Наурыз ойындарының аясын тым тарылтып алған жоқпыз ба?
– Ертең менімен бірге ауылға жүрсеңші, Наурыз мерекесіне орай бізде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Балуандар күресін көріп қайтасың. Артынан аламан бәйгемен көкпар тартысты да тамашалармыз.
– Ал қыз қуу, теңге ілу немесе аударыспақ сияқты ойындар бола ма? Өмірімде бұл ойындарды көрмеп едім.
– Һа, ондай ойындарды түсіңде, не болмаса теледидардан ғана көресің. Қазір бұл жарыстар мүлдем өтпейді ғой.
Наурыз мерекесінің қарсаңында кездесіп қалған екі достың әңгімесінен үзінді келтіріп отырмыз. Шынында да, cіздерді қайдам, өз басым қыз қуудың қандай ойын екенін «Шабандоз қыз» фильмінен ғана көріппін. Ал теңге ілу мен аударыспақты тек суреттен ғана тамашалағаным болмаса, теледидардан да көрген емеспін. Ашығын айтқанда, ұлттық ойындарымыздың бұл түрлері маған ғана таңсық болмаса керек-ті. Ендеше неге төл ойындарымызды тым құрығанда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде ұлықтамасқа? Неліктен Наурыз мерекесіндегі ұлттық ойындарымыздың аясын соншалықты тарылтып алдық?
Бәйгеден басқа білетініміз жоқ па?
Қазақтың ұлттық спорт түрлері өте көп. Қанша екенін санап бітпейсің де. Бірақ неліктен екені белгісіз, қолданыста бары оншақты ойын ғана. Наурыз мерекесінде де сол. Тек ат жарысы, көкпар, күрес қана басты назарда демесеңіз, қалған ойындардың өтіп жатқанын мүлдем көрмейсің. Шынтуайтына келгенде, көкпар тартысқан алаңда қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, құс салу, жамбы ату, ат үстіндегі сайыс, қамшы тастау, қайыс тарту сынды ұлттық өнерлерді де ұйымдастыруға болады емес пе?! Көпшілік үшін бұл ойындардың да өте қызықты болатыны сөзсіз еді. Әйтпесе басқа мерекелер былай тұрсын, Ұлыстың ұлы күнінің өзінде төрт-бес спорт түрінің аясынан ары аса алмай жүрген жайымыз бар. Ал, негізінен, қазақ халқы 1917 жылға дейін Наурыз мейрамын көктемнің алғашқы тәулігінен бастап 30 күн ойын, 40 күн тойын өткізетін болған екен. Мұны көнекөз қариялар растайды. Сонда бір айда ұлттық спорттың қаншама түрінен жарыстар өтетінін көз алдыңызға елестете беріңіз. Әлде бүгінгідей тек айналдырып ат шаптыра берді деп ойлайсыз ба? Қазіргі жағдай қалай? 2010 жылдан бастап Ұлыстың ұлы күнін үш күн тойлайтын болғанбыз. Бұған, әрине, қуанамыз. Бірақ соның бірінші күні ғана өз дәрежесінде өтіп, жер-жерлерде ұлттық ойындар ойнатылады да, қалған күндері теледидар алдына телміріп, мерекелік бағдарламаларды аңдитынымыз жасырын емес.
Орталық алаңдарда да ұлттық ойындар өте аз
Наурыз мейрамында отбасымен қаланың орталық алаңына барып, серуендеп қайтпайтын қазақ жоқ шығар, Әдемі көрініс, иә?! Халық ығы-жығы, шат-шадыман. Әр жерде наурызкөже таратқан әжейлер. Бірінен-бірі асыра тігілген киіз үйлер. Әйтеуір, мерекенің бірінші күні Наурыздың, шынымен де, жалпыұлттық мейрам екенін сезініп қаласың. Бірақ тағы да әттеген-ай, ұлттық ойындарымыз орталық алаңда да тым жұтаң. Ары кетсе балуандар белдесіп, білектілер қол күрестіріп жатады. Бұрындары арқан тартыс ойындарын да ара-тұра көріп қалушы едік, бүгінде ол да қалды. Әлде орталық алаңдарда қол күрес пен белдесуден басқа ұлттық спорт түрлерін өткізуге жағдай жасалмаған дейсіз бе? Неліктен бозкілем төсеп тастап, арқан тартыспасқа. Неге ортаға көлік қойып, оны тіспен, тым құрығанда қолмен сүйремеске? Неге көпшілік арасынан бозбалалар мен қыздарды жинап, ақсерек ойнатпасқа? Неге бүлдіршіндер арасында айгөлек ойнатпасқа? Неге қымыз ішуден мешкейлер ойынын өткізбеске? Тауық күрес те көпшіліктің көзайымына айналар еді. Доппен ойналатын ойындардың да ұлттық нақыштағы көптеген түрі бар. Олардың барлығын, ең болмаса, неге Наурыз мейрамында еске түсірмейміз. Неліктен алаң ортасына алтыбақан орнатып, ғашықтарды тербетпеске? Рас, алаңдарда алтыбақандар бар. Бірақ теуіп жатқан ешкімді көрмейсің. Көбіне сән үшін ғана тұрғандай көрінеді. Кешкісін ақсүйек ойнатуға да болар еді, бірақ тағы да сол, қолға алатын ешкім жоқ. Егер мұның барлығы жүзеге асып жатса, жастарымыз қуанып, шетелдіктер өнерімізге тамсанып жатар еді.
Әлбетте, мұның барлығын реттеу үшін әкімшіліктің бір бөліміне жауапкершілік жүктеу керек шығар. Бәлкім, қалалық жастар саясаты жөніндегі басқармалардың айналысқандары дұрыс па?
Тир атқанша неге садақ тартпаймыз?
Ұлыстың ұлы күні Алматының саябақтары мен Көктөбесінде аяқ алып жүре алмайсың. Бірінші күні орталық алаңда өткен мерекелік концертті көріп қайтқан жастар келесі күндері саябақтарда серуендегенді жөн көретіні жасырын емес. Бесік арбадағы баласын тербеткен жас ата-ана, қол ұстасқан ғашықтар, әзілдері жарасқан достар, барлығын да осы жақтан табасың. Бірақ мұнда да ойнайтынымыз – өзімізге жат ойындар. Тир атамыз, сусындардан босаған қаңылтыр құтыларды доппен құлатып жатамыз, рөлі бағынбайтын велосипедтерді айдауға талпынамыз, үйіле ілінген жіптердің біреуін суырып, ғашығымызға ойыншық ұтып беруге тырысамыз. Өкінішке қарай, арасынан бірде-бір ұлттық ойынымызды көрмейсің. Неге тым құрығанда осы Наурыз мерекесінде тирдің жанында садақ тартқызбаймыз. Ал садақ тартудың қызығы тир атудан артық болмаса, кем түспейді. Тіпті, бір жиында көрмеге қойылған ежелгі қазақ садағының адырнасын төрт-бес жігіт жабылып, әзер идіргенін өз көзіммен көргенмін. Әлбетте, қазір ондай садақтарды жоғарыда атап өткенімдей тек көрмелерден ғана көреміз. Бірақ әлгіндей ойындарға арналған заманауи үлгідегі садақтар да бар емес пе?!
Сондай-ақ қаңылтыр құтыларды доппен ұрып құлатқанша неге асық ойнатпаймыз? Қолына сақа беріп, «бір атқанда қаз-қатар тізілген асықтардың бесеуін ұшырсаң, ұтыс аласың» деп жарнамаласа, өз өнерлерін сынауға барлық жастар кезекке тұрар еді ғой. Ләңгі тебуді де ұмытып барамыз. Оқушы кезімізде бір орында тапжылмай 100 рет ләңгі тебуші едік, қазіргі бозбалалар онның өзін әзер тебетіні жасырын емес. Неге бала кезімізден қалған осы ойынды да қайта қолға алмасқа.
Иә, мұның барлығын Алматыдағы Көктөбе және басқа да саябақтардың әкімшіліктері бірінші ретте ұсыныс ретінде қабыл алса дұрыс болар еді. Дегенмен «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей бұл барлық қаланың саябақтарына қатысты айтылған сын.