Қазақтың батырлығы шекарамен шектелмейді
«Ресей Федерациясының батыры» атағына ие болған ел азаматтарының өмір жолы мен ерлігіне мән бермей жатамыз. Өз еліміздің Тәуелсіздігі мен тұрақтылығын барлық құндылықтан артық санайтынымыздан болар. Дегенмен ерлігін өзімізбен бірге басқа ел де құрмет тұтып, мойындаған саңлақтарымыздың ісі біздің халықтың ерік-жігер әлеуетін көрсетпей ме?! Қаһармандық шекара деген ұғымның шеңберіне сыймайды.
Отан алдындағы қаһармандық ерлік – қай елдің де ең қастер тұтатын ұғымы. Әр елдің ең жоғарғы мемлекеттік наградасы да тұтас мемлекет пен халық үшін қаһармандық ерлік жасаған адамға беріледі. Кезінде Кеңес Одағының Батыры деген мәртебелі атақты одақтас республикалардың түкпір-түкпіріндегі 12 780-ге жуық адам иеленді. Олардың 91%-ы – Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткендер. Кейін бейбіт уақытта бұл жоғарғы мемлекеттік награда интернационалист жауынгерлерге және ортақ Отанымыздың қауіпсіздігі жолында орасан еңбек сіңірген басқа да азаматтарға берілді. Ерлігі күллі кеңес жұртшылығына мәшһүр болғандардың арасында қазақстандықтар да көп болды. Бүгінде Ресейдің де, Қазақстанның да, басқа да елдердің өз батырларына арналған ең жоғарғы мемлекеттік наградалары бар. Бірақ кейде жүрек жұтқан батырлық бір елдің аумағымен шектелмейді. Әрі адамды, тұтас елді оның ұлтына, тілі мен діліне, өркениеті мен саясатына қарамай, қауіп-қатерден қорғау – нағыз қаһармандарға тән. Тарихи көршіміз – Ресей Федерациясы бүгінде бір топ қандасымызды өз елінің қаһарманы деп таниды. Олар жөнінде жеке-жеке тоқталайық.
Бақтыораз Бейсекбаев – «Ресей Федерациясының батыры» атағына ие қазақстандықтардың ең жасы үлкені. 1920 жылы Жетісу облысының Верный уезі, Ильинское елді мекенінде дүниеге келген. Әскери қызметтерде болған ол 1941 жылы соғыс басталғанда Алысты бомбалау авиациясы әуе корпусындағы 42-дивизияға қарасты 207-полктің бірінші әуе эскадрильясының бомбалаушы-атқышы ретінде шайқастарға қатысады. Бейсекбаев капитан Александр Масловтың экипажында болған. 1941 жылы маусымның 26-сы күні Беларусь жерінде фашистердің механикаландырылған колоннасын талқандау кезінде қаза тапқан. Бір деректер бойынша, Маслов оқ тиген ұшақты жау техникаларына бағыттаған. Маслов ұшағының құлағаны дәлелденген, бірақ оқиғаның қалай болғаны әлі күнге дейін беймәлім. Сол кездегі идеология бойынша, өлімі дәлелденбеген қазақ жауынгеріне «Отанын сатып кетуі» мүмкін деген күдік те келтірілді. Бірақ 90-жылдары соғыс деректерін қайта қараған Ресей үкіметі Бейсекбаевты елдің батыры деп таныды.
Талғат Мұсабаев – есімі күллі қазаққа құрметті ғарышкер. Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының бүкіл еңбек жолы Қазақстанның азаматтық авиациясымен және ғарыш саласымен байланысты. 90-жылдары КСРО қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери қызметке және зерттеуші ғарышкерлер құрамына қабылданған ол Ресей Федерациясының ғылымына да зор үлес қосты, сол елдің үлкен үміт күттірер ғарышкері болды. Мұсабаев «Мир» орбиталық ғылыми-зерттеу кешеніне ұзақ халықаралық ғарыш сапарына дайындалып, оны сәтті орындағаны үшін және сол кезде ерлік пен батырлық көрсеткені үшін 1994 жылдың қарашасында Ресейдің ең жоғарғы мемлекеттік наградасын иеленді. Бір жылдан соң еліміздің Халық Қаһарманы атанды.
Қайырболат (Қайыргелді немесе Николай) Майданов – Батыс Қазақстан өңірінің түлегі. 1956 жылғы жігіт Германияда кеңес әскері құрамында әскери борышын өтеген соң Саратов ұшқыштар училищесін тәмамдайды. Одесса, Байкал жағалауы, Түркістан әскери округтарында қызмет атқарады. Кейін Ауғанстандағы соғысқа аттанады. Оның ерлігі осы кезде көзге түседі. Ауған жеріндегі әскери операциялар үшін ол 200 кеңестік барлау тобын барар жеріне сәтті жеткізді және дұшпандардың он шақты қарулы керуенін жойды. Кеңес Одағының батыры атанған ол бұдан кейін атамекенге келіп, біраз еңбек етеді. 90-жылдардың соңында Ресей әскері құрамына қайта қосылып, тікұшақ полкі командирі ретінде Кавказда шиеленіскен лаңкестікке қарсы ұрыс әрекеттеріне қатысады. 2000 жылдың қаңтарында ол Солтүстік Кавказ әскери округінің қолбасшысы мен журналистер тобын террористерден құтқарады. Содан бір күннен кейін Шешенстанда Майдановтың тікұшағына оқ жаудырылады, алған жарақатына қарамастан, батыр тікұшақты аэродромға жеткізуге тырысады, бірақ осы ерлігі үстінде қаза табады.
Жантас Жолдинов – «Ресей Федерациясының батыры» атанған қазақтардың ең жасы. Ресей Ішкі істер министрлігі Сібір ішкі әскери округінің құрама полкының атқышы қаһармандықпен қаза тапқан кезде бар болғаны 20 жаста еді. Әрине, көпшілік Жантасты Қазақстан азаматы емес деуі мүмкін. Дегенмен ол туған өңір – Орынбор облысының Домбар ауданы, қазақтың байырғы жері, ал бүгінде екі елдің шекаралас ауданы. Жолдинов Грозныйдағы соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды дін аман алып шығу операциясына қатысты. Содырлардың шабуылы кезінде соңғы оғы қалғанша атысып, бес дұшпанды өлтірді. Тұтқынға түспей, оққа ұшып, қаза болды. Ресей үкіметі Жантас Бақытжанұлына батырға лайық атақты 1998 жылы берді.
Біз өзге ел қаһарман деп құрметтейтін қазақтар жайлы айттық. Ресейдің ең жоғарғы мемлекеттік наградасына ие болған өзге де отандастарымыз аз емес. Балқашта туып, Ақтөбеде өскен, Орынбордан түлеп ұшқан ғарышкер Юрий Лончаков Ресейдің теңіз және азаматтық авиация, ғарыш салаларының дамуына бар ерік-жігерін арнады. Бұл еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Бүгінде ол да – Ресей Федерациясының батыры. Талдықорғанда туып-өскен Ирина Янина 1966 жылғы болатын. Медбике мамандығын меңгерген ол 1995 жылы Ресейдің ішкі әскеріне келісімшарт бойынша қызметке алынады. Әскери медицинаның маманы болған оған отбасын сақтап қалу үшін басқа қызметтерге ауысуға болар еді. Бірақ қайсар қыз құқық қорғау саласын тастамауды ұйғарады, тіпті, Шешенстандағы соғысқа екі рет өз еркімен аттанады. 40-тан астам жауынгерге жәрдем көрсеткен қазақстандық келіншек содырлар атқылаған БТР-ден әскерилерді шығарамын деп жүріп, ажал құшты. Ирина – Кавказдағы ерлігі үшін «Ресей Федерациясының батыры» атағын алған тұңғыш әйел.
Ел басына күн туғанда, адамзатқа қауіп-қатер төнгенде, ерлік те бой көрсетеді. Мұндай сәттегі қаһармандық әрекеттер ұмытылмайды, ерліктің кейінгі ұрпаққа құрметті үлгі болып қалатыны ақиқат. Қадірлі оқырман, егер өзге мемлекеттерде халық батыры атанған қазақтар немесе қазақстандықтар туралы мәлімет білсеңіздер, біздің электронды мекенжайымызға жолдауларыңызға болады.