Қарағандылық оқушы Джонс Хопкинс университетіне шақырту алды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адина Жайлова Джонс Хопкинс университетіне (John Hopkins University) шақырту алды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Адина Жайлова университетте биохимия мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.
"Екінші курстың аяғына дейін нақты мамандықты таңдай аламын. Мен PhD дәрежесін алып, Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосқым келеді", - деп жоспарларымен бөлісті қыз.
Джонс Хопкинс Университеті АҚШ-тың үздік он оқу орнының қатарына кіреді, QS университеттерінің әлемдік рейтингінде 24-ші орынды иелденген. Университетке түсу рейтингі 6,5 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз жыл сайын мыңдаған үміткерлердің ішінен тек 6 пайызы ғана оқу орнында білім алуға шақырылады.
Джонс Хопкинс университеті - АҚШ-тың алғашқы ғылыми университеті. Бүгінде бұл оқу орны АҚШ-тың басқа академиялық мекемелеріне қарағанда зерттеулерге көп қаражат бөледі. Сонымен қатар АҚШ-тағы оқыту мен зерттеуді біріктіріп, білім беру саласында революция жасаған алғашқы оқу орны ретінде танымал. Бүгінгі таңда университет түлектері арасында Нобель сыйлығының 27 лауреаты бар.





