ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.) НЕМЕРЕСІМЕН ДИАЛОГЫ
Әбу Ханифа Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) немересі – Мұхаммед Бакирмен алғашқы рет Мәдина қаласында жолыққанда, Мұхаммед Бакир:
– Сен Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінін, хадистерін қиястан төмен санайды екенсің, солай ма? – деп сұрайды. Әбу Ханифа :
– Құдай сақтасын, бұлай болуы мүмкін емес? – дейді. Сонда Мұхаммед Бакир:
– Мүмкін өзгерткен шығарсың?
– Мұндай жаладан Аллаға сыйынамын. Сіз өзіңіздің деңгейіңізге лайық орынға отырыңыз, мен де өз орныма отырайын. Шын мәнінде, мен сізді сахабалар өз арасында атаңызды (Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қалай құрметтеп сыйлағанындай құрметтеп, сыйлаймын» деп құрмет көрсетті. Осыдан кейін Мұхаммед Бакир тізе бүкті. Әбу Ханифа оның алдында жүрелей отырып оған:
– Сізге үш сұрағым бар, соған жауап бересіз бе? – деп оның келісімін алған соң сауалдарын қойды.
– Әйел әлсіз бе, жоқ еркек пе? Мұхаммед Бакир:
– Әйел.
– Әйелдің атадан қалған мұрадан үлесі қанша?
– Ер кісі екі пай алса, әйел бір пай алады.
– Бұл атаңыз Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзі емес пе? Егер мен дінбұзар болсам, қияс жолымен ер кісінің үлесін бір, ал әйел кісінің пайын екі есеге арттырар едім. Өйткені, әйел заты әлсіз, табыс табу мүмкіндігі аз, ал ер кісінің әйел затына қарағанда күш-қуаты мол. Еңбек етіп, мол табыс таба алады. Бірақ, мен қияс жасамаймын, аят пен хадис болса, осылармен амал қыламын.
– Ең абзалы намаз ба, әлде ораза ма?
– Намаз.
– Атаңыздың айтқаны осылай. Егер мен оның дінін бұзған болсам, әйел хайыздан (етеккірден) тазарғаннан кейін намазының қазасын өтеуге әмір берер едім. Оразасының қазасын өтеттірмес едім. Бірақ, мен осындай жолмен, яғни, қияспен өзгеріс енгіздім бе?
– Зәр лас па, әлде ұрық па?
– Әрине, зәр лас.
– Егер мен атаңыздың дінін өзгерткен болсам, зәрмен былғанған денені бастан-аяқ жуындырып, ғұсыл алуды, ал ұрық бөлінген адамға тек дәрет алуды бұйырар едім. Бірақ, мен хадиске теріс көзқарасымды таңып, қияспен Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінін өзгертуден аулақпын. Дінде мұндай өзгеріске жол беруден Алла бізді сақтасын! – дейді.
Осыдан кейін Мұхаммед Бакир орнынан тұрып, Әбу Ханифаны құшақтап, маңдайынан сүйді .