземіз.
Мектеп директорының айтуынша, жыраулық дәстүр жайында баспа жүзін көрген әдістемелік оқулықтар тапшы болып отыр. Осыған байланысты ізбасар ұрпақтың талай жыр мен термені зердесіне тоқуы үшін Сырдағы сүлейлердің туындыларын толықтыруға көңіл бөлініп отыр. Ең бастысы, қаншама уақыттан бері сол күйінде сақталып келе жатқан мақам мен сазды сақтауға назар аударуға көңіл бөлінбекші. Оның үстіне қазіргідей даңғаза эстраданың дәуірі жүріп тұрған кезеңде «Жыраулар үйіне» жарнама жетіспей тұр.
Өнер зерттеушілері Қармақшы мақамының өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады. Жырды көмекейге салып айтатын жыраулар өнеріне көпшілік талай мәрте тәнті болған. Бір қызығы, жырды көмекеймен айту өнері көптеген ұлттарда кездеспейді. Әрине, оны біздің халықтың өнерінің бір парасы деп санауға толық негіз бар.
Арнұр КӨШЕНЕЙҰЛЫ, «Жыраулар үйінің» директоры:
– Жырды көмекеймен айту туыстас қарақалпақ, түрікмен халықтарында бар. Сонымен қатар Грузия мен Алтай аймағында да осындай өнер бар деседі. Дегенмен олардан біздің өнердің өзгешелігі көп. Оларда біздікіндей көмекейден шықпайды. ХХ ғасырдың 80-жылдарында Қармақшы өңірінде Шәмшат Төлепова, Ілияс Рүстембеков, Алшынбек Сәрсенбаев, Сүйінбай Ақбаев сынды азаматтар жас шәкірттерді баулуға көңіл бөлді. Осының арқасында қаншама талантты жастар тәрбиеленіп шықты. Алайда жыраулық дәстүрге шекеден қараған кезіміз де болған. Жалпы алғанда, атадан қалған аманатты Шәмшат апамыздан өзге Алмас Алматов, Қуандық Нұрлыбаев сынды көптеген азаматтар жандандыра түсті.