Қазақ шекарасы қалай күзетіледі?
- Мемлекеттіктің басты нышандарының бірі – оның нақты шекарасының болуы екендігі бұлжымас қағида. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық мекемесі болып табылатын Шекара қызметі бұл күндері құрлықта, теңізде, шекаралық өзендерде еліміздің аумақтық тұтастығын, шекаралық кеңістіктегі заңдылық пен белгіленген тәртіптің қатаң сақталуын кірпік қақпай қамтамасыз ете отырып, Мемлекеттік шекараны сенімді түрде күзетуде. Осылайша, Ата заңымыздың 2-бабында жазылғандай, «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» деп айқындалған аса маңызды міндеттің қомақты бөлігі шекарашылардың иықтарына да артылған. Шекарашылар әр жылдың 18 тамызын кәсіби мереке ретінде атап өтіп келе жатқанына 23 жыл болды. Осы орайда, біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, полковник Дархан Айтқалиұлы Ділмановпен әңгімелескен едік.
– Дархан Айтқалиұлы, әрбір шекарашының өзіндік өмір жолы болады. Осы тұрғыдан келгенде, сіздің бұл қызметке деген құштарлығыңыз қалай басталды?
– Мен 1969 жылдың 9 қаңтарында Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1990 жылы Мәскеу қаласындағы жоғары командалық шекара училищесін, 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универиситетін аяқтадым. Арада төрт жыл өткенде, Ресей Федерациясының қауіпсіздік қызметіне қарасты Шекара академиясын бітірдім.
Офицерлік қызметімді елдің шетіндегі заставалардан бастадым. Қысқаша айтқанда, шекарашы офицер өтуге тиіс қызметтік тізбектердің барлығынан өтіп шықтым деуге болады. Барлық өмірім шекара қызметімен тікелей байланысты.
Шекара – мен үшін қасиетті ұғым, қастерлі сезім, қадірлі қызмет. Осы қызметке келгелі бері Отан қорғауға деген құштарлықты, орасан зор жауапкершілікті айқын сезініп жатырмын.
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы әлем елдерін былай қойғанда, көрші елдерден қандай айырмашылығы бар? Шекара сызығы нақтыланған ба?
– Аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын ел болғандықтан, шекарамыздың ұзындығы, табиғи жағдайы сан түрлі. Бір жердің аптап ыстығы, бір жердің алты айға созылар ақ бораны, тағы бір жердің тас ұшыратын долы бораны мен үскірік желі болғанымен, бұның ешқайсысы шекарашылар үшін өздерінің алдарына қойған қасиетті міндеттерін абыроймен орындауға кедергі бола алмайды.
Сұрағыңыздың екінші жартысына келсем, егемендігіміздің елең-алаңын-да Елбасымыздың халықаралық аренадағы қол жеткізген ең биік жетістіктерінің бірі – көрші мемлекеттермен арадағы шекарамызды нақтылап, бекітіп, болашақта бұл тұрғыда туындауы мүмкін «түсініспестіктердің» барлы-ғын түп-тамырымен жойғандығы екендігін баршамыз білеміз. Бүгіндері Қытай Халық Республикасымен демаркация толығымен аяқталған, шекара жасақтары мен бекеттері толық қойылып болған. ТМД елдерімен арадағы шекарамыздың бойындағы демаркациялық жұмыстар аяқталуға жақын қалды.
Бүгінгі күні Шекара қызметі жалпы ұзындығы 15 132 шақырым болатын Мемлекеттік шекараны өз күзетіне алса, оның 2 355 шақырымы Өзбекстанмен, 426 шақырымы Түркіменстанмен шектеседі, ал Ресеймен шектесетін
7 548 шақырым аумақ әлемдегі құрлықпен өтетін ең ұзын шекаралық сызық ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Теңіздегі шекарамыз – 1 779 шақырым, қарт Каспийдің үстімен өтеді. Кедендік одақпен біздің елден өтетін сыртқы шекараның ұзындығы – 7 805 шақырым.
– Шекараны қорғауға қандай азаматтар алынады және күзетке қосымша жергілікті тұрғындар мен еріктілер тартылған ба?
– Болашақта шекарашы-офицер атансам деп армандаған ұлдар ең алдымен, ҰБТ-ға жақсы дайындалуы тиіс. Таңдайтын төртінші пәні – осыдан бірер жылдар бұрын география болған. Өткен жылы физиканы таңдады. Келесі жылға жоспар – математика. Ресей жоғары әскери оқу орындарына баратындар физиканы таңдайды. Талапкер он бірінші сыныпқа жетісімен, күзден бастап сол маңдағы шекара отрядының немесе аумақтық ҰҚК органдарының кадрлар бөлімшелеріне жолығып, баянат тапсырады. Қандай құжат жинап, тапсыру керектігін сол жерде мамандар түсіндіреді. Оқуға түсуші айтылған құжаттарды тез арада жинап берген-нен кейін арнайы тексеру шараларынан, медициналық тексеруден өткізіліп, тізімге енгізіледі. Бір ғана есте болар жағдай, туған-туыстары қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болуы тиіс.
Елімізге келетін шетелдік қонақтарды ең алдымен, қарсы алатын шекарашылар болып табылады. Соларға қарап, еліміз туралы алғашқы пікір қалыптасады. Сондықтан бой десең бойы, ой десең ойы бар, сымбатты әрі келбетті жігіттер болса, тіпті жақсы. Алайда, түр-тұлға интеллектімен жарасым тапса, нұр-үстіне нұр. Сондықтан таңдау барысында елу балдан бастап, кім ең жоғары балл жинаса, соның бағы көбірек жанады.
Келісімшартты әскери қызметшілерге қойылатын талаптар да осыдан бір де кем емес. Ең алдымен, мемлекет пен халыққа берген әскери антына адалдық, тазалық талап етіледі. Кеңестік кезеңде кеңінен насихатталған – «Шекараны бүкіл халық күзетеді» деген қағида бүгін де маңызын жойған жоқ, жоймақ та емес. Әсіресе, Мемлекеттік шекараның шығыс бағытындағы жергілікті тұрғындары – шекарашылардың сенімді көмекшілері. Ерікті жасақшылар барлық шекара бекеттерінің «өз адамдарына» айналған.
– Шекарашылар қандай құралдарды, техниканы пайдалана алады және заманауи жабдықталған ба?
– Шекараны қырағы күзетуде техникалық бақылау бекеттеріндегі стационарлық радиолокациялық станциялардың маңызы ерекше. Қазіргі уақытта олар түгел дерлік заманауи станциялармен алмастырылған, көптеген заставалар заманауи арнаулы құралдармен, дабыл қаққыш кешендермен, бақылау құралдарымен жабдықталған. Материалдық техникалық жағынан қамтамасыз етумен қатар, инфрақұрылымдарды дамыту жұмыс-тары да жолға қойылған.
Шекара қызметінің қару-жарақ техникасын үстіміздегі жылдың 6 мамырында Жеңістің 70 жылдығына арналған Астанадағы әскери шеру барысында көптеген адам тамашалады. Шекара күзетінде әскери тікұшақтар мен ұшақтар кеңінен пайдаланылды. Автомобильдік және инженерлік-жол техникалар паркі бұл күндері жаңғыртылған. Каспий теңізін және ондағы биоресурстарды қорғап, браконьерліктің алдын алу үшін «Айбар» жобасындағы шекара кемелері іске қосылған. «FC-19» жылдамдықты катері, «Қажымұқан» жобасындағы тіркемелі-мұзжарғыш катері жақында алынады.
Әрине, табиғат жағдайларына байланысты шекара күзетіндегі жан-жануарлардың орны әлі де ерекше. Тау мен тастың арасымен өтетін шекара сызығын бақылауда жылқының орны ерекше. Санамызда қалыптасқан шекарашының бейнесін қызметтік иттерсіз елестете алмаймыз. Шекара бұзушылардың ізіне түсуде, есірткі тасымалдаушыларды құрықтауда қызмет-тік иттер – әлі де сенімді күзетшілер.
Соңғы деректерді еске түсірсек, «Қордай» тексеріп-өткізу бекетіндегі ірі көлемді есірткі – героин тасымалын анықтаған «Лео», Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тасбақалардың заңсыз тасымалын анықтаудағы «Император» атты иттің көмегі туралы халыққа кеңінен хабарланды.
– Сөз ыңғайы келіп тұрғанда Мемлекеттік шекараны күзетуге қатысты заңдылықтардың бірқатарына тоқтала өтсеңіз. Шекара бойында тұратын халықтың құқықтық білімі қандай деңгейде?
– Дұрыс айтасыз. Мемлекет шекарадан басталады. Бүгінгі күні шекара кеңістігіндегі қауіп-қатердің маңыздылығына байланысты, шекараны күзетуге қатысты заңдылықтар жаңғыртылды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы заңын» жүзеге асыру аясында үкіметтің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын категориялау туралы» нормативті-құқықтық актісі қабылданды. Алғаш рет мемлекеттік шекараның төлқұжаты дайындалды. Қауіп-қатерлерге байланысты олар катего-
рияларға бөлінді (баяу, мәселесі бар және өткір мәселесі бар аумақтар). Жалпы, 50-ден астам нормативті-құқықтық актілер дайындалды, үш келісім Парламентте ратификацияланды. Бұның барлығын шекара бойындағы тұрғындар біле бермейді.
ҚХР-мен өтетін шекара бойындағы тұрғындар Мемлекеттік шекараның қадiр-қасиетін, шекара сызығында жүріп-тұру, өзін-өзі ұстау тәртібін бұрыннан біледі, бұл олардың «қандарына сіңген» десе болады. Алайда, оңтүстік бағытындағы шекара маңының тұрғындары арасында осындай тәртіптің маңызын саналарына сіңіру әлі де жүріп жатқан жайы бар. Кеңестік кезең-де көршілес елдермен бір шаңырақ астында өмір сүрдік, сауда-саттық, барыс-келіс еркіндігі болды. Егемендік алып, еліміз етек-жеңін қымтағаннан кейін ондай еркін қарым-қатынас тоқтауы тиіс, тиісті заңдар аясында ғана жүзеге асуы қажет екендігін – қақпасы Қазақстанға, қорасы Қырғызстанға немесе Өзбекстанға қарап тұрған шекара бойында өмір сүріп жатқан ағайындарға түсіндіру жұмыстары әлі жалғасуда. Алтын құм салынған қаптың бір жеріне иненің жасуындай тесік пайда болса, ішіндегісі түгел сусып түспей ме? Мемлекеттік шекараның бойындағы жергілікті халық осыны мықтап есте ұстаса, шекарашыларға үлкен көмек болар еді.
– «Бейбіт заманда да ерлікке орын бар» екендігі белгілі. Олай болса, қазақстандық батыр шекарашылар туралы айта кетсеңіз?...
– Қазақстандық құрама батальон қатарында Тәжік-Ауған арасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзету бойынша жауынгерлік тапсырманы орындау барысында заңсыз қарулы топпен болған қарулы қақтығыста өзінің командирін қорғап жүріп, қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырхановтың ерлігі шекарашылардың жаңа тарихына алтын әріптермен жазылды. Өзі туған өлкеде, қарт Алтай баурайындағы шекара заставаларының бірі бұл күндері Раджанның атымен аталған.
Жақында ғана баспаханадан «Отанының алғысына бөленгендер» деген кітапша басылып шықты. Бұл кітапшада қызмет атқару барысында қаза тапқан, әртүрлі мемлекеттік марапаттарға ұсынылған ІІ сатылы старшина Бақжан Ақылбеков, сержант Ардақ Қазиев, қатардағы жауынгер Ерлан Ниязов сияқты атпал азаматтарымыздың өмірбаяндарымен қатар, бейбіт күнде жауынгерлік орден-медальдарға ие болған көптеген офицерлерімізбен келісімшартты әскери қызметшілер туралы жазылған. Шекаралық бөлімшелерге ғана емес, бұл кітапшаларды шекара бойындағы елді мекендердің кітапханаларына, мектептеріне тарату ойда бар. Жас ұрпақ солардан үлгі алуы, соларға қарап бойларын түзеулері тиіс. Әрқайсысының өмірі мен қызметтері бір-бір кітапқа негіз болады. Ол кітаптар болашақтың еншісінде болуы, тіпті фильмдер де түсірілуі мүмкін.
Орайы келгенде айта кетейін, тек 2015 жылдың бірінші жартысында ғана жауынгерлік міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарап, ерекше бастамашылдықпен көзге түскен 3427 шекарашы әртүрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда:
Мемлекеттік наградалармен – 4 әскери қызметкер;
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 1;
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 1;
«Epлiгi үшiн» медалімен – 1;
«Жауынгерлiк epлiгi үшiн» медалімен – 1 адам;
Мекемелік наградалармен – 3423 адам, олардың:
«Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен – 4-і;
«Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен – 2-і;
«Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен – 89-ы;
1, 2 және 3 дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалдарымен – 1840-ы:
1, 2 және 3 дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медальдарымен – 1104-і;
2 дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» кеуде белгісімен – 259-ы.
Мақтау қағаздарымен және алғыстармен 125 шекарашы офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілері марапатталды. Бұлар – Шекара қызметінің дамуы мен жан-жақты қамтамасыз етілуіне лайықты үлес қосып, шекаралық қауіпсіздікті сақтауға күш-жігерлерін аямай жұмсап жүргендер.
– Әдеттегі сұрақ, кәсіби мерекеге қандай жетістіктермен келдіңіздер? Болашаққа деген жоспарларыңыз қандай?
– Кәсіби мерекемізге біз төмендегідей нәтижелермен жеттік:
• шекаралық кеңістікте құқықбұзушылықтың 11645 дерегі анықталды, олардың 227-сі шекара бұзушылық бойынша;
• анықталған шекаралық режим-
нің бұзылу дерегі – 1966 жағдай, өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 6,3 есе көп;
• контрабандалық тауарларға 672 рет тосқауыл қойылды, бұл өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 60 пайызға артық десек, бұл деректердің 145-і есірткі заттарына байланысты. Героин деген тажалдың
58 келісі ұсталып, жойылды. Бұл өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 59 пайызға көп.
2015 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген Шекара қызметін дамыту мен Мемлекеттік шекараны жан-жақты қамтудың орта мерзімге арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша міндеттерді кезең-кезеңімен орындауға бел шеше кірісіп кеттік. Бұл үшін Үкімет, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы тарапынан Қаржы министрлігіне қомақты қаражат бөлу туралы тапсырма да берілді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен келісе отырып, қоғамның шекара қызметіне деген сенім деңгейін көтеруге бағытталған жоспары бекітілді.
Қол жеткізген жетістікке масайрап, тоқмейілсіп қалуға болмайды. Жұмыс көп. Ең бастысы – ел тыныштығын қамтамасыз ету.
– Енді шекарашылардың әлеуметтік жағынан қорғалу мәселесіне тоқтала кетсеңіз. Бұл бағытта қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Шекарашыларды үй-жаймен қамту мәселесі қазіргі уақытта өзекті мәселе. 2000-нан астам адамды қызметтік тұрғын-жаймен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Өскемен қалаларында әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін тездетіп шешу керек.
Шекара қызметін дамыту және Қазақстан Республикасының мемлекет-тік шекарасын жайландыру аясында 2016-2017 жылдар аясында 212 пәтер алу көзделіп отыр. 2016 жылы 103 пәтер, 2017 жылы 109 пәтер.
2015 жылдан бастап жабық әскери қалашықтарда тұрып жатқан, еңбек өтілі 20 жылдан асатын әскери қызметшілерге ақшалай қаржы өтемін беру жоспарланып отыр.
Осы жылдың басынан бері қарай Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, 57 әскери қызметшіге өздері тұ-рып жатқан жайлары тегін берілді.
Тұрғын-жайларды мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан коммуналды меншікке беру жұмыстары жалғастырылуда, осы мақсатта 56 пәтердің құжаттары ҰҚК әскери-техникалық қамтамасыз ету департаментіне жіберілді. Бұдан басқа, 7 нысанның құрылысын салу жоспарланып отыр, олар: «Шемонаиха», «Бурас», «Уба», «Қайрат», «Сазды» шекара заставаларының кешендері және «Келес», «Буркотово» шекара комендатуралары.
– Биылғы жылдың мамыр айында Қырғыз Республикасы Кедендік одаққа, тамыз айында Еуразиялық экономикалық одаққа енді. Осыған байланысты қазақ-қырғыз шекарасында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Әрине, өзгерістер болады, дегенмен олардың басым көпшілігі кедендік қызметке байланысты. Бұл мәселені шешуде біздің айтарлықтай тәжірибеміз бар. Бұған дейін осыған ұқсас жағдайды қазақ-ресей шекарасында кездестіргенбіз. Сондықтан ешқандай да қиындық болмайды деп санаймын.
Шекара қызметі бұрынғы тәртiпте жұмыс істей береді. Біздің негізгі міндетіміз – шекарамызды контрабандалық тауар айналымнан қорғау, есірткі өткізуге тырысатындарды анықтау, заңсыз миграция жолымен өтуге әрекеттенетіндердің жолын қию болып табылады.
Ал қазіргі уақыттағы жағдайды сипаттайтын болсам, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазақ-қырғыз шекарасында контрабандалық ұмтылыстар айтарлықтай белсенділік танытып отыр. Қырғыз Республикасы Кедендік және ЕАЭ одаққа енген кезде, заңсыз тауар айналымын жасауға әрекеттенетіндердің саны айтарлықтай азаяды деп болжап отырмыз.
Бұдан басқа, осы айтылған участок арқылы әсері өте күшті есірткі (героин) заттарын елімізге енгізуге тырысатындар, одан әрі Ресейге, Еуропа елдеріне алып өтуге тырысатындардың негізгі жолы болып табылады. Сондықтан қырағылықты бір сәт те жоғалтуға болмайды.
Жалпы айтқанда, Шекара қызметі бұл істе өзінің міндеттерін ойдағыдай атқарып отыр. Жоғары бас қолбасшы қойған тапсырманы шекарашыларымыз қажетті деңгейде орындайды деп сендіремін.
– Директор мырза, алдағы келе жатқан мерекелерге орай әріптестеріңізге, ардагерлерге, олардың отбасы мүшелеріне қандай тілек айтасыз?
– «Бұрынғы шекарашы» деген болмайды. Шекара қызметі қатарында мерзімін өтеген бұрынғы сарбаздарға да, Мемлекеттік шекараны күзетіп жүрген бүгінгі шекарашыларға да зор табыс, баянды бақыт, мықты денсаулық және олардың отбасы мүшелеріне амандық-саулық тілегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
«Айқын» газеті