Әскеріміздің бес қаруы сай ма?
Бақайшағына дейін мұздай қаруланған жау болса да, бес қаруы сай әскердің айбыны асқақ екені анық. «Бес қаруы сай» дегеніміз – бұл жан-жақты дайындық. Техникалық та, материалдық та, тіпті моральдық, психологиялық та және, ең бастысы, білім-біліктіліктің жоғары болуы шарт.
Біз – ғасырлар бойы еліміз бен жеріміздің қорғанысына айрықша жоғары мән беріп келген халықпыз. Ал қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс саласы қандай бағаға лайық? Жаман емес, әрине. Қазақстанның әскери бюджетi 2007 жылы 1 млрд 220 миллион долларға жетті. Сол жылы еліміздің әскер қатарындағылардың саны 74 мыңнан асты. Ал халқы бiзден екi еседей артық көрші Өзбекстанның әскерлерi 68 мың адамды құраса, бюджеті 302 млн доллар ғана. Тағы бір мысал, Түрікменстан үшін әскер санын да, бюджетін де көтеру арман болып тұр, яғни 50 мың әскер, 116 млн доллар. Айта кетсек, артық болмас, Тәжiкстанда 15 мың әскер, қаржысы – 52 млн доллар. Айыр қалпақ ағайындар (Қырғызстан) бұрынғы КСРО елдері арасында 11 мың әскерімен (40 млн доллар) тізімнің ең соңында тұр.
Алайда бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені Қазақстан мен біз үлгі етіп отырған елдердің қорғаныс салалары ахуалының арасы жер мен көктей. Былайша айтқанда, көшбасшы елдер күш-қуатын әскерінің беделімен өлшейді. Орталық Азияда абыройымыз асқақтап тұрғанымен, байтақ жерімізге жерік болып отырған алпауыт елдер үшін біз әзірге әлсізбіз. Статистикалық мәліметке жүгінсек, әскерлеріміз жалпы халықтың бір пайызын да құрамайды екен.
Осыдан барып мынадай сауал туындайды: «Әскери қызметке сұраныс неге жоқ?» Бұрындары, яғни КСРО кезінде әскери қызметкерлердің мәртебесі биік болатын. Оларға көптеген жеңілдік жасалып, мемлекеттің өзі «басқасы – бір төбе, әскеріміз – бір төбе» деп, айрықша қамқорлық танытатын. Өйткені әскери адамдарға қойылатын талап күшті, жауапкершілік зор. Жұмыс бабымен жыл он екі ай қоныс аударып, күн-түнге қарамай, ел күзету – шынымен де оңай шаруа емес. Кезінде олар жалақыға да шағымданбайтын. Баспанамен қамтамасыз етіліп, еңбек демалыстарында шипажайларда тегін емделгендері тағы бар. Олар тіпті балалары үшін балабақша кезегінде де тұрмайтын. Бәрін айт та, бірін айт, қоғамда да ерекше құрмет көрсетілгенін барша жұрт біледі. Әскери киімдегі кез келген адамға Отан күзетшісі ретінде қарап, жеткіншектер бой түзесе, ересектер оларға бейбітшіліктің кепілі ретінде қарайтын.
Өткен-кеткенді ой елегінен өткізген «Әскери стратегиялық зерттеулер институты» АҚ президенті Георгий Дубовцев былай дейді:
– Рас, Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің қорғаныс саласы тоқырауға ұшырады. Жылда әскери оқу орындарына талас күшті болатын. Ал 1990-1995 жылдар шамасында тіпті талапкерлер саны күрт төмендеп, студент жинай алмай қалды. Осының өзінен-ақ әскери қызметтің мәртебесінің қаншалықты түсіп кеткендігін байқауға болады.
Жағдай жылдан-жылға түзеліп келеді, оны мойындау керек. Әрине, бұдан да жақсарту қажет-ақ. Ол – уақыт өте реттелетін шаруа. Естеріңізде болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қою арқылы әскери қызмет пен әскери қызметкерлердің мәртебесін көтеруге айрықша көңіл бөліп отыр. Кезінде келмеске кеткен жеңілдіктер мен көмектер де қайта қалпына келтіріліп жатыр. Қысқасы, бұрынғы КСРО елдері арасында әлеуетіміз күшті. Әрине, АҚШ, Еуропа елдері немесе бауырлас Түркиядағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Өйткені олардың экономикалық жағы Қазақстаннан әлдеқайда озық. Бар гәп – осында. Әскери қызметкерлердің қоғамдағы орнының деңгейін мен екіге бөліп қарар едім. Біріншісі: қарапайым адамдар арасында әскери құрылымның беделі жоғары, өйткені олар, мәселен, күш құрылымына жұмысқа тұру үшін әскери атақтың міндетті екендігін біледі. Ал баласының болашағын өз жауапкершілігіне алған қалталы ата-ананың көзқарасы басқа. Сөз болып отырғандай, әскери қызметкерлердің қоғамдағы артықшылықтары белгілене бастады деуге болады. Мәселен, 7 мамыр күні бұдан былай демалыс күні деп саналатын болады. Елбасы Жарлыққа қол қойды. Осының өзіне қарап, сең қозғалды дер едім.