АДАМЗАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ДІНІ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?
Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид[1] діні. Себебі Хазіреті Адам ата адамзаттың алғашқысы, әрі алғашқы пайғамбары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла Тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді.
Хазіреті Адам (а.с.) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін – «Таухид» діні пайда болды.
Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, шайтанның алдап-арбауымен таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Өйткені, Аллаға құлшылық етпек ниетімен түрлі нәрселерге табынған адамдар қалайша бұрыс жолға түскендіктерін аңғармай қалады.
Бірақ, адамдар таухид дінінен шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші бір елшісін жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура, шынайы жолға шақыртып отырады.
Ислам адамзаттың алғашқы діні жайында айтылған жоғарыдағы келтірілген тұжырымдармен келіспейді. Алайда, ара-кідік болса да, Алланың шынайы дінінен шығып, өз беттерінше жаңа бір діни сенім мен құдай жасап алған тайпалардың болғандығы рас.
Бірақ, бұл жерде олардың бәрі дерлік таухид (бір құдайлық) дінінен кейін пайда болғанын ескеру керек.
Хазіреті Адам атадан кейін уақыт өткен сайын адамдар арасында әр түрлі көзқарастар туды. Шынайы ұғымдар бұрмаланып, соның салдарынан түрлі діндер және бір діннің өз ішінде әр түрлі ағымдар пайда болғаны тарихтан мәлім. Имандылықтан ажырау, оның шарттарын шала түсіну ұрпақтың болмыстық, иләһи дінінің жоғалуына алып келді. Әуесқойлық, дүниеқорлық, сауыққойлық сияқты жеңіл, келеңсіз құбылыстар көбейді.
Адам Жаратушы Ие алдындағы жауапкершілігін, қорқынышын жоғалтып, өзіне «Құдай» жасап алып сиынды. Діннің орнына әр тайпада, әр елде өзіндік сенім, тек өзінің мақсат-мұратына жету үшін жасалатын әрекеттер пайда бола бастады. Дінге ешқандай қатысы жоқ бақсылық, балгерлік, шамандық, сиқырлық сияқты құбылыстарға да сенім күшейіп, адамдар имандылықтан қиянатшылық жолына ауыса бастады.