Балшықпен сылап сауықтырады

Жаз мезгілінде еліміздегі шипажайларға барушылар қатары да артады. Бүгінде Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы шипажайларда да жұрттың қарасы артып тұр.
Міне, осындай емдеу-сауықтыру орындарының бірі – Жаңақорғандағы «Шипажай» деп аталатын санаторий. Кешегі аптада біз осы ем орталығының Айсұлу есімді қызметкерімен сөйлесіп, одан жұртқа қажетті бірқатар мағлұматтар алдық.
«Бізге келу үшін алдын-ала хабарласып, бронь жаздырып қою қажет, – дейді Айсұлу. – Өзіңізбен бірге терапевт дәрігерден алынған санаториялық-курорттық карта, «ПЦР»-анықтама болуы тиіс. Вакцина салдырған болсаңыз, оның паспорты болуы керек. Ондай жағдайда «ПЦР»-анықтаманың қажеті жоқ. 100 орындық шипажайымызда ем алушыларға барлық жағдай жасалған, тыныштық сақталады, сапалы тамақ беріледі. Емделушілерге білікті мамандар қызмет көрсетеді».
Шипажайда тірек-қимыл мүшелері, омыртқа, шеткі жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары, тері ауруларынан зардап шегетіндер ем қабылдайды. Онда сондай-ақ урологиялық, гинекологиялық сырқаттар емделеді. Емге негізінен жақын маңдағы көлдің қара балшығы қолданылады. Емді 14 жасқа дейінгі балалардан басқалардың алуына болады.
Ал «Шипажайға» жолдама ақылары 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін екен. Яғни стандартты, жартылай люкс. люкс, апартамент деген сияқты, жеке адамдық, екі немесе бірнеше адамдық бөлмелердің ақысы жасалған жағдайына қарай осы сомалар аралығын құрайды. 10 күндік жолдама құнына жатын орын, 4 мезгіл тамақ және емдеу процедураларының ақылары кіреді.
Шипажайда бұдан бөлек, қосымша ақылы ем, қызмет түрлері бар. Қажет еткендер оларды 500-ден 4000 теңгеге дейін ақысын төлеп, пайдалана алады. Ультрадыбыстық зерттеу ақысы – 2000-2500 теңге аралығында. Сондай-ақ кейбір сынамалар алу да ақылы. Тамырға дәрі ектіру ақысы – 500 теңге, «уколды» бұлшық ет арқылы салдыру – 200 теңге. Яғни қолыңызда ақысы төленген арнайы жолдамадан бөлек ақшаңыз болса, осындай ақылы ем түрлерін қосымша қабылдай аласыз. Яғни гинекологиялық, урологиялық арнайы массаждар, түрлі тампондар қою, жалпы массаж, хиджама сияқты ақылы қызмет түрлері көрсетіледі.
…Адамға ем қонуы негізінен жаймашуақ жаз күндерінде нәтижелірек болады ғой. Демаламын, ем аламын деп ниет етушілерге Жаңақорғандағы «Шипажай» санаторийінде осындай жағдайлар жасалуда екен.
Б. РЫСҚҰЛ.





