Қорылдан қалай құтылуға болады?

Қорылдау – кең таралған мәселе. Ұйықтап жатқанда қорылдайтын адам айналасындағыларды жайсыз жағдайға душар етіп қана қоймай, өзінің денсаулығында кінәрат барын білмеуі де мүмкін. Статистика бойынша, жер бетіндегі ер-азаматтардың 40 пайызы, ал әйел адамдардың 30 пайызы қорылдайды екен. Ал олардың басым бөлігі бұл әдеттен арылу үшін ештеңе істемейді. Осы орайда, Тurkystan.kz қорылдан құтылуға көмектесетін бірнеше әдісті назарыңызға ұсынады.
Ең алдымен «Адам не үшін қорылдайды?» деген сұраққа жауап берейік. Оның бірнеше себебі бар. Атап айтсақ, тыныс алу жолдарындағы патология, аденоидтар мен бездердің ұлғаюы, шылым шегіп, алкоголь ішу, мұрын септумының қисаюы, артық салмақ пен эндокриндік аурулар, қартаю, тыныс алу ағзаларының ісінуі, тұмау және т.б.
Қорылдан құтылуға көмектесетін әдістер:
Егер сізде артық салмақ болса, салмағыңызды азайтыңыз. Артық салмақ тыныс алу жолдарының бітелуіне әкелуі мүмкін.
Алкогольден аулақ болыңыз. Өйткені ол бұлшық ет тонусын төмендетеді.
Темекіні тастаңыз. Темекі шегу тыныс алу жолдарының инфильтрациясына әкеледі.
Ұйықтар алдында тамақ пен сусын ішуден аулақ болыңыз. Себебі бұл көмейді босаңсытып, қорылдың даусын күшейтуі мүмкін.
Бір қырыңызбен ұйықтаңыз. Шалқадан жатып ұйықтау тыныс алу жолдарының жабылуына ықпал етуі мүмкін.
Мұрынға арналған патчтарды немесе мұрын тесіктерін ашық ұстауға көмектесетін құрылғыларды қолданыңыз. Бұл ауа ағынын жақсартып, қорылды азайтуы мүмкін.
Егер бұл шаралардан кейін де қорылдауды қоймасаңыз, дәрігерге қаралғаныңыз жөн.





