Қазақ руханиятының мәйегі – дәстүрлі ислам діні
Ислам дінінің адамзат дамуындағы жасампаздық рөлі орасан зор. Өйткені күллі адам баласын азып-тозудан, адами қасиеттен айырылуынан құтқарып қалған соңғы кәміл дін ислам діні екені даусыз. Бұрынғы христиан, будда діндерінің киелі кітаптары, тарихи миссиялары жұмыр басты пенделер тарапынан бұрмалауға ұшырағаны мұқым елге мәлім. Жалпы, діннің шынайы миссиясына бөгет болғысы келетіндер арамызда жетерлік. Бұл діннің шынайы-жалғандығын ажыратуға көп қиындық келтіреді. Ал адам баласына пайғамбарлар арқылы жіберілген діндерсіз әлемдік дамуды, саясатты, қоғамдық-мәдени өмірімізді елестету мүмкін емес.
ислам діні – түркілердің тарихи таңдауы
VII ғасырда ислам діні қазақ даласына күштеп емес, мәдени үндестік негізінде үйлесім тауып енгізілді. «Сайрамда сансыз баб, Түркістанда түмен баб» дегендей, қазақ даласына ислам жая келген әулие-бабтар түркілік дәстүр мен ислам дінінің рухани өзегін бір арнаға тоғыстыра білді. Қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпы мен шариғат заңдары, екі дүниетаным бір-бірімен біте қайнасып қатар өмір сүріп қоймай, әл-Бируни, Ибн-Сина, әл-Фараби, әл-Хорезми, А.Игүнікилер соқпақ салған мұсылман Ренессансына ұласты. Қожа Ахмет Ясауи салған сара жол түркі баласын біріктірді. Бір қызығы, араб халифаты орнаған елдер араб мәдениетінің ықпалына ұшыраса, қазақ даласы өзінің төл мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалды. Яғни қазақ даласы ислам дінін түбегейлі қабылдағанымен, басы бүтін арабтанған жоқ. Ханафилік мәсһаб, матуридилік мектептерді ұстанған қазақ жұрты көшпенді болмысына сай, далалық үлгідегі исламды қабылдады. Орталық Азияда Қараханидтер қағанатында Сатұқ Боғра хан ислам дінін мемлекеттік дін етіп жарияласа, моңғол дәуірі кезінде Алтын Ордада Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері – Баба Түкті Шашты Әзиз (Баба Туклас), Садр ата, Бадр ата, Ұзын аталардың ықпалымен Өзбек хан ислам дініне мемлекеттік мәртебе берді. Шыңғыс әулеті қарахандықтар дәуірінен басталған исламдану үрдісінің аяқталуына себепкер болды деуге негіз бар. Әмір Темір бабамыз Қожа Ахмет Ясауиге кесене тұрғызып, оның қасына қазақтың хан-сұлтандары, игі жақсылары жерленді. Батыстық ғалым Дж. Тримингэмнің «орта ғасырларда түркілер мен моңғолдар үшін исламның символы мешіттен гөрі Ясауи кесенесі болды» деген сөзі шындықтан алыс болмаса керек. Қысқасы, түркі баласы ислам дініне тарихи таңдау жасады. «Шаманизмде қалып қойған Сібірдегі кейбір түркі халықтарының потенциалына кең өріс ашылмай қалған жоқ па» деген ой да жоқ емес. Ноғайлы дәуіріндегі ақын-жыраулардың сүнниттік исламның насихатшысы болғаны тарихтан мәлім. Жалпы, дін немесе діни дүниетаным, наным-түсініктер кез келген ұлттың төл болмысымен біте қайнасып жатады. Әр ұлт өзінің кім екендігін, түп-тұқиянын іздегенде діни бастаулардан алшақ тұра алмайды. Мысалы, ағылшын жұрты өзінің англикандық шіркеудің ажырамас бөлігі екенін сезінеді, шотландықтардың олардан діни айырмашылығы – пресвитериан шіркеуін ежелден мойындайды. Ал америкалықтардың жартысынан көбі христианның протестанттық бағытын ұстанады. Марқұм зерттеуші Серікбол Қондыбайдың: «Қазақ дегеніміз — исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі Вара-Үрым идеясының бір рухани арнаға тоғысуынан шыққан пенде» деп анықтама беріп кетуі Алаш жұртының діни-рухани тамырының қайдан шыққанына жол сілтейді. Демек, діни фактордың ұлт болмысын айқындайтынын жоққа шығару мүмкін емес. Кешегі орыс отаршылдары мен қазіргі әсіредіншілдер «қазақ мал бағып, діннен мақұрым қалған, қаптатып мешіт салмаған, мұсылманшылықты берік ұстанбаған» деген сыңаржақ тұжырымдарды тықпалап бақты. Діни догмаға ұрынбай, ислам дінін әзиз салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының алтын қауызына сыйдырған қазақтың жайсаң мінезі, берекелі, ғибратты өткені барын көргісі келмейтіндер, өкінішке қарай, өз арамызда жетіп-артылады. Қазақ ислам нұрын жүрегіне, хақ ілімін көкірегіне құйған. Дінтанушы Мұхан Исахан исламның қазақтың дүниетанымы мен ойлау жүйесінің темір қазығына айналуына сопылық ілім ерекше ықпал еткенін айтады.
Мұхан ИСАХАН, дінтанушы:
– Өз дәуірінде Сұлтани-арифин, Пири-Түркістан атанған Құл Қожа Ахмет бабамыздың көшпелілердің дүниетанымына сай хақ дінді насихаттаудың хал-хикмет методологиясы кең масштабта халықтың қолдауына ие болды. Оның ізашарлары Зарнұқи, Бақырғани, Сайд ата, Бадр ата, Садр ата, Хасан ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Сыпыра жырау, Асан қайғыдан кешегі патша үкіметі мен кеңес билігі орнағанға дейінгі аралықта өмір сүрген жыраулар, ахундар, ишандар, сал-серілер хақ дінді хал-хикмет әдісімен халықтың бойына сіңіріп келді. Ханафи мәсһабында құқықтық үкім жеті қайнар көзге жүгіне отырып шығарылады. Соның бірі – ғүрф. Оның мағынасы: ислам жаңа бір өлкеге тарай бастаған кезде сол жерді мекендеген халықтың ислам негіздеріне қайшы келмейтін, сол қоғамның өз ішіндегі қарым-қатынасты дұрыс реттеп отыратын әдет-ғұрыптары бейне хақ діннің үкімі тәрізді саналады. Қазақ халқының ғасырлар бойғы салт-дәстүріне берік болуының бір сыры – ханафи мәсһабының ғүрф үкімін негізге алғандығында. Имам Ағзамның көзқарасынша, Құран мен сүннетке қайшы емес негіздегі кез келген ұлттың исламнан бұрынғы қалыптасқан әдет-ғұрпымен үкім беруге рұқсат етіледі. Осы ретте әдет-ғұрыптар «сахих» және «фасид» болып екіге бөлінеді. «Сахих» әдет-ғұрыпта Құран мен сүннетке қарама-қайшылық болмайды. Ал «фасид» әдет-ғұрып «нассқа» қайшы болып келеді. Біздің ата-бабаларымыз көбіне-көп сахих салт-дәстүрлерді ғұмырлық өлшем етіп алған. Едіге бидің «Жасақ» жарлықтары, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», Абақ Керейдің «Төрт би, төре заңы», хакім Абайдың ұйытқы болуымен жазылған «Шар заңы», Барлыбек Сырттановтың «Ынтымақ ережесі» хақ діннің негіздеріне қайшы емес, қайта бұл заңнамалар шариғат заңдарына қазақы реңк беріп, діни үкімдер мен әдет-ғұрыпты біте қайнастырған.
Ой-тұжырым
Жаһандану заманында тәуелсіз Қазақстан көптеген рухани қауіп-қатермен күресу үшін тарихи таңдауына қайта оралуы тиіс. Бұл үшін ислам дінінің сансыз рухани потенциалын Қазақстанның гүлденуіне жұмсай білуіміз қажет.