Егіздердің дүниеге келуі генге байланысты ма? – Дәрігер жауап берді

Бала жоспарлау барысында егіздердің дүниеге келуін қалайтын ата-аналар көптеп кездеседі. Дегенмен, егіздердің дүниеге келуін тек генмен байланысты деп үмітсіздікке салынатын аналар да баршылық. Егіз, үшемдердің дүниеге келуі генге байланысты ма, жоқ әлде басқа да себептері бар ма? Осы сұраққа Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығы бас дәрігердің орынбасары, акушер-гинеколог Мадина Мамбетова жауап берді деп хабарлады turkystan.kz.
«Соңғы онжылдықтарда бүкіл әлемде егіздер мен үшемдердің дүниеге келуі көбейген. Бұл жағдай медициналық тәжірибеге жоғары тиімді репродуктивті технологиялардың кеңінен енгізілуімен түсіндіріледі. Егіздердің дүниеге келуі тұқым қуалаушылық (егер отбасында егіздер дүниеге келген болса, онда ықтималдылық артады); 30 жастан асқан әйелдің жүктілігінде; ЭКО қолдану факторларының аясында пайда болады. Осыдан 30 жыл бұрын табиғи жолмен егіздердің дүниеге келуі 100-ден 30 пайызды құраса, қазір жаңа репродуктивті технологиялар аясында 50 пайызға артып отыр», – деді Мадина Ережепқызы.





