Адамзат діннен бас тартуы мүмкін бе?

Адамзат діннен бас тартуы мүмкін бе?

Әлемде атеистердің саны көбейіп жатыр. Бұған қарап болашақта Құдайға деген сенім өздігінен жоғалады деген болжам жасауға бола ма? Британдық ВВС-дің журналистері осы сұраққа жауап іздейді. Біз осы материалды еркін әрі ықшамдай аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Құдай жоқ, о дүние деген бекер, өлгеннен соң бәрі бітеді деп ойлайтындар күннен күнге көбею үстінде. Пессимизмге тола екеніне қарамастан, осындай көзқарастың әлемде таралып бара жатқанын мойындау керек. Кей елдерде тіпті өзінің атеист екенін жария ету сәнге айналғандай. 57 елде 50 мыңнан аса адамға сауал қойған Гэллап халықаралық зерттеу орталығы Құдайға сенетіндердің саны 2005 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта 77%-дан 68%-ға төмендегенін анықтады. Ал атеистер 3 пайызға артыпты – құдайсыз өмір сүретіндер әлемде 13%-ға жеткен. Мамандардың айтуынша, жалпы саны жөнінен де, үлесі бойынша алғанда да атеистер жер бетінде бұрын-соңды мұншалық көп болмаған көрінеді.
Әрине, олар жақын арада басым көпшілікке жете қоймас. Бірақ үрдістің өзі күндердің бір күнінде адамдардың түгелдей діннен бас тартатынын білдіре ала ма?
Болашақты дәл болжау мүмкін емес. Дегенмен, адамдардың неліктен дінге келетіні немесе одан бас тартатыны жайлы мағлұматтар негізінде алдағы уақытта адамдардың дінге деген көзқарасы қалай өзгеретіні туралы жорамал жасауға болады.
Адамдардың дінге ден қоятын себебі, дін адамның көңілін жайландырады, дін ұстайтын адамда бір қауіпсіздік сезімі болады дейді ғалымдар. Сол себепті негізінен экономикалық, саяси және тұрмыстағы қауіпсіздік мәселесі мүмкіндігінше шешілген елдердің тұрғындары Құдайдан бас тартып жатыр. Мұнымен қатар қоғамда капиталистік жүйенің орнауы, технология мен білімнің дамуы да адамдардың діншілдігінің төмендеуіне апарып соғатынын айтады зерттеушілер.
Дін дағдарысы
Жапония, Ұлыбритания, Канада, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Чехия, Эстония, Германия, Франция және Уругвай – осыдан жүз жыл бұрын ғана бұл елдердің бәрінде діннің алатын орны ерекше еді. Ал қазір Құдайға сенетіндердің үлесі жөнінен әлемде ең төменгі көрсеткіш осы елдерде. Және бұлар – білім беру ісі жақсы жолға қойылған, халқының тұрмыс деңгейі жоғары, теңсіздік проблемасы шешілген мемлекеттер. Яғни, онда тұратын халықтар тірліктің қиындығынан қорқатын жағдайда емес. Тұрғындарының басым көпшілігі Құдайға сенетін Бразилия, Ямайка, Ирландия сияқты елдердің өзінде жұрттың діннен бас тартып жатқанын байқауға болады. Бұл санатқа бәлкім, Иран ғана кірмейтін шығар. Бірақ ондағы жағдай туралы да кесіп айту қиын, өйткені, Иранда Құдайға сенбейтіндер болса, олар оны ашық білдіре алмайды.
АҚШ-тағы ахуал өзгеше. Өзі әлемдегі ең бай елдердің бірі, алайда діндарлардың үлесі өте жоғары. Дегенмен, соңғы зерттеулер өзін атеист санайтын американдардың үлесі 2007-2012 жылдар аралығында 1,6%-дан 2,4%-ға көбейгенін көрсетті.
Британ Колумбиясы университеті әлеуметтік психология маманы, «Үлкен құдайлар» кітабының авторы Ара Норензаянның айтуынша, діншілдік деңгейінің төмендегені оның жоғалатынын білдірмейді. Неге? Иә, адамның өмір сүру ортасы қауіпсіз болған сайын діншілдігі де нашарлайды дедік. Алайда, сол қауіпсіздік өзі алдамшы емес пе? Бәрі аяқасты өзгеруі мүмкін: жақын адамыңызды машина қағып кетуі, қаланың сел астында қалуы немесе өзіңіздің жазылмайтын ауруға шалдығуыңыз. Егер болашақта климаттың өзгеруіне байланысты планетамыз түрлі табиғат апаттарына ұшырап, жерасты байлықтары түгесіліп жатса, ол халықтардың діни сезімінің қайта күшеюіне түрткі болуы әбден ықтимал. «Адам қайғы-қасіреттің болмауын қалайды. Ал басына түсіп жатса, оның да бір мағынасы бар екенін түсінгендей болады. Неге екенін, басына ауыртпалық түскен адам ол қайғының мағынасын діннен – басқа құндылықтар емес, діннен тауып жатады» дейді Норензян. Мұны ауруханалардан, апат аймақтарынан байқауға болады. Мысалы, 2011 жылы Жаңа Зеландиядағы халқының көбі Құдайға сенбейтін Крайстчерч қаласында қатты жер сілкінді. Және осы апаттан кейін мұндағы адамдардың көбі дінге қайтып оралды. Ал елдің апаттан аман аймақтарында мұндай өзгеріс байқалған жоқ. Бұл да ылғи орындалатын қағида емес. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияда дін ұстайтындардың саны күрт төмендеп кетті. Алайда, егер аласапыран апаттар үнемі адамдардың діннен бас тартуына соғып отырса, жер бетінде Құдайға сенетін адам қалмас еді дейді зерттеушілер.
Ақыл ма, интуиция ма?
Мейлі, әлдебір ғаламаттың күшімен жер бетінде бәле-жала деген нәрсе болмайтын заман орнай қалған күннің өзінде дін бәрібір мүлдем жойылып кетпес еді. Себебі, эволюцияға байланысты адам баласының нейропсихологиясында Құдайға ерекше орын берілген. Мұны жақсы түсіну үшін «екі процесс теориясын» білу керек. Оған сәйкес, адамда ойланудың негізгі екі формасы бар. Оларды №1 жүйе және №2 жүйе деп атаймыз. №2 жүйенің бізде дамығанына аса көп уақыт болған жоқ. Бұл логикамен ойланып, іс-әрекетімізді жоспарлауға мүмкіндік беретін ақыл-ойымыз, ішкі даусымыз. Ал №1 жүйе интуицияға, инстинктке және автоматизмге негізделген сақталу механизмі. Соның арқасында біз бұзылған еттен жиіркенеміз, ана тілімізде ойланып жатпастан сөйлейміз, ал балалар ата-анасын таниды, жанды мен жансызды ажырата алады. Кей ғалымдардың пікірі бойынша, діннің дамып, таралуына итермелейтін де осы №1жүйе.
Тән мен ақылды біртұтас емес, екі бөлек нәрсе деп қарауға бейім екеніміз белгілі. Бұл ерте басталатын үрдіс. Өскен ортасының қандай екеніне қарамастан, кішкентай балалардың өзі жанның өлмейтініне сенеді. Бұл дүниеге келмей тұрғанда да бір жерде болғанбыз, кейін де бола береміз деп ұғады. Мұндай түсінік кең таралған діндердің бәрімен жақсы ұштасады. Немесе шығармашылық қорыту нәтижесінде жаңа діни концепцияларға негіз болады.
«Мамандығы психолог, өз атеист бір әріптесім бар, соған үш жасар қызы келіп: «Құдай әр уақытта, әрқашан бар» депті. Ол әйелі екеуі қызына мұндай ойдың қайдан келуі мүмкін екенін түсіне алмай бастары қатады» дейді «Тумысынан Құдайға сенушілер» кітабының авторы Джастин Баррет. «Ол қыз Құдайды кәрі әйел кейпінде көреді екен. Мұндай ұғымды оған священниктердің беруі мүмкін емес қой».
Осы айтылған нәрселердің бәрін қорыта келе ғалымдар «Дін адамның когнитивті бейімдіктерінің нәтижесі ретінде пайда болды» деген тұжырым жасайды.
Әдет – екінші табиғатымыз
Адам өзін бір үлкен нәрсенің бөлшегі ретінде сезінгенді жақсы көреді. Өмірдің мәні болғанын қалайды. Белгісіз нәрсенің бәрінен мағына көруге тырысамыз. «Білімі молайып, ғылыммен танысып, сыни көзқараспен қарауды үйренген соң адамдар бәлкім интуицияға сенуді доғара бастайтын шығар. Соның өзінде интуиция жоғалмайды, қала береді» дейді Норензаян. Иә, қоршаған ортаны танып-білу үшін атеистердің көбі ғылымды пайдаланады. Бірақ ғылымды қабылдаудың өз қиындықтары бар. Ғылымның міндеті – интуиция мен инстинкт арқылы бұрмаланған нәрселерді түзету. Өзіміз ешқашан сезбейтінімізге қарамастан, бізге Жердің айналып жатқанына сенуге тура келеді. Ғылым бізді ғаламның түпкі мақсаты және мағынасы жоқ екенін мойындауға мәжбүр етеді, алайда, интуиция мұнымен келіскісі келмейді. Осыған дейінгі іс-әрекеттеріміздің көпшілігі қате әрі объективті емес екенін мойындау біз үшін қиын. Бірақ жаңа деректер табылуына орай ақиқат туралы ойларымыздың да үнемі өзгеріп отыратыны рас қой. «Когнитивтік тұрғыдан алғанда ғылым табиғатымызға жат, сол себепті де оны қабылдау қиын. Ал дін қабылдауды қажет етпейді, өйткені, дін онсыз да біздің табиғатымызға жақын» дейді Атлантадағы Ми, ақыл және мәдениетті зерттеу орталығының жетекшісі, «Дін неге етене, ал ғылым неге жат» кітабының авторы Роберт Макколи.
Ал Джастин Барреттің айтуынша, Құдайдың бар екендігі туралы әңгімелерге берілу – адамның ішкі қарсылығын көп туғызбайтын жол екенінің нақты дәлелдер бар. Діннен мүлдем бас тарту адамилықтың мәнісін өзгертуді талап етеді. Осы биологиялық ерекшелікті мынандай деректермен дәлелдеуге болады. Американ халқының 20%-ы ешқандай шіркеуге жатпайды. Бірақ дәл осы ешбір шіркеуді мойындамайтындардың 68%-ы бәрібір Құдайға сенетіндерін айтады. Яғни, ешбір ұйымдасқан дінге кірмесе де адамдар әлемді бір жоғарғы құдырет билеп тұр деп ойлайды.
Және көп адамдар Құдайға сенбейміз дейді, сөйте тұра ырымшыл болып келеді, мысалы олар елеске, жұлдыздарға қарап болашақты болжауға сенеді. «Скандинавия жұртының көпшілігі Құдайға сенбейді. Бірақ ол жақта ырымшылдықтың, тылсымға қызығушылықтың күшейгені анық байқалып отыр» дейді Норензаян. Сосын атеистер көп жағдайда діннің орнын толтыратын бір құндылықтарды тауып алып жатады. Мысалы, спорт командаларын қолдау, йога, табиғат-анаға етене болу сенімі сияқты. Ал АҚШ-та дұғалап оқытуға (черная магия) қызығатындардың, Ұлыбританияда пұтқа табынушылардың қатары тез көбейіп жатыр.
Құдайға сенбесе де, адамның дінге жақын болатыны басқа да жолдармен көріне береді. Антрополог Райан Хорнбектің айтуынша, World of Warcaft ойынына берілген кейбір қытайлардың осы ойыннан бір рухани мағына тапқаны дәлелденіп отыр. «Бұл ойын қазіргі қоғамда жоқ әлдебір ізгі қасиеттерді дамытуға мүмкіндік беретіндей. Сірә, адамдардың санасында құдай, о дүние туралы ойларға арналған кеңістік бәрібір болады. Діннен толтырылмаған күннің өзінде ол жолын тауып өзін көрсетеді» дейді Барретт.
Топ ішінде болу
Дін топ ішіндегі бірлікті, ұйымшылдықты нығайтатыны қашаннан белгілі. Құдайдан қорқу көне қоғамдарда тәртіпті сақтаудың бір жолы болған. «Бұл жоғарыдан келетін жаза туралы гипотеза. Ол жазаның барына бәрі сенетін болса, бұл сенім топтың ұйымшыл болуына көмектеседі» дейді Аткинсон. Жаңа Зеландиядағы Веллингтон университетінің қызметкері Джозеф Бульбулия бастаған ғылыми топ аз уақыт бұрын әлемдегі 600-ге жуық дәстүрлі қоғамдарға зерттеу жүргізіп, олардың діни жүйесін сараптады. Және қай аймақта ауа-райы қатал, табиғат апаттары көп болса, тиісінше ондағы діннің де қатаң келетінін анықтады. Мұнда не сыр бар? Себебі, апат кезінде адамдардың ұйымшылдығы, жақын адам үшін жанқиярлығы шешуші роль атқарады, ендеше ол жерде діннің қоғамдық өмірде алатын ерекше болады. Кез келген халықта діннің орны маңызды екенін түсіндіре алатын бір нәрсе бар. Ол діннің қашан да, қай жерде де адамдар арасындағы ынтымақты жолға қоюдың басты құралы болғаны.
Діннің адам табиғатына жақындығы қарапайым математика да түсіндіріп бере алады. Қай қоғамды қарасақ та атеистерге қарағанда діндар адамдар көп балалы болып келеді. «Оның дәлелі өте көп. Тек Құдайға сенетіндерді ғана қарастырар болсақ, солардың ішінде біршама либерал семьяларға қарағанда, ортодоксал отбасыларда балалар көбірек дүниеге келеді» дейді Норензаян. Ал енді дін мәселесі бойынша баланың көбіне ата-ананың жолымен жүретіні белгілі. Олай болса, жер бетінде діннің жойылуы мүмкін емес деуге болады.
Нық сенім
Осындай психологиялық, неврологиялық, тарихи, мәдени және тұрмысқа байланысты себептерді ескере келе ғалымдар діннің жойылатынына сенбейді. Түп негізі мейлі қорқыныш болсын, мейлі қайырымдылық болсын, дін адам санасынан терең орын алған. Әйтпесе, дін атаулы баяғыда-ақ жойылған болар еді.
Христиан дінін, исламды, индуизмді, басқа да наным-сенімдерді айтпағанда, халықтардың ырымшылдығы, елестерге деген сенімі бәрібір қала береді, сірә. Ал егер жаһандық апат бола қалса, оның әсерімен діннің де ықпалы күрт күшеюі мүмкін. Ең жақсы, ең әділетті зайырлы мемлекеттің өзі азаматтарын барлық бәледен сақтай алмайды. Әлдебір экологиялық апат, ядролық соғыс немесе комета анық қатер төндіре қалса, адамзат бірден Құдайды еске салып, одан рақым тілейтін болады.
Басына қасірет түскен адам жұбаныш қылатын бір нәрсенің болғанын қалайды. Ал көпшілік өлімнен кейін өмір бітпейтініне, адамды жақсы көретін бір күш бар екеніне сенгісі келеді. Құдайға сенетіндер қашан да болады. Тіпті олар үнемі басымдыққа ие болып қала беруі мүмкін. Дін мәселесін зерттеуші ғалымдар осындай тұжырым жасайды.
Дайындаған Ержан Әбдіраман
"Социал-демокарт" газеті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста