Гитлерді кім өлтірді?
Кеңес әскерлері Рейхстагты алған соң, 2 мамырдан бастап Гитлердің мәйітін іздеуге кіріседі. Гитлердің, Ева Браунның, фюрерге көзсіз берілген серігі – Геббельстің және оның әйелі мен алты қызының мәйіттерін 5 мамырда қызыл әскердің барлау қызметкерлері (СМЕРШ) тапқан. Фюрердің қап-қара болып күйген мәйітін тану оңайға түспеген. Мәселенің мәні түсінікті ғой, ол кезде заман қазіргідей емес, криминалистика ғылымы дамымаған. Бүгінгідей компьютерлік техникалар жоқ. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан. Ұзақ кеңесуден кейін кеңес әскерилері фюрердің тіс дәрігері Кете Гейзерманның жауаптарын негізге алып, мәйіт Адольф Гитлерге тиесілі деген қорытындыға келеді. Алайда біраз жыл кеңес лагерінде болған К.Гейзерман бостандыққа шыққан соң, өзінің жауаптарынан бас тартқан. Неге олай еткені белгісіз. Мұның бәрі де бір-ақ нәрсені меңзейді: үшінші Рейхтің мәйітін тануда әйтеуір бір кілтипанның болғаны анық. Қазіргі уақытта Гитлердің қалдығына сараптама жүргізген мамандардың барлығы қайтыс болған. Құпияны олар өздерімен бірге ала кетті. Сондықтан ақиқатқа жету әзірге мүмкін болмай тұр.
Гитлер жеті рет жерленген
Рейхсканцелярияның бағынан табылған 10 мәйіт (оның ішінде Гитлер мен Браундікі де бар) бас-аяғы жеті мәрте жерленген. Иә, Гитлер Берлинге таяу Бух, Фин, Ратен, Стендаль қалаларында болып, 1946 жылы Магдебург қаласынан тыныштық табады. Тап осы жер Гитлердің мәңгілік моласы болуы керек еді. Алайда арада 24 жыл өткенде жағдай тағы да өзгерген. 1970 жылдың 13 наурызында Кеңес Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Юрий Андропов бас хатшы
Л.Брежневке хат жолдап, Магдебург қаласының Герман Демократиялық Республикасына берілетіндігін, сондықтан ол жерге жерленген Гитлер мен басқа да адамдардың қалдықтарын қазып алу керектігін хабарлайды. Брежнев бұған келісімін беріпті. Осылайша, КГБ-ның арнайы шұғыл тобы архив операциясын іске асыруға кіріседі. 4-5 сәуір күндері Магдебург қаласындағы Клаузенерштрасседегі 36-үйдің ауласында жатқан мәйіттер қазып алынады. Саудыраған сүйектер бес жәшікке салынған екен. 5 сәуір күні таңертең мәйіттер көлікпен оқу-жаттығу өткізетін аулада өртеледі. Гитлер мен оның жақындарының күлі Эльба өзенінің жағасына шашып жіберілген. Осылайша, тура мағынасында айтқанда, 1970 жылы фюрердің күлі көкке ұшты. Дегенмен Гитлердің өліара шақта аман-есен құтылып кеткендігі жөніндегі күдік әлі қалмай келеді. Мұндай болжамдардың сол 1945 жылдың өзінде-ақ кеңес басшыларының ауыздарымен айтылғаны таңғалдырады. Мәселен, 1945 жылдың 10 маусымында «Правда» газетінде маршал Г.Жуковпен өткен баспасөз мәслихатынан хабарлама жарияланған. Мәслихатта журналистер бас қолбасшыдан Гитлердің кейінгі тағдырын сұрапты. Сонда маршал: «Бұл жағдай адам таңғаларлық. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Берлин тізе бүгерден екі күн бұрын Гитлер киноактриса Ева Браунға үйленген. Гитлердің мәйітін таба алған жоқпыз. Сондықтан оның кейінгі тағдыры туралы ештеңе айта алмаймын. Соңғы сәтте ол Берлиннен ұшып кеткен. Оның бұлай істеуіне толық мүмкіндігі болды», – дейді. Г.Жуков бұл әңгімені неге сүйеніп айтты екен?.. 1945 жылдың 26 мамырында Сталин АҚШ-тың бір топ саяси өкілімен кездеседі. Осы кездесуде Сталин «Борман, Геббельс, Гитлер және Кребс қазіргі уақытта жасырынып жүр» деген сөзді бірнеше мәрте қайталаған. Сталин мұны не үшін айтты? Жұмбақ...
Гитлердің басы Мәскеуде тұр
КГБ-ның мұрағаттарынан табылған құжаттарға қарағанда, күлі көкке ұшқан Гитлердің басы сақталып қалған. Нақтырақ айтар болсақ, 1945 жылдың 17 мамырында Гитлердің мәйітін тануға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылау үшін Берлинге Берияның орынбасары, генерал П.Мешик келеді. 23 мамырда Мешик Мәскеуге Гитлер мен Е.Браунның бассүйектерін ала кеткен. Фюрердің басы Мәскеудегі КГБ-ның құпия мұражайында сақталып, жуырда Ресей мемлекеттік мұрағатының арнайы бөліміне тапсырылған. Қазіргі уақытта Гитлердің бассүйегінің жұрнағы (жақ сүйегі) осы мұрағатта тұр.