Адам қайтсе адам болады?
Адам қалай қылғанда адам болады? Ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезімен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, палуан жолбарыс білекті болып келсе, досы көп болып, дұшпаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі табылады. Бұл екі хайуанның мінезінен шапағат табылады. Қазақта мақал бар: «Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген. Оның мәнісі – қарға біреу көріп қоймасын деп жалтақтап, табанымен басқаны – жасырғаны. Сұңқар өзінің жегенін мақсат қылмайды, басқаға пайдам тисін, сарқытымды кім болса, сол жесін деп, жан-жағына шашып отырады екен. Сондай болғаны үшін қазақ мақал сөзінде: «Қарғаға балшық, сұңқарға талшық» делінеді. Бұл сөзден насихат табылады. Бал жинайтын ара қандай ұя жасайды... Адам «мен дәнеңе білмеймін» деп қарап отырмай, өнерге тырысу керек. Қазақ мақалында бар: «Өнерлі өрге жүзеді» деген.
Мысық бір тышқан алып жесе, аузы-басын сүртіп, жаланып, өзін-өзі таза ұстауға тырысады. Сол үшін оның өзі арам емес, тазалықты мұнан ғибарат алуға жарайды. Кішкененің қайраттысы мысық. Өзі кіп-кішкентай болып, зор нәрседен қорықпайды. Қараңғы түнек жерге хайуаннан қорықпай жетіп баратын – мысық.
Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын. Зеректігі байғыздай болсын. Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын. Бұлай дегені – басқан ізін білдірмей, жүрген ізімен кісіге сездірмейтін болсын дегені. Орнына қарай мінез қылсын. Сонда адам болып, адам қатарына кіреді...
Адам мінезді қайдан үйренсем десе керек. Түйе деген малдан ғибрат алса керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды. Көзіне көрінгенді қорек қылып еш нәрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіш те, сондай көнгіш бола, шөгерсе де, шөгіп жатады. Түн болса, байлап қойған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз-ақ құмар нәрсесі тұз болады. Тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақта мақал бар: «Түйе тұзға тоқтайды, жігіт қызға тоқтайды». Және бір мақал бар: «Тұз десе, түйе тұтпайды, төркін десе, қыз тұтпайды».
... Жапалақ деген құс болады. Өзі жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып, бала қылып ұшырады. Бәрін бірден бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын деп. Өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса бір тышқан алады, алмаса –алмай қалғаны. Сонда да құстың сезімі болады. Себебі қанағаты мол болғаннан. Адам қанағаты содан ғибрат алса керек.
Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЕВ