Президент Әкімшілігі мен терминком құптаған әскери сәлемдесу үлгісіне неге салғырт қарап жүрміз?

Президент Әкімшілігі мен терминком құптаған әскери сәлемдесу үлгісіне неге салғырт қарап жүрміз?

Құрметті Серік Нығметұлы, Сіздің назарыңызды аудартқымыз келгендегі мақсатымыз – әскери термин. Әлбетте, әскердегі сарбаздар арасындағы қатынас тілі Тәуелсіздіктің арқасында біршама түзелген. Тіпті, қазір армияға барып мемлекеттік тілді әжептәуір меңгеріп келіп жүргендерді байқаймыз. Дегенмен, саптағы тіл тұтас тазарған емес, әлі де алашұбар. Десе де, тілдің кез-келген жерінен төңкеріс жасаудан аулақпыз. Ал айтпағымыз Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы арқасында Президент Әкімшілігімен құпталған «Армысыңдар, айбынды сарбаздар!» атты әскери сәлемдесу үлгісінің жай-жапсары еді. Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл ұсынған осы сәлемдесу үлгісінің аяғы неге сиырқұйымшақталып кете берді?
"Алаш айнасы"
осы мәселені сіздің назарыңызға ұсынуды жөн көрді.

«Елбасы айтқан қанатты сөздің бірі: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, бүгінгі таңдағы қазақ ұлтының бейнесі – түрінде ғана емес, тілінде болуға тиісті. Тіл мәселесін түбегейлі өзгерту үшін мемлекетіміздің ұстанымы, басшылығы бүкіл демократиялық құндылықтардың барлығын өзге елдерден асырып болмаса, жасырып жатқан жоқ. Мұның барлығы айқын. Елбасы сонымен қатар, 2020 жылдары мемлекеттік тілді меңгерген халық саны 95 пайызға жеткізуді міндет етті. Осы бағытта жұмыстар атқарылуын қадап айтты. Ал сол 95 пайызға жеткізу үшін бүгін қолға іс алынбаса, тілді меңгергендер көктен түсе ме? Қалай жеткіземіз? Сондықтан да, Парламентте біз – мемлекеттің заң шығарушы органы – белсенді жұмыс атқаруға тиіс екеніміз де рас. Парламент – мемлекеттің төбесі болса, төбедегі төрелер төмендегі бұқара халықпен мемлекеттік тілде сөйлемейінше, оның мәртебесі мығым болмасы да анық. Парламент аясында қазақи ортаны қалыптастырып та жатырмыз», - дейді Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл бізбен тілдескенде.
Расында, депутаттар арасында тіл мәселесіне келгенде көзге түсетіндер көп емес. Дей тұрғанымен, мемлекеттік тіл мәртебесі сөзге емес, іске, нәтижеге көбірек тіреледі емес пе? Өзін тіл жанашыры, ұлт патриоты санайтын кез-келген азамат өз саласында тілдік мүддеге сай іс атқарса ғана жұмыс табандап тұрып қалмайды. Бұл әскери салаға да өте-мөте қатысты дүние.
Ал мәселенің мәнісіне көшсек, 2006 жылы Бақытбек Смағұл Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа хат жазған болатын.

«Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қазақстанның қатардағы азаматы ретінде де, ауған соғысының ардагері ретінде де мен Сіздің жүргізіп отырған жүйелі және көреген саясатыңызды шын жүректен, жан-тәніммен қолдаймын. Біз соғысты, қан майданды, өлімді көрдік. Сондықтан да, Сіздің еліміздегі саяси тұрақтылықты қалыптастыру мен тыныштықты орнықтыруға жұмсаған орасан зор күш-жігеріңізге ерекше тәнтіміз. Тұрақтылық, тыныштық жоқ жерде ештеңе жоқ. Біз оны ауғанстанда өз көзімізбен көрдік. Тек көріп қана қойған жоқпыз, ауыртпалығы мен азабын да әбден тарттық.
Сіздің халықаралық беделіңіз, халық алдындағы мерейіңіздің бұдан да әрі өсе беруіне, өрлеуіне шын тілектестік білдіре отырып, Сізге мынадай бір кішкене ғана өтініш-тілек айтқым келеді. Осыдан біраз бұрын мен теледидардан Сіздің жауынгерлермен кездескен сәтіңізді көріп қалдым. Сіз жауынгерлермен «Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер!» деп амандастыңыз. Ауған соғысына қатысқан ардагер және әскердің жай-жапсарын бір кісідей білетін байырғы жауынгер ретінде осы орайда төмендегідей ұсыныс айтқым келеді. Өз басым жауынгерлермен: «Армысыңдар, айбынды сарбаздар!» немесе «Армысыңдар айбынды қырандар!» деп амандасуды ұсынар едім. Егер осы сөз Сіздің аузыңыздан шығар болса, ел Президентінің сөзін Құрандай қастерлейтін қазақ емеспіз бе, осы бір айбынды амандасу әскери төлсөз ретінде қалыптасып кетер еді.
Күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылатын үйреншікті сөзден гөрі жауынгерлерге жігерлі, жалынды, айбынды сөз жарасады. Оның үстіне «Армысыңдар!» деген сөз – баяғыдан келе жатқан байырғы сөз. Қош көрсеңіз, батыр бабаларымыз қолданған байырғы сөзді бүгінгі заманға сай жаңғыртып пайдалансақ деген ой еді біздікі.
Сізге деген құрметпен Бақытбек Смағұл, Ауған соғысының ардагері, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері»

Бұған көп уақыт өтпестен жауап-хат (25 қаңтар 2007 жылы №Б-17019) келіп түскен. Ол хатта былай делінген:

Құрметті Бақытбек Смағұл!
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскрлер парадын өткізген кезде «Армысыздар, айбынды сарбаздар!» деп, ал әскерлердің күнделікті тіршілік әрекетінде «Армысыңдар (армысыздар), сарбаздар (жауынгерлер)», «Армысыздар, офицер мырзалар!» деген сәлемдесудің үлгісін қолдануды орынды деп санайды.
Сонымен қатар, амандасуға ілтипат жауабын берген кезде «Саулығыңызды тілеймін (-міз), («әскери лауазымы, атағы) мырза!» деген әскери терминдері қолданады. Осы әскери сәлемдесудің ұлгілерін Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы да мақұлдады. Аталған ұсыныстар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жалпы әскери жарғыларының қайта өңделіп жатқан жобасына енгізілетін болады. Сіздің Ауған соғысының ардагері, мемлекетіміздің азаматы ретінде осындай өтініш-тілек білдіріп, хат жолдағаныңыз үшін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің атынан алғысымызды білдіреміз.
Құрметпен Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бастығы Б. Байбек 2007 жыл 25 қаңтар

ҚР Президенті Әкімшілігінің осындай ұйғарымынан кейін, Бақытбек Смағұл мырзаны сол кездегі Қорғаныс министрі Даниал Ахметов қабылдап, онда Ауған соғасының ардагеріне жоғарыдағы ұсынысқа қатысты арнайы куәлік табысталады. Ол куәлікте былай жазылған:
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының жалпыәскери жарғыларын қайта әзірлеуде, атап айтқанда Ішкі қызмет жарғысының 420-тармағында әскери қызметшілердің сәлемдесу рәсіміне Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Смағұлдың «АРМЫСЫЗДАР» деген ұсынысы енгізілді.
2008 жылғы 27 мамыр Қазақстан Қарулы Күштеріндегі мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы полковник С.Шалов.
2008 жылғы 27 мамыр Астана қаласы

Сөйтіп, 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 Жарлығы шықты. Алайда, Серік Нығметұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының жалпыәскери жарғыларын қайта әзірлеуде, атап айтқанда Ішкі қызмет жарғысының 64-тармағында: «шені үлкеннің «Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер (офицер мырзалар)?» деген сәлеміне ілтипат жауап сапта немесе саптан тыс тұрған барлық әскери қызметшілер: «Сәлеметсіз бе!» деп жауап беретіндігі сол күйі қалып өзгертілмеген. Ал Бақытбек Смағұл ұсынған «АРМЫСЫЗДАР» деп сәлемдесу рәсімі осы ішкі жарғының ішіндегі кезекшілікте тұрған екі сарбаздың бір-біріне кезекшілік тапсыратын кездегі сәлемдесуіне ғана енгізіліп қойған.
Құрметті Серік Нығметұлы, осы олқылықты түзету бойынша Қорғаныс министрлігіне Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаевамен бірлесе отырып, тағы бір хат жолдапты. Ал Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сәкен Жасұзақовтың атынан ұсыныстың қаралғанын және қайта әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының Ішкі қызмет жарғысының жобасына енгізілетінін хабарлаған. Қазіргі уақытта бұндай жарғы жобасы мемлекеттік қызмет органдары арасында келісіліп жатқан көрінеді.
«Расында, бүгінгі күні ҚР Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми парадтарда «АРМЫСЫЗДАР, Айбынды Сарбаздар?» деп амандасып жүр. Осыған орай, еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысы мемлекет дамуының негізгі тұғыры екенін ескере отырып, біз бүгінгі министрден Президент Әкімшілігі тарапынан берілген жауаптың салғырт орындалмауын қадағалауды сұрайтын боламыз», - дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. «Армысыздар» - бұл батыр бабаларымыздың рухты сөзі. Ал қазір қолданылып жүрген «Сәлеметсіз бе?» деген сөз – әйелдердің амандасатыны емес пе?! Ондай сарбаз оңа ма? Сондықтан, біздің көтергеніміз – осы бабалардың рухты сөзін жаңғыртып, әскери салада айналымға енгізу болатын. Алайда бұл ұсынысымыз жоғары жақтан мақұлданғанымен, бұған дейін іс жүзінде қолданысқа енгізілмей келді. Алдағы уақытта оның шешімін табатынына сенемін. Өйткені, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов та осы мәселенің оң шешіміне уәде етіп отыр», - дейді Ауған соғысының ардагері.

Алаш айнасының түйіні:
Армия – ұлт айбыны. Олай болса, ондағы сарбаздардың жүріс-тұрысынан, сап түзегенінен бастап, бәрі айбынды көрінуі, аман-сәлемінің өзі де жігерлі, рухты болғаны шарт. «Сәлем – сөздің анасы» десек, әскерилер сәлеміне салғырттық қарамағанымыз абзал еді. Ендеше, Бақытбек Смағұл айтпақшы, күнделікті тұрмыста қолданылатын, ауызекіде үйреншіктіге айналған «Сәлеметсіз бе» деген сөздің екпінінің өзі сарбаздар арасында еш жараспайтыны айқын білініп тұр. Жауынгерге жалынды, айбарлы сөз жарасады. Сондықтан «АРМЫСЫҢДАР, ЖАУЫНГЕРЛЕР?» деген сәлемдесу жоралғысын енгізудің маңызы да айтарлықтай еді.
Құрметті Серік Нығметұлы, Президент Әкімшілігі құптаған, Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған осындай бабалы сөзді жаңғыртып, оны сарбаздар тіршілігіне етене ету ардың ісі емес пе! Расында, бұл атақ шығарудың емес, білген адамға АРдың ісі. Бұған шешім қабылдау құзырында отырған лауазымды тұлға ретінде, Серік Нығметұлы, Сіз де солай қарасаңыз игі шаруа болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста