Өскеменде магистрант қоқыс сұрыптауға арналған ақылды кешен ойлап тапты

Өскемендегі жоғары оқу орнында оқитын магистранттардың бірі қоқыс сұрыптауға арналған ақылды кешен ойлап тапты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Дәулетбек Ағзам контейнерлік алаңдардың IT-технологиялармен жабдықталған үлгісін жасады.
Сканер тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамын анықтап, пластик, қағаз немесе құрылыс қалдықтарын тастайтын контейнердің қақпағын ашады. Онда өткізілген қоқыс үшін төлем жасайтын QR-терминал да орналастырылған.
Шетелдік аналогына қарағанда бұл жүйе өзіне қажетті қуатты күн және жел энергиясынан алады.
Бұл қондырғыны орнату құны шамамен 2 млн теңге.
Жергілікті коммуналдық кәсіпорындар жобаның экономикалық тиімділігін есептеуге кірісті.
Автордың айтуынша, оған түрік инвесторлары да қызығушылық танытқан.
Дәулетбек Ағзам, өнертапқыш:
– Бұл кешеннің артықшылығы, яғни, тұрғындар қалдықты 4 пакетпен әкеліп, осы сенсорға көрсетсе, әртүрлі жәшіктерді ашып береді және де сол әкелген қоқысты бұл смарт-кешен өлшеп, салмағына қарай нарықтағы бағасы арқылы QR-кодпен телефонына бонус қып түсіріп береді. Тағы да бір артықшылығы – ол бізде жаңбырдың тамшылары арқылы да энергия өндіреді. Жаңбырдың сулары толуы арқылы қалақшамыз айналады.





